Өркениетті қоғамда халықтың қолайлы өңірге қоныс аударуы – қалыпты үрдіс!
Н.НАЗАРБАЕВ
Халықтың әл-ауқаты мен жағдайы Мемлекет басшысының назарынан тыс қалған емес. Елбасының жыл сайынғы Жолдауларына көз жүгіртсек, әлеуметтік қамсыздандыру жұмысын жандандыруға нақты тапсырмалар беріліп келеді. Сондай-ақ «Еңбек» нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған бағдарламасы халықтың жұмыс көзі тапшы, қолайлы аумаққа көшуіне мүмкіндік тудырып отыр.
Осы бағдарламаның «Еңбек ресурстарының ұтқырлығын арттыру» бағыты бойынша аудан тұрғындарын жұмыс күші аз Солтүстік, Шығыс Қазақстан және Павлодар, Қостанай облыстарына көшуге ынталандырып, ерікті қоныс аударуға шақыру мақсатында бос жұмыс орындар жәрмеңкесі өткізілді.
Алғашқы сөз тізгінін алған аудан әкімі Нұрлан Тәжібаев кез келген ынтасы бар маңғыстаулықтар мамандығына сай тұрақты жұмыс, көңілге қонымды жалақы мен тегін үй ұсынып отырған Солтүстік, Шығыс Қазақстан облыстары мен Павлодар, Қостанай облыстарына көшуге мүмкіндігі бар екенін жеткізді. Аталған бағдарлама аясында 2017 жылы Мұнайлы ауданынан 5 отбасы, яғни, Палодар облысының Ақтоғай ауданына 1 отбасы, Успенка ауданына 2 отбасы, Қостанай облысы, Наурызым ауданына 1 отбасы, Қостанай қаласына 1 отбасы қоныс аударса, 2018 жылы Павлодар облысының Ақтоғай ауданына 1 отбасы көшкенін айтты. Сонымен қатар бұл шара осы жұмысты жалғастыру мақсатында ұйымдастырғанын тілге тиек етіп, аудан тұрғындарын жәрмеңкеге белсене қатысуға шақырды.
Шараға көшуге ниетті 200-ге жуық тұрғын қатысып, Солтүстік, Шығыс Қазақстан және Павлодар, Қостанай облыстарынан келген өкілдері жеке-жеке қабылдады. Олар қоныс аударуға ниетті азаматтарға мемлекет тарапынан көрсетілетін қолдаулар туралы айтып, түсінік жұмыстарын жүргізді.
Гүлнара ТАСБОЛАТОВА
ТАҒЫ ОҚЫҢЫЗ: 7 жасар Диас теннистен турнир жеңімпазы