Тәуелсіздіктен кейін тұңғыш ашылған аудан - Мұнайлының 10 жылдығы аясында Маңғыстау-5 ауылындағы №8 мектептен мұражай бөлмесі ашылды. Ондағы негізгі бөлім аудан тарихына арналады. Қалған бөлімдер мектептің өткені мен бүгінін, ұлттық құндылықтарды қамтиды. Бұл аудан мектептерінің жанынан ашылған бесінші мұражай. Оның тұсаукесері салтанатты түрде өтті. Аудан әкімінің орынбасары Берік Біләлов, өңірге белгілі өлкетанушы Отыншы Көшбайұлы мен ауданның "Құрметті азаматы" Амандық Алдаберген, өзге де белсенді кісілер қатысты. Жинақталған дүниелермен танысып, мектеп ұжымының Мұнайлының 10 жылдық тойына ұйымдастырған концерттік бағдарламаны тамашалады. - Мақсатымыз болашақ ұрпаққа кешегі күннің естеліктерін шынайы түрде жеткізе отырып рухани тәрбие беру. Бұған Елбасымыз да өз еңбектерінде көп көңіл бөлуде. Әрі биыл мерейлі мекеніміздің мерейтойы. Сондықтан мектеп басшысы Дина Кенжебекованың бастауымен топ құрылып, өткен жылдың қарашасынан мұражай жәдігерлерін жинақтауға кірістік. Бұл жерге қойылған әрбір бұйым, сурет пен көрнекіліктің өз өткені бар. Соларды көріп, біліп өскен жастарымыздан туған жеріне деген сүйіспеншілігі мол азаматтар шығары сөзсіз,-дейді мектеп директорының инновациялық жұмыстар жөніндегі орынбасары, тарихшы Якуб Аталиков. Мұражайдың төрінде Мұнайлыны ашу жөнінде Президенттің Жарлығы мен Мемлекет басшысының сапары кезінде мұнайлылықтарға білдірген лебізі ілулі болса, ортаны ауданның 7 ауылы мен орталығын бейнелейтін макет толдырып тұр. Сондай-ақ ауданнің кешегісі мен қазіргісінен сыр шертер фотосуреттер, аудан, ауыл әкімдері, білім беру ұйымдары, өзге де мекемелер, басылымдарда жарияланған ақпараттар, ауданнан шыққан қаламгерлердің еңбектері бар. 4 жыл бұрын қолданысқа берілген білім ордасының сол кездегі көрсеткіштері мен қазіргі жетістіктері, директорларының деректері де көрсетілген. Оқушылардың қолынан шыққан түрлі туындылар да лайықты орын алған. Этнографиялық бөлімге 50-ден астам экспонант жинақталыпты. Ішінде кереге, уық, шаңырақ, ата-әжелеріміз тұтынған бұйымдар бар. Ең ескісі - сеңсең тонды мектептің ардагер ұстазы Дүйсенғали Қосниязов тапсырыпты. Оны әжесі Бибіжан Қызылғұлова өткен ғасырда тіккен екен.
Шахида ЖҰМАН