Сенат депутаты Серікбай Трұмов теңіз жағалауында жастармен кездесіп, республикалық референдум туралы түсінік жұмыстарын жүргізді, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты.
Серікбай Өтелгенұлы 33 бапқа 56 толықтыру енгізу жоспарланып отырғанын айтып, қысқаша тоқталды. Оның айтуынша, конституцияда «суперпрезиденттік» басқару үлгісінен ықпалды парламенті мен есеп беретін үкіметі бар президенттік республикаға түбегейлі көшу, мәслихаттардың ықпалын арттыру, Мәжіліс пен облыстық мәслихаттардың депутаттарын сайлаудың аралас мажоритарлы-пропорционалды моделін енгізу көзделіп отыр. Оған қоса президенттің барлық саяси күші мен партияның дербестігін бекіту, мемлекет басшысының жақын туыстарына саяси лауазым иеленуге және квазимемлекеттік секторда басшылық қызмет атқаруға тыйым салу секілді мәселелері қамтылған. Бұдан бөлек құқық қорғау саласы бойынша маңызды өзгерістер енгізіледі. Атап айтсақ, конституциялық сот құрылады. Адам құқықтары жөніндегі уәкілдің, яғни омбудсменнің мәртебесі Ата заңмен айқындалады. Елде өлім жазасы мүлде жойылады.
Мемлекет басшысы өз сөзінде мұның бәрі азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғау үшін жасалып жатқанын, алдағы конституциялық реформа ел дамуының жаңа кезеңі басталатынын баса айтып өткен еді.
Кездесуге партияның облыстық филиалының атқарушы хатшысы Нұрбек Қарасаев және облыстық филиал жанынан құрылған штаб мүшелері Садуақас Битан, Дмитрий Клинчев, Абзал Марат, Аида Ертілеуова, Аббат Өрісбаев қатысты. Олар да конституциядағы өзгерістер заңның үстем болуына, барлық салада тәртіп пен әділеттіліктің орнауына бағытталып отырғанын айтты.