Түпқараған ауданында ел Тәуелсіздігінің 30 жылында 24 жаңа балабақша салынған. Бұл туралы mangystaumedia.kz сайты Түпқараған ауданы әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлайды.
1991 жылы Түпқараған ауданында 6 мектеп, 2 балабақша болса, бүгінде 11 мектеп, 26 балабақша бар.
- Мектептер күрделі жөндеуден өтіп, заманауи технологиялар және кабинеттермен жабдықталған. Балабақшаларда балаларға қажетті дүниелердің барлығы бар. Олар жаңа әдістер бойынша тәрбие алуда. Интернет желілерімен 100 пайыз қамтылып, оқушылардың білім алуына барлық жағдай жасалған. Аудан бойынша 11 мектепте 8744 оқушы білім алуда. Білім сапасы жағынан аудан мектептері республикадағы үздік мектептер қатарына енді. 1991 -2021 оқу жылдары мектепті 70 оқушы «Алтын белгімен» аяқтаса, 70-ге жуық түлек «Үздік атестатпен» бітірді. Сондай-ақ ауданда Тәуелсіздік жылдарында білім саласында орын алған жаңалықтардың бірі - Баутин ауылынан 2004 жылы Маңғыстау политехникалық колледжінің филиалы ашылды. 2016 жылы оқу орнының техникалық базасы жаңартылды. Аталған оқу орны асхана, кітапханамен қамтамасыз етіліп, дербес Түпқараған аудандық техникалық-гумманитарлық колледжі болып қайта ашылды. Күндізгі бөлімге 75 студент, 40 студент сырттай бөлімге қабылданып, қазіргі таңда 300 студент білім алуда, - деді Түпқараған аудандық білім бөлімінің басшысы Айбаршын Өтесбаева.
Оның айтуынша алдағы уақытта Сайын Шапағатов ауылдық округінде 1200 орындық мектеп құрылысын салу жоспарлануда. Құжаттары жасақталып, 2022 жылы құрылысы басталмақ.