Бұл туралы mangystaumedia.kz сайты Түпқараған ауданы әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлайды.
Кешен Ақтау-Форт-Шевченко бағытындағы автожол бойының 52-шақырымында бой көтеріп жатыр. Қатты тұрмыстық қалдықтарды сұрыптау, өңдеу және әртүрлі өндірістік қалдықтарды шығару жобасын «ECSAD» ЖШС іске асыруда. Жоба келер жылы өз жұмысын бастайды. Бұл кешенде бұрғылаудан кейінгі сарқынды сулар, бұрғылау ерітінділері, тұрмыстық қатты және сұйық қалдықтар, пластик, ағаш, электроника, автокөлік шиналары, макулатура, мұнай қалдықтары, металл сынықтары мен қалдық майларды өңдеуден өткізеді.
- Сонымен қатар қалдықтарды қайта өңдеу кешенінде мұнаймен ластанған және мұнай жұққан қабаттарды өңдеу көзделіп отыр. Жобаның қуаттылығы бойынша тұрмыстық коммуналдық қалдықтарды сүзгіден өткізу сағатына 20 кубты құрайды. Қазіргі уақытта жұмыс қарқынды жүруде. Жоба іске қосылғаннан соң 50 адамды жұмыспен қамту жоспарланып отыр, - дейді «ECSAD» ЖШС директоры Алмат Атауов.