Мұнайлы ауданында ауыл жастарының фестивалі өтті
[ 2019 ] 3 мамыр, 10:48 | Мәдениет
1 Мамыр – Қазақстан халықтарының бірлігі мерекесіне орай Мұнайлы ауданындағы ауыл, ауылдық округтерде «Тыныштық – тілегіміз, тұрақтылық - тірегіміз» тақырыбында ІV жастар фестивалі өткізілді. Бұл шара 23 сәуір мен 30 сәуір аралығында ауданның барлық ауылдарында өтті.
Қазақстан – көп ұлтты мемлекет. Осы ұлттардың ынтымақтастықпен, бірлікпен, тең құқықпен өмір сүріп жатқандығының айғағы ретінде және оны үлгі етіп, әр халықтың салт-дәстүрлерін көрсету арқылы ауыл жастарының бірлігін арттырып, олардың жаңа қырларын ашу мақсатында өткен фестиваль өз мәресіне жетті.
Шараның қорытындысы бойынша Баянды ауылы бас жүлдені жеңіп алды. І орынды Басқұдық ауылы қанжығасына байлады. ІІ орынды Дәулет ауылы, ІІІ орынды Атамекен, Батыр ауылдары иеленді. «Үздік жүргізуші» номинациясын Маңғыстау ауылынан Ермек Қоңырбаев, «Ең үздік ұлттық киім» номинациясын Батыр ауылы, «Ең үздік көрме» номинациясын Атамекен, «Ең үздік ұлттық дастархан», «Ең үздік сахналық көрініс» номинацияларын Қызылтөбе ауылдық округі, «Ең үздік ұйымдастырушы» номинациясын Басқұдық ауылдық округі иеленді. Жүлделі орын иелеріне қомақты сыйлықтар табысталды.
Ауыл жастарының фестивалі Маңғыстау ауылындағы №11 орта мектепте өткізіліп, іс-шараға қатысушылар татар ұлтының салт-дәстүрлері мен ұлттық болмыстарын насихаттады. Аудандағы жаңа таланттарды анықтау мақсатында Мұнайлыда дәстүрлі түрде өткізілетін бұл фестивальде №8 жалпы білім беру орта мектебінің оқушыларынан құралған «Шах» би тобы татар биін, Айгерім Шалмуханова татар әні «Алма агачларын» нақышына келтіре орындаса, «Алтын сақа» балабақшасының ұжымы «Сабантой» сахналық қойылымын қойды.
Бұл мереке халқымыздың Наурыз мерекесіне өте ұқсас. Мереке күні татарлар әдемі ұлттық киімдерін киіп, бір-бірін игі тілектермен құттықтап, ұлттық тағамдарын әзірлеп, ұлттық ойындарын, билерін билеп, мәре-сәре болды.
Фестивальде №1 орта мектеп ұжымы татар ұлтының ұлттық киімдер дефилесін көрсетті. Бұл шараға балабақша тәрбиеленушілері де қатысып, татар ұлтының өзіндік ерекшеліктерін паш етті.
Атамекен ауылдық округі – өзбек ұлты
«Тыныштық–тілегіміз, тұрақтылық–тірегіміз» тақырыбындағы ауыл-ауылда өткізіліп келе жатқан фестиваль Атамекен ауылында жалғасты.
Әр ұлттың мәдениеті мен өнерін көрсететін бұл байқау 2016 жылдан бастау алды. Міне, осы жылдан бері жыл сайын қазақ халқының түрлі ұлт өкілдерімен достастығын көрсету мақсатында барлық ауыл аянып қалған емес.
Атамекен ауылы көршілес өзбек халқының өнерін көрсетті. Мектеп фойесіне өзбек ұлтының қол өнер бұйымдарынан, ыдыс-аяқтарынан көрме жасақтаған. Сонымен қатар ұлттық тағамдары таныстырылды.
Ал акт залында осы ұлттың келін түсіру, қыз ұзату салттары көрсетіліп, ұлттық билері мен әндері орындалды. Өзбек ұлтының киімдерінен дефиле көрсетті.
Баянды ауылы – қазақ халқы
Өзбек ұлтының мәдениетімен танысып, Баянды ауылына беттедік. Баянды ауылына жеребе бойынша өзіміздің қазақ халқы түскен болатын. №3 орта мектептің акт залында болған байқауға зал толы көрермен жайғасқан. Сахнада киіз үйдің керегесін керіп, сахнаны сәндеген.
Сахнаны киіз үймен көмкеруі, басқұрларын, шашақтарын іліп, шымылдықпен сәндегені, сандыққа жүк жинап қойғанының өзі иісі қазаққа жат дүние емес еді. Осылайша қазақтың жартылай тарихы мен күнделікті өмірін және қол өнерін де суреттегендей... Баянды ауылының барлық тұрғындары атсалысып, жыр-термесін жанды дауыста орындады. Қазақтың келін түсіру салтының беташар рәсімін, орамал салу, беташарда келіннің астына тері төсеу сынды барлық жөн-жоралғыларын көрсетті. Күмбірлете күйлерін орындап, жыр-термесін эстрадамен де жанды дауыста салып берді.
Көрме жасақталып, қазақтың теріден жасалған торсық, мес, зерен сияқты ыдыстары және теріге салынған суреттері қойылды. Құрақ көрпелері, тоқыма бұйымдары, ши тоқу сынды құралдары да қойылды.
Ұлттық тағамдарын көрсету бөлімінде дастархан жайылып, зерен ыдыстарға шұбат қойылды. Дастарханнан түйенің сүтінен жасалған балқаймақ, құрт және сиыр сүтінен жасалған ірімшік пен брынза қойылды. Жеті шелпегі мен бауырсағы да дастархан төрінен орын алды. Сонымен қатар астаумен ет тартылып, бас тарту – қай жілікті қандай қонақтарға берілу керектігі де түсіндірілді.
Дәулет ауылы – қарақалпақ ұлты
Дүйсенбі күні Дәулет ауылына барып, қарақалпақ ұлтына сапар шегіп қайттық. Мектепке кіре берісте қарақалпақтың домбырасымен әндетіп, фестиваль қонақтарын күтіп алды. Алдарынан көтеріңкі көңіл-күймен шығып, қарақалпақша жабылған тандыр нанын ұсынды.
Дәліз бойларына ою-өрнекпен сәнделген қазақтың басқұрына бұйымдар байланып тұрды. Жалпы қарақалпақ ұлтының тілі қазақ тіліне ұқсас келеді екен. Түрікмен, өзбек, татар, қазақ халқымен жақын орналасқандықтан киімдері, ұлттық тағамдары осы елдерге ұқсас келеді.
Бұл ауылда өзге ұлттардан ерекшелігі, ауыл әкімдігі, мектеп, емхана басшылығы – барлығы «Қарақалпақ» ұлтының ұлттық киімдерін киді. Қыз-жігіттер айтысын орындап, қыз-жігіттер сол ұлттың әндерін айтып, билерін биледі. Қарақалпақтың домбырасымен терме орындады. Дәулет ауылының барлық мекемелері ауызбіршілік танытып, бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып, қарақалпақ ұлтының мәдениетін, өнерін толық қанды көрсетіп шықты.
Жоғарыда айтып өткендей, қарақалпақ халқының ұлтық тағамдары да өзбек, қазақ, түрікмен елдерінің тағамдарына ұқсас келеді екен. Мысалы, жусай қосылған самса, жүгері күртік, ақ саулақ, балық карма талқан, тары, тандыр нан, көже қойылып, олардың жасалу жолдарымен таныстырып өтті.
Қызылтөбе ауылдық округі – қырғыз халқы
«Тыныштық – тілегіміз, тұрақтылық - тірегіміз» атты жастар фестивалі кезекті рет Қызылтөбе ауылындағы
№13 мектеп-гимназиясында ұйымдастырылды. Бұл ауылдың жоспарына қырғыз ұлтының мәдениеті мен салт-дәстүрін дәріптеу кірді.
Жоспар біз ойлағаннан жоғары болды. Іс-шараға жауаптылар қырғыз ұлтының болмыс-бітімін, әдеп-ғұрыптарын мейілінше дәл ұқсатуға тырысып бақты. Қазақтың қыз-келіншектері аталмыш ұлттың «Қыз ұзату», «Келін түсіру» дәстүрлерін көрініске салып, қырғыз этномәдени орталығынан арнайы келген Батырбек Джетимешов «Жас жұбайлар» әнін арнайы музыкалық аспапта жандата шырқап шықты.
Жалпы қырғыз халқы-шұғылалы мәдениетке ие ежелгі халық. Ержүрек те қайсар, қажырлы да парасатты, бостандыққа құмар ұлт. Қырғыздардың тыныс-тіршілігі мен дәстүрі бізге қатты ұқсас. Бешбармақ, шұжық, қуырдақ, қымыз сияқты тағамдар қырғыздар үшін де ұлттық тағам болып саналады. Ет, сүт тағамдары және ұннан жасалатын тағамдар қырғыздардың рационында кеңінен қолданылады. Қырғыз халқының да өздерінің мерекелері мен салт-дәстүрлеріне, ырымдарына байланысты дайындалатын тағамдары бар. Бұл шерне, жоро, сәбидің өмірге келуі, егін жинау және сол сияқты мейрамдар.
Қырғыздардың ұлттық киімдері ұзын әрі жабық, ару, аналардың көріктеріне көрік қосарлықтай екен. Әр ұлт өкілінің өз дәстүрі, ырымдары және өткізетін түрлі шараларына қарай ерекшеліктері болатыны орынды. Фестиваль көрермендері Қызылтөбе ауылы дайындаған концерттік шарадан айтарлықтай мол тағылым жинап, көтеріңкі көңілді-күйде тарқасты.
Басқұдық ауылдық округі – кәріс халқы
«Тыныштық – тілегіміз, тұрақтылық - тірегіміз» тақырыбындағы фестивальдің соңғысы Басқұдық ауылдық округіндегі №14 орта мектепте өтті. «Соңғы түйенің жүгі ауыр» болса да шара қатысушылары бұл міндетті үлкен жауаптылықпен аяқтады.
Әрбір халықтың өзіндік тәртібі мен тәрбиесі болады. Жастарды түрлі ұлт өкілдеріне толерантты көзқарасқа тәрбиелеу, ауыл жастарының бірлік қарым-қатынасын нығайту мақсатында өткізіліп отырған шара ауданның қай-қай ауылында да бей-жай қаралмады. Басқұдық ауылдық округінің мектеп, балабақша ұжымы кәріс халқының ұлттық дәстүрін, өнерін, ұлттық құндылықтарын шағын мерекелік шара барысында түгелдей бейнелеп шықты.
Кәріс халқын біз көбінесе олардың кино әлемінен жақсы танимыз. Кәрістердің күріштен жасалған тағамдарды сүйсініп жейтіндігін жақсы білеміз. Салаттарының ішінде бізге дәмдісі кимчи деуге болады. Бұл елдің тағамдары әртүрлі тағам мен қоспалар өнімдерімен танымал. Ежелгі уақытта Корея мемлекеті ауыл шаруашылығын айналысты. Онда негізінен күріш өсірілді. Бұл осы халықтың негізгі тамағы болды. Қазіргі уақытта корей асханасында көкөністер, жемістермен бірге ет пен балықтың әртүрлі тағамдары қолданылады. Кимчи (ашытылған орамжапырақ), чотгаль (тұзды малюскалар мен балық немесе шаяндар) және твэнчжан (соя пастасы) сияқты корей өнімдерінің ерекше дәмі мен жоғары қоректік құндылығы бар.
Ауыл өнерпаздары шара барысында кәріс ұлтының биін, ұлттық дәстүрлерін көрсетіп, әндерін шырқады.
Гүлнара ТАСБОЛАТОВА,
Әсел ТАҢАТАРОВА
1543
Маңғыстау Медиа
Редакциялық пікір мақала авторлары мен оқырмандардың пікірлеріне сәйкес келмеуі мүмкін. Жазба және пікірлердегі ақпараттың дұрыстығы үшін авторлардың өздері жауапты.