Ақшұқыр ауылында орналасқан «Кобзев» шаруа қожалығы ешкі сүтінен түрлі өнім өндіріп, нарыққа шығарып отыр, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты.
Сүт фермасы 2020 жылы өз жұмысын бастаған. Бүгінде шаруа қожалықта англо-нубиялық, альпілік және ламанштық тұқымнан 112 ешкі бар. Мамандардың айтуынша, асыл тұқымды ешкі сүтінен йогурт, айран, сүзбе және ірімшіктің 12 түрі жасалады.
«Шаруашылық – отбасылық кәсібіміз. Шаруа қожалығының тазалығынан бастап өнім өндіруге дейінгі жұмысты осы отбасы мүшелері атқарады. Яғни, 5 адам ферманың алға жылжуы үшін еңбек етіп жатыр. Біз асыл тұқымды ешкілерді азықтандыруда жоғары стандартты ұстанамыз. Себебі, бұл ешкі сүтінің мол шығуына және басқа да сүт өнімдерді сапалы ұсынуға мүмкіндік береді», - дейді ірімшік өндіруші технолог Александра Кобзева.
Оның айтуынша, сүт фермасының ерекшелігі – 12 түрлі ірімшікті нарыққа шығару. Ірімшікті жасауға білікті мамандар жұмылдырылған. Қыркүйек айында ферма мамандары Түркиядан келген шебермен тәжірибе алмасып, шеберлігін арттырған. Қазіргі таңда түрік ірімшігін сатылымға шығарып жатыр. Бұған дейін фермада итальяндық, француздық және неміс ірімшігі болған.
«Біз өндірілген өнімді «Жеті лақ» атауымен ферма дүкенінде және табиғи өнім сататын азық-түлік дүкеніне жеткіземіз. Қазіргі таңда бірлесе жұмыс істейтін 7 дүкен бар. Сүт өнімдері сатылымға шықпас бұрын барлық аккредиттелген мемлекеттік зертханада тексеріледі. Сондай-ақ термиялық өңдеуден өткізу үшін өнеркәсіптік пастеризатор сатып алдық», - дейді технолог Александра Кобзева.
Шаруашылық фермасы асыл тұқымды ешкілерден күніне 100 литрден астам сүт алады. Алайда биыл ауа райының қалыпты болмауына байланысты ешкілер сүт беруін азайтқан.
«Біздің ешкілер арнайы күтімге үйренген, далада жайылмайды. Сондықтан шөпті алдын ала жоспарлап, жинаймыз. Қажетті көлемде астық сатып аламыз. Жазда ешкілерді жасыл шөппен қамтамасыз ету үшін арнайы жемшөп дақылдарын өсіреміз. Енді қыс мезгіліне шөп сатып алу және тасымалдау мәселесі туындады. Дизель отынының болмауына байланысты да жем жеткізу бағасы едәуір артты. Осы ретте облыстың жаңа әкімі шаруа қожалықтарына нақты көмек көрсетеді және субсидия бөлуді оңтайландырады деп күтеміз», - дейді Александра Кобзева.
Егер шаруа қожалығының сенімі ақталмаса, сүт өнімдерінің бағасын көтеруге мәжбүр болатынын жеткізді. Бүгінгі таңда 1 литр сүттің құны – 700тг.
Сондай-ақ, фермада әр демалыс сайын экскурсия ұйымдастырылады. Келушілерге егіншілік, жануарларды ұстау ережелері мен ірімшік тұтыну туралы ақпараттар беріледі.
Жұлдызай ҚАЛИЕВА
Сурет шаруа қожалығы иесінен алынды