Алматы қаласында өткен «Рауан» байқауына төрт аталым бойынша Мұнайлы ауданың «Өнер» мектебінен 12 оқушы қатысып, олардың барлығы жүлделі орын иеленіп, аудан мерейін үстем етті. Осымен үшінші рет өткізіліп отырған республикалық байқауда қазақтың дәстүрлі жыр-термесін орындаған Құралай Орынбасарова, Сандуғаш Мұхаммед, Атабек Тұрғанбаевтар мен қазақтың қара домбырасын серік еткен Бекарыс Жолдасбаев Гран Приді жеңіп алды.
Ал, екі ішекті, көп пернелі домбырасымен өнер көрсетіп Шолпанай Рамаданова І орынды иеленді. Осы номинация бойынша Жеңіс Мұхамбетова, Ақниет Түгел ІІ орынды алса, Мәдина Бақытжанқызы мен Самад Ертүгел ІІІ орынды қанағат тұтты. «Хореография» номинациясы бойынша мың бұрала билеп өнер көрсеткен Арайлым Айтбайқызы мен фортепианода ойнаған Ақтілек Мухамбет және Аружан Тоқтарбай – ІІ орынды иеленіп баршамызды қуантты.
Алматы төрінен табысты оралған ауданның жас дарын иелерін аудандағы мәдениет және білім саласының басшылары, өнер мектебінің ұжымы мен ата-аналар әуежайдан күтіп алып, жүлделі орындарымен құттықтады. -1993 жылдан бері жұмыс жасап келе жатқан өнер ордасында қазір 328 оқушы тәлім алуда. Оларға 28 білікті маман тәлім беріп, шәкірттері талайларды тамсандырып, республикалық, халықаралық байқаулардан жүлделі орындар алып жүр. Бұл жолы біздің балалар оқ бойы озып шықты. Олардың қуаныштарында шек жоқ. Көп нәрсені үйреніп, жан-жақтан келген балалармен араласып ашылып келеді. Балалардың көпшілігі алғаш рет Алматыны көріп, жарысқа қатысып отыр. Жалпы біздің өнер мектебіне келген балалар өте дарынды, талантты, көзінде оты бар жерде қалмайтын балалар. Мұнайлы өнер мектебі байқауға бара жатыр дегенді естісе, көбісі бізге жүлде жоқ екен ғой деп жатады. Бұл бір жағынан ұстаздар еңбегі болса, екінші ата-аналарға рахмет айтам. Олар бауыр еті балаларын республикалық, халықаралық байқауларға жіберіп, үлкен сахнада өнер көрсетуіне мүмкіндік жасап отыр», - дейді «Өнер» мектебінің директоры Ақмарал Нарембаева.
Гүлнәр Тасболатова Суреттерді түсірген Талант Құсайын