Бүгін Аташ елді мекенінде «Балықшылар» демалыс орны пайдалануға берілді. Балықшылар құрметіне орнатылған ескерткіш ашылды, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты.
Саябақтың ашылу салтанатына облыс әкімінің орынбасары Бекбол Орынбасаров, Түпқараған ауданының әкімі Айбек Қосуақов және ардагер ел азаматтары қатысты. Ал демалыс орнын ауыл ақсақалы Қойлығұл Атшыбаев пен Түпқараған ауданының құрметті азаматы Тәуірхан Қанжанов ашты.
Жалпы демалыс орнының аумағы – 2 400 шаршы метр. Онда кіреберіс арка, балалар ойын алаңы, автотұрақ, орындықтар мен спорт алаңы бар. Сонымен қатар саябақ ішінде балықшыларға арналған ескерткіш бой көтерген.
Мүсіннің авторы – маңғыстаулық шебер Болатбек Салаев. Мүсін биіктігі – 3,60 метр болса, тұғыр биіктігі – 2,20 метр. Айта кетейік, ескерткіш ақпан айынан бастап демеушілердің қаржысы есебімен салына бастаған.
Ал аудан тұрғындары аталған демалыс орны мен ескерткіштің ашылғанына қуанышты. Олардың айтуынша, «Балықшылар» демалыс орнының ел игілігіне берілуі – балықшылар еңбегін елеп, ескеріп, құрметтегені.
«Бұл саябақ балықшы ата-бабаларымызды құрметтейтін орын деп есептеймін. Теңізшілердің ерен еңбегін еске түсіретін жердің бірі болатыны анық. Балықшылар күнінде бұл жерде той болады деп ойлаймын. Менің атам – Қадырқұл Ақмергенов. Өзі – балықшы. 1941 жылдардан бастап 1998 жылға дейін теңіз бойынан балық аулаумен айналысты. Осы жерге келіп, бүгінгі қуанышты сәтке куә болуым да – сондықтан. Мұның барлығы еліміздің тәуелсіздігі арқасында орындалып жатыр», - дейді Түпқараған ауданының құрметті азаматы, ардагер-ұстаз Гүлсім Рамашова.
Алдағы уақытта саябақ ішінде көгалдандыру жұмыстары жүргізіледі.
Жұлдызай ҚАЛИЕВА