Ақшұқырда «Ауыл – ел бесігі» жобасы аясында 160 орынды спорт кешені пайдалануға берілді. Спорт кешенінде 300-ге жуық жастың спортпен шұғылдануына мүмкіндік жасалған, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты.
Спорт кешенінде 11 спорт түрі бар. Атап айтқанда, қазақша күрес, дзюдо, бокс, кикбоксинг, баскетбол, волейбол сынды үйірмелер жұмысын бастаған. Сонымен қатар ауыл бойынша алғаш рет садақ ату үйірмесі ашылып отыр.
«Ел Президенті ауылдық жерде спорттық үйірмелерді ашу, спорт залдар салуды тапсырған болатын. Осы ретте биыл облыс көлемінде 48 спорттық нысан ашылған болатын. Соның бірі – Ақщұқырда ашылып жатқан спорт кешені. Кешенді салуға 350 млн теңге қаржы жұмсалды. Мұнда 6-18 жас аралығындағы балалар әртүрлі спорттық секцияға тегін қатыса алады. Сонымен қатар ауыл тұрғындары да кешке қарай спортпен шұғылдануына болады», - дейді Маңғыстау облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Қанат Жұмабаев.
Айтуынша, аталған «Ауыл – ел бесігі» жобасы негізінде 2022 жылы Жаңаөзен қаласында орналасқан Рахат, Теңге және Боранқұл ауылынан спорт кешенін салу жоспарланып отыр.
Бұл – Ақшұқырдағы үшінші спорт кешені. Спорт кешені директоры Оразалы Төлейевтың айтуынша, ауылда спортқа деген сұраныс жоғары. Аз уақыттың ішінде 150 бала спорт үйірмелеріне жазылып үлгерген. Тағы 150 баланы қабылдауға жағдайы бар. Сондай-ақ бапкерлер де жеткілікті.
Жұлдызай ҚАЛИЕВА