Аташ елді мекенінде айына 10 тоннадай балық өңдейтін цех өз жұмысын бастады. Жеке кәсіпкер әзірге бес адамды жұмыспен қамтып отыр, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты.
Балық өнімдерін өңдеу және сату цехының ашылу салтанатына облыс әкімінің орынбасары Бекбол Орынбасаров пен аудан тұрғындары жиналды. Алдымен Бекбол Орынбасаров құттықтау сөз сөйлеп, жаңа ашылып жатқан кәсіпорынға сәттілік пен табыс, жетістік тіледі.
Содан соң Түпқараған ауданының құрметті азаматы Күзенбай Аманғалиұлы кәсіпкерлерге тілек білдірді. Сондай-ақ цехтың лентасын қиып, нысан ішін аралап, жұмыс барысымен танысып шықты.
Балық өнімдерін өңдеу және сату цехының жалпы құны – 83 млн теңге. Жобаның қуаттылығы – 292,8 тонна. Нысан құрылысын «Аташ Фиш Пром» ЖШС тапсырыс беруімен «Айсат Сервис» мердігер мекемесі салған.
Кәсіпкердің айтуынша, кәсіпорынның алғашқы өнімі – балық ұны. Күніне 2 тоннадай ұн шығарып отыр. Ал жылына 52,8 тонна балық ұнын шығаруды меже еткен. Сонымен қатар 96 тонна балық өнімін өндіруді жоспарлаған.
«Биыл кәсіпорынның құрылыс жұмыстарын бастап, қажетті құрал-жабдықтарды алдырып, жарық орнаттық. Осылайша, цехта балық ұнын шығарумен айналыса бастадық. Себебі ұн малға азық, жерге тыңайтқыш болады. Құрамында кальций көп. Ал балықтардан кефаль, судак, сазан, карась, табан бар. Одан бөлек кептірілген балық түрлері сатылымға шықты. Алдағы уақытта консерві жасайтын құрылғыларды аламыз», - дейді кәсіпорынның техникалық директоры Амалбек Азанұлы.
Оның айтуынша, балық өнімдері тек Түпқараған ауданында сатылып жатыр. Болашақта өзге де аймақтарда сатыла бастайды.
Цех 15 адамды жұмыспен қамтиды. Бірақ кәсіпорында жылу жоқ. Осы мәселе жұмысшылар алуға кедергі келтіріп отыр. Техникалық директор Амалбек Азанұлының айтуынша, кәсіпорынға газ орнатуға рұқсат берілмеген. Ал жергілікті әкімдік пен облыс әкімдігі тарапынан құрғақ уәде ғана айтылып келген.
«Бізде халықты жұмыспен қамтуға мүмкіндік болмай тұр. Себебі, адамдарды жұмысқа алғанымызбен, жұмыс орны салқын. Облыс әкімдігінен де, ауданнан да әкімдер келіп жатыр. Оның бәрі «көмектесеміз, көмектесеміз» деп кетеді. Ал заң жүзінде толық мәлімет ала алмай отырмыз. Бізге ең бірінші газ мәселесінің шешілуіне мүмкіндік беріп, газ орнатуға рұқсат берсе, әрі қарай өзіміз газды жалғап аламыз», - дейді Амалбек Азанұлы.
Егер жылу мәселесі уақытылы шешілмесе, жаңа ашылған цех шығынға ұшырайтынын да атап өтті.
Жұлдызай ҚАЛИЕВА