Кеше Маңғыстау облысындағы «Шыны талшықты құбыр зауытының» жұмысшылары тағы да ереуілге шықты, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
Бұған дейінгі ереуілде зауыт жұмысшылары жалақыны 40 пайызға көтерткен. Бірақ артынша жұмысшыларды жарты айлық жалақы төленетін демалысқа жіберген.
Ал бұл жолы жүз шақты азамат компанияның бас директорымен кездестіруді талап етіп тұр. Себебі ереуілде айтылған «ұжымдық келісімшарт жасалсын» деген талаптары әлі орындалмаған.
Жұмысшылардың айтуынша, серіктестік директоры талапты орындай алмаса, бас директорды тапжылмай күтеді. Тіпті, сол үшін азаматтар компания ғимаратының жанына киіз үй тігіп, тамақ-суын әкелген.
Ереуілге шыққан жұмысшының бірі - Арман Тайлақов. Оның айтуынша, мекеме басшылары Арманды жазықсыз жұмыстан шығарып жіберген.
- Бірінші ереуілге шыққан кезде басшылар ұжымдық шартқа келісетінін мәлімдеді. Енді жеме-жемге келгенде, ұжымдық шарттан бас тартып отыр. Осы жердегі азаматтар отбасын тастап, еңбек дауын шешіп беруін талап етіп тұр, - дейді Арман Тайлақов.
- Алматыдан осы мекеменің бас директоры келіп, бізге есеп беру керек. "Түсіп тұрған тапсырыс бар, алайда ақша жоқ, шикізат жоқ" дейді. Егер бас директор мәселені шешіп бере алмайтын болса, серіктестікті «МаңғыстауМұнайГаздың» еншісіне қайтаруды талап етеміз, - дейді жұмысшы Бауыржан Жұмабаев.
Ал компанияның бас инженері Есен Көшкінбаев жұмысшылардың ереуілге шыққанын дұрыс емес деп отыр. Оның айтуынша, жұмысшылардың қазіргі жалақысы - орташа есеппен 410 мың теңге. Одан бөлек, серіктестіктің бұдан басқа да проблемасы шаш етектен.
"Ресейге қойылған санкциялардың салдарынан зауытқа шикізат жеткізу тоқтап тұр. Сондықтан да қызметкерлерді 50 пайыздық жалақымен демалысқа жіберуге мәжбүр болдық. Оның үстіне негізгі тапсырыс беруші «МаңғыстауМұнайГаз» компаниясының 500 миллионнан астам берешегі бар", - дейді Есет Көшкінбаев.
Мекеменің бас инженері ұжымдық келісімшартты жұмысшылармен талқылап, бас кеңсеге жолдағанын жеткізді. Ал бас кеңседегілер болса негізгі тапсырыс беруші «МаңғыстауМұнайГаздың» берген мүмкіндігі бойынша ғана ұжымдық келісімшартты жасай алатынын айтқан.
"Ал қалған талапты қанағаттандыруға қауқарымыз жетпейді. Жұмысшылар бізден өте көп нәрсені талап етіп тұр. Жұмысшылар ереуілге біреудің айдауымен шығып жатыр деп ойлаймыз. Әйтпесе, өткен жолғы ереуілден соң жағдайларын жақсартып бергенбіз", - дейді «Шыны талшықты құбыр зауытының» бас инженері Есен Көшкінбаев.
Енді қызметкерлер мен басшылардың арасында сот отырысы өтпек. Бас инженердің айтуынша, сотта серіктестік жеңілсе, зауыт құрдымға кетуі әбден мүмкін. Ал жұмысшылар ұжымдық шартты заңдастырмайынша, ешқайда кетпейтінін айтты.
Махаббат Нұржанқызы