Аймақта полимерлі қаптама шығаратын зауыт жұмысын бастады. «Достық Полимер Плюс» ЖШС бір рет тұтынуға арналған полимер ыдыстарды өндіруді қолға алып, жылына 380 мың тонна өнім шығаруды жоспарлап отыр, деп хабарлайды mangystaumedia.kz «Каспий» ӘКК» АҚ баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Кәсіпкер полимерлі қаптама өндірісін «Каспий» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациямен” бірлесе жүзеге асыруда. Жобаның жалпы құны 368, 4 миллион теңге. Оның 65, 4 миллион теңгесі «Каспий» ӘКК» АҚ үлесі болса, қалған сома кәсіпкердің жеке инвестициясы.
Полимер қаптама шығаруға толық мүмкіндік беретін автоматтандырылған құрылғылармен жабдықталған зауытта 10 жаңа жұмыс орны құрылды. Қазір қызметкерлер Украина елінен арнайы алдырған технологтың тағлымдамасынан өткен.
-Зауыт әлі толық жұмысқа көшкен жоқ. Алайда, қазірдің өзінде тапсырыс берушілер саны көп. Өзіміздің күнделікті шығаратын өнімімізден бөлек қарағандылық кәсіпкерлер үлкен көлемде полимер парағына тапсырыс беріп отыр. Одан бөлек көрші елдерден де тапсырыс ала бастадық, - деді «Достық Полимер Плюс» негізін қалаушы Надежда Карась.