Биыл трансферттерді есепке алғанда облыс бюджетінің жалпы көлемі 323,8 млрд. теңге болды, деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
Бұл қаражаттың 60 %-дан астамы әлеуметтік салаға жұмсалады. Бұл туралы Қоғамдық коммуникация орталығында өткен брифингте Маңғыстау облысы қаржы басқармасының басшысы Светлана Нарешова хабарлады.
Спикердің айтуынша, өңірде бюджет қаражаты есебінен 161 мектеп, 310 балабақша, 27 колледж, 128 мәдениет ұйымдары, 25 спорт мектептері қаржыландырылады.
- Қаражаттың басым бөлігі білім саласына бөлініп, 149 млрд.теңге қаралды. Бұған бюджеттің 46%-ы жұмсалады. Бұдан бөлек, денсаулық сақтау саласына - 11 млрд. теңге (3%), әлеуметтік сақтандыруға – 18 млрд. теңге (6%), мәдениет және спорт саласына - 18 млрд. теңге (6%) қаралды. Әлеуметтік саладағы негізгі мәселелер - үш ауысымды оқыту, балабақшамен қамту, шығармашылық және спорттық тапсырыстырды, әлеуметтік төлемдерді уақытылы жүргізу, - деді Светлана Нарешова.
Спикер басқа да шығыстарға тоқталып өтті. Экономиканың нақты секторының шығыстары 67 млрд. теңге (21%) болды:
- тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық – 35 млрд.теңге (11%);
- көлік және коммуникацияға – 10 млрд.теңге немесе (3%);
- ауыл, су шаруашылығы – 11 млрд.теңге немесе (3%);
- отын-энергетика кешенi – 3 млрд.теңге немесе (1%);
- өнеркәсіп, сәулет, қала құрылысы қызмет – 8 млрд. теңге (2%).
Жалпы, трансферттерді есепке алғанда облыс бюджетінің жалпы көлемі 323,8 млрд. теңгені құрады. Оның ішінде, ағымдағы бюджет – 272,8 млрд. теңге (84,2%), даму бюджеті – 51,0 млрд. теңге (15,8%).