Биыл Түпқараған ауданында қаңғыбас ит пен мысықты жоюға бюджеттен 992 000 теңге бөлінген. Бүгінгі күнге дейін ауданда қаңғыбас 709 ит пен 5 мысық ауланды, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты.
Маңғыстау облысының ветеринария басқармасы Эпизоотиялық қауіпсіздік бөлімінің бас маманы Әділет Қазтұрғанның айтуынша, аталған қаржыға 14 флакон аделин дәрісі мен 450 шприц алынған. Бір шприцті бірнеше рет қолдануға болады. Қазіргі таңда С. Шапағатов ауылдық округінде иесіз ит пен мысықты аулап, жою қарқынды жүріп жатыр. Кеше 10 қаңғыбас ит ауланса, өткен сенбі күні 16 ит қолға түскен.
«Жалпы облыста қанша жабайы ит пен мысық бар екені белгісіз. Алайда Маңғыстау облысында жыл басынан бері 8 615 ит, 1 293 мысық ауланды. Соның ішінде ең көп ит ауланған аудан - Мұнайлы, яғни қолға түскен қаңғыбас ит саны - 2 073. Ал Ақтауда иесіз қалған мысық көп, осы уақытқы дейін қаладан 1 273 мысық ауланды», - дейді Маңғыстау облысының ветеринария басқармасы Эпизоотиялық қауіпсіздік бөлімінің бас маманы Әділет Қазтұрған.
Оқи отырыңыз: Энергетика министрі дизель бағасының қымбаттауына қатысты пікір білдірді
Ит аулаушылар екі жағдайда ғана қаңғыбас ит пен мысықтың соңына түседі. Яғни өздігінен рейдке шықса немесе тұрғындар тарапынан арыз-шағым түссе ғана көшеге көз тастап, ит-мысықты жояды екен.
Еске сала кетейік, Түпқараған ауданында қаңғыбас иттерді аулау және жоюға 2017 жылы 3 млн 710 мың, 2018 жылы 6 млн теңге бөлінген. Ал 2019 жылы 4 000 000 теңге бөлінсе, 2020 жылы қаңғыбас иттерді жоюға 1 325 500 теңге қаралған.
Жұлдызай ҚАЛИЕВА
Сурет авторы Талант ҚҰСАЙЫН