Бүгін Мұнайлы ауданында бірқатар әлеуметтік нысан ашылып, тұрғындар игілігіне табысталды. Олардың ашылу рәсіміне қатысқан облыс басшысы Ералы Тоғжанов аудандағы өзге де нысандардың жұмыс барысымен танысып қайтты.
Мұнайлы ауданы Басқұдық ауылдық округінде «Мөлдір» балабақшасы өз жұмысын бастады. Құны 30 миллион теңгені құрайтын жоба ауылдағы 75 баланы қабылдауға дайын. Қолданыста бар ғимаратты қалыпқа келтіріп, балабақшаға айналдырған жеке кәсіпкер Гүлнар Сүгірбекова бұл ісін 2017 жылдың қаңтарында қолға алғанын жеткізді.
- Қазіргі таңда елімізде балабақша аз болғандықтан мен осы іске бет бұрдым. Жобаны жүзеге асыруыма «Даму» қорының ықпалы мол болды. Қазір он адамды жұмыспен қамтамасыз етіп отырмын. Барлығы Басқұдық елді мекенінің тұрғындары. Алдағы уақытта қызметкерлер саны көбейеді деген ойдамыз. Себебі біз орыс тілі, логопед, ағылшын тілдері т.б. топтарды ашпақпыз, - дейді Гүлнар Сүгірбекова.
Мұнда 3 жастан асқан балалар қабылданады. Ал 3 жасқа дейінгі балаларға коммерциялық топ жұмыс істейді.
- Мен жақында Бейнеу ауданынан Басқұдық ауылына көшіп келдім. Сонда екі жыл балабақшада тәрбиеші болып жұмыс істедім. Қазір осында келіп, жұмысымды жалғастырып жатырмын. 5-6 жастағы бүлдіршіндерден құралған топтың жетекшісімін. Бұл балабақшаның ашылғанына өте қуаныштымын. Барша маңғыстаулықтарды Тәуелсіздік күнімен құттықтаймын, - дейді тәриеші Гүлмира Бекшиева.
Бұдан соң аймақ басшысы «Ынтымақ» мал сою пунктінің жұмыс барысын бақылады. Кәсіпорын басшысы Арыстан Әлібеков орталықты аралатып, мал сою, сату орындары мен құрылғыларды таныстырды. 25 адамды жұмыспен қамтып отырған кәсіпорын өткен жылы Тәуелсіздік күнінің 25 жылдығы қарсаңында іске қосылған. Мұнда ірі қараға арналған 10, ұсақ малға арналған 32 қора бар. Күніне орта есеппен 10 ірі қара мал мен 40 ұсақ мал сойылады.
Бүгін іске қосылған нысандардың бірі – Маңғыстау-5 тұрғын үй массивіндегі ұн-жарма комбинатының ұн өндіру цехы.
- Тәуелсіздік күні және Мұнайлы ауданының 10 жылдығы қарсаңында «Асқар» ұн-жарма зауытын ашып отырмыз. Мақсатымыз – Мұнайлы ауданының халқын, Маңғыстау облысын ұнмен, нанмен қамту. Зауыт тәулігіне 150 тонна ұн шығаруға қауқарлы. Негізгі бидайды Қостанайдан әкелеміз. Жергілікті 60 адам қызмет етеді. Өнімдеріміздің барлығы облыс аумағына тарайды. Келесі жылы экспортқа шығуды жоспарлап отырмыз, - дейді «Асқар» ұн-жарма зауытының басшысы Ақжібек Сәкенқызы.
Бұдан соң Қызылтөбе ауылдық округіндегі «Керуен» ЖШС ауыз су өңдеу цехының ашылу салтанатына куә болдық. Нысан алаңы – 800 шаршы метрді құрайды. 12 адамды жұмыспен қамтып отырған жоба құны 105 миллон теңге. Кәсіпорын өнімдері «Керуен» брендімен шығарылады. Бұрын қолмен орындалатын су құю, қақпақтарды қатайту, жапсырмаларды жапсыру сынды әрекеттер қазір автоматты түрде жүзеге асырылады.
Облыс әкімі Батыр ауылында орналасқан «Экзотикалық құстар әлемі» серіктестігі жұмысымен де танысты.
- Алғашында бұл шарушылықты әкем бөдене өсіруден бастаған. Қазір мұнда 4 мың жарымдай құс бар. Құстың 20 түрін өсіреміз. 10 адам жұмыс істеп жатыр, жазда бұдан көбірек болады. Құсқа күтім жасайтын арнайы 3 қызмтекер бар. Түйеқұстарды Ресейден, павлиндерді Алматыдан әкелдік. Қалған құстарды жұмыртқасын сатып алып, инкубатр арқылы аламыз. Ең көп сұранысқа ие – бөдененің жұмыртқасы. Ал еттен күркетауық еті жақсы өтеді, - дейді «Экзотикалық құстар әлемі» ЖШС қаржы директоры Бекен Қаржаубаев.
Теңге БЕКМҰРЗАЕВА Суреттерді түсірген Талант ҚҰСАЙЫН
[gallery td_select_gallery_slide="slide" ids="44798,44799,44800,44801,44802,44803,44804,44805,44806,44807,44808,44810,44811,44812,44813,44814"]