Нұрлан Ноғаев облыстағы құрылыс компанияларының басшыларымен және мемлекеттік орган өкілдерімен кездесті. Жиын барысында облыс әкімі қала салуда қарапайым талаптардың сақталмай отырғанын сынға алды, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz Маңғыстау облысы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Өңірдегі құрылыс индустриясының дамуы талқыланды. Нұрлан Ноғаев Ақтау қаласының әкіміне, облыстық құрылыс басқармасы мен қала құрылысы және жерді бақылау басқармасының басшыларына тексеру жүргізіп, құрылыстардың бас жоспарға сай орындалуын қамтамасыз етуді тапсырды.
Халық жекелеген шағынаудандарда құрылыстардың өте тығыз салынып жатқанын айтып жатыр. Тұрғындардан жаңа шағын аудандарда мектеп пен балабақшалардың жоқтығына қатысты шағым да көптеп түседі. Олар балаларын қайда апарады? Түсінемін, сіздер пайда тапқыларыңыз келеді, бірақ олай болмайды. Бұл үйлерді тұрғызғанда не ойладыңыздар? Қала құрылысының ретсіз салынуы – бұл бірінші кезекте халықты құрметтемеу, - деді облыс әкімі Нұрлан Асқарұлы.
Оқи отырыңыз: Вакцина алмағандар жұмысқа жіберілмейді - Министр бұйрығы шықты
Сонымен қатар аймақ басшысы өңірде кейбір нысанның жобалық-сметалық құжатынсыз салынып жатқаны туралы ақпараттың бар екенін тілге тиек етті.
Қалаған жерге зәулім сарай көтере берсек, бас жоспардың қажеті не? Барлық құрылыс заң аясында жүргізілуі тиіс. Бұл жауапты органдардың өзара заңсыз келісімінің нәтижесі, мәселені анықтап, тиісті шара қабылдауды тапсырамын, - деді ол.