«Даму» кәсіпкерлікті дамыту қорының Маңғыстау облысы бойынша аймақтық филиалында «Даму-Көмек» бағдарламасы аясында мүмкіндігі шектеулі кәсіпкерлерге демеушілік көмек көрсетіліп келеді. Бұл игілікті істің ойдағыдай жүзеге асуына «Ақ жол құрылыс» ЖШС, «СМК-Атамекен» ЖШС кәсіпкерлері ат салысуда.
Жақында «Даму» филиалында өңіріміздің он бір мүмкіндігі шектеулі кәсіпкерлеріне қажетті құрал-жабдықтар табысталды. Филиалдың кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығының менеджері Ордабек Орынғалиев кәсіпкерлерге өздерінің тапсырысы бойынша сатып алнған жабдықтарды тапсырып, жұмыстарына табыс тіледі.
Демеуші кәсіпорын «Ақ жол құрылыс» ЖШС бас директорының орынбасары Әмірбек Төлегенов денсаулығының жоқтығына қарамастан өз кәсібін ашып, еңбек етіп жүрген жерлестеріне жылы лебізін жеткізді.
Бұл күні жеке кәсібінен нәсіп табуды мақсат тұтып, жұмысына керек-жарағын алғандардың бірі—2-топтағы мүгедек, ақтаулық Ақзер Абдрахманова. Ол балаларға кеңес беру қызметін көрсететін медициналық кабинеті үшін инвентарьлар алды. Балалық шақтан 3-топ мүгедегі, Ақтау қаласының тұрғындары Әлия Әміртаева, 3-топтағы мүгедек Эльвира Екимова, 3-топтағы мүгедек Дина Бабышева тігін машинкаларға ие болды. Шағын баспахана ашуды көздеген ақтаулық Азат Есіркеповке (балалық шақтан 2-топ мүгедегі) принтер, кресло және вирусқа қарсы бағдарлама тарту етті. Түпқараған ауданының Ақшұқыр ауылының тұрғыны, 2-топтағы мүгедек Ақберді Тоғжановқа ет және сүт өнімдерін сақтайтын мұздатқыш берілді.
Демеушілер қолдауына разы болған кәсіпкерлер шекіз алғыс айтты. Ал «Ақ жол құрылыс» ЖШС мен «СМК-Атамекен» ЖШС-не «Даму» қорының басқарма басшысы Абай Сарқұловтың атынан Алғыс хат тапсырылды.
Валентина ҚОЗЫБАҚОВА
[gallery td_select_gallery_slide="slide" ids="48984,48983,48985,48986"]