«Қырдағы ел ойдағы елмен араласып, Күлімдесіп, көрісіп, құшақтасып...» деп ұлы Абай атамыз өлеңінде өрнектегендей, Маңғыстау өлкесі жылдағы дәстүрді жалғап, «Отпан тау»тарихи-мәдени кешенінде Амал мейрамынсән-салтанатпен атап өтті. Тау бойында қатарласа тігілген жиырмадан астам киіз үйлердеақ дастархан жайылып, тіл үйірер дәмділерін ұсынса, жаппай көкпар, аударыспақ, асық ойнау, ләңкі тебу сынды ұлттық спорт жарыстарда күш сынасқандар шымырлығымен, күш-қуатымен жан-жақтан қаумалағандарды тәнті етті. 13-наурыз. Амал мейрамын маңғыстаулықтар жайдары көңілмен, ақжарқын жүзбен қарсы алды. Елдік пен бірліктің ошағына айналған қасиетті жерге көптеп ағылған үлкенді-кішілі көпшілік бір-бірімен төс қағыстыра көрісіп, арқа-жарқа болды.Мерейлі күннің шымылдығы мен шырайын өңірдің түкпір-түкпірінен жиналған өнер ұжымдарының гала концерті ашты.Киелі сахна төріне шыққан күміс көмейлі әншілер, мың бұралған бишілер өнерін паш етіп, халықты әсем сезімнің құшағында тербетті.Тау басында жиылған дүйім жұрт мәдениет әлемін дүр сілкіндірген нар тұлғалар – Фариза Оңғарсынова, Нұрсұлу Талапқызы, Ғабдолмәжит Сабырәліұлы, Нариман Үлкенбайұлы, Ғатау Ибішевті еске алды. Одан соң Маңғыстау, Атырау, Ақтөбе, Орал қалаларынан келген жыршы-термешілердің кешін тамашалады. Жыршылар халықтың ұлттық рухын көтеретін, терең тебіреніс сыйлайтын жырларын тарту етті.Жыр кеші көңілді мерекелік кешке ұласып, дала сахнасы күмбірлеген қоңыр күй мен әуелеген әсем ән-жырға толды. Отпан тау шыңында бейбітшілік пен татулықты ту еткен «Бірлік» оты ресми түрде тұтанды. Киелі рәсім Тәзіке руының ұрпақтарына бұйырып, отты«Тәзіке ата» қайырымдылық қорының төрағасы Роман Балтабаев жақты. Алтындай ауыр, күмістей киелі жауапкершілікті көтерген Тәзіке ата ұрпақтары «Қарашаңырақ» мәдени кешенінің іші-сыртын көркемдеп, ажарын ашу үшін қомақты қаржы бөлді, қалалық, облыстық, республикалық деңгейде бірқатар шаралар ұйымдастырды. -Шағын футболдан, волейболдан жарыстар өткізіп, спортты серік еткен жастарға қолдау көрсеттік. Жастар демекші, Тәзіке ата ұрпақтарының жас толқынына сенім білдіріп, тың ой мен ілкімді іске әзір жастардың қанатын құрдық. Олар мейірімділікті ту етіп, қайырымдылықпен айналыса бастады. Өңірдегі тұрмысы төмен, мүжәлсіз отбасыларға киім-кешек және тағаммен жәрдем көрсетті. Бұл игі істер әлі де жалғасын табады. Жастар қанаты талдар егуді жоспарлап отыр.«Таза қала» деген ұранмен Ақтау, Жаңаөзен қалаларында сенбіліктер ұйымдастыру көзделген. Маңғыстаулықтарды Амал мерекесімен шын жүректен құттықтаймын! Амал елдің өсіп-өнуіне, береке-ынтымағына бастасын!,-деп Роман Балтабаев жылы лебізін білдірді. «Бірлік» алауы жанған соң етектегі ел отшашуды тамашалап, аспандағы ғажайып көрініске таң-тамаша болды. 14 - наурыз. Отпан таудың бөктеріне жағалай тігілген киіз үйлер, әдемі безендірілген сахна, ошаққа асылған қазан, кең жайылған дастархан мерекенің сән-салтанатын айшықтап тұр. Қасиетті мекенге қарай ағылған ағайын иық түйістіріп, қол алысып көрісіп, «Амал оң болсын!», «Бір жасыңмен!», «Жасың құтты болсын!» деп бір-бірін құттықтап жатты. Жан-жақтан келген қонақтар Адай ата кесенесіне бет алып, ата-бабалар рухына құран бағыштады. Ақ тілекпен келген ағайын «Ақсарай» мұражайын аралап, маңғаз өлкенің тарихымен, танымал тұлғалармен, құнды жәдігерлермен танысты. Бірлік пен достықтың киелі шаңырағы болған Отпан тауды әсем әуенге, ән-жырға бөлеген Амал мейрамын мерекелеген жамағат жақсылыққа ниет етіп, ақ тілектерін ақтарды. Іргесі сөгілмес ынтымақтың мерекесінде облыс әкімінің орынбасары Рақымбек Әміржанов лебізін білдіріп, аймақ басшысы Алик Айдарбаевтың құттықтауын оқып берді. – Құрметті маңғыстаулықтар, қадірменді қонақтар! Сіздерді ізгілік пен бірлік, татулық пен береке, ырыс пен құт-береке бастау алатын Амал мерекесімен құттықтаймын. Міне, күн мен түн теңеліп, төрт түлік малды төлдетіп, барша әлемді ғажайыпқа бөлеп, жүректерге мейірім төккен Наурыз мерекесі де келіп жетті. Ұлыстың ұлы күні қарсаңында тойланатын Амал мерекесінің халқымыз үшін орны бөлек. Жыл сайын алыс- жақындағы, ой мен қырдағы ағайын Отпан таудың басында Амал мейрамын тойлауды игі дәстүрге айналдырды. Бүгін халқымыздың бостандыққа, еліміздің егемендікке жету жолында жанын қиған ата- бабаларымыздың рухына тағзым етіп, бейбітшілікке, бірлікке, Тәуелсіздікке тәу етеміз. Ұлттық құндылықтарды бағалауға, егемендікті қадірлеуге, халықтың тұтастығы мен бейбітшілігіне ұйытқы болатын Амал мейрамы құтты болсын! Жаңару мен жасампаздықтың бастауы, ырыс пен берекенің арқауы болған мереке бірлігімізді бекемдей түссін. Еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын! Дендеріңізге саулық, отбасыларыңызға құт- береке тілеймін!, – деді Рақымбек Маршалұлы. Қарашаңырақтың алдына жиналған қаумалаған халық құшақ жая көрісіп, емен-жарқын бір-бірін құттықтап, мәре-сәре болды. Күмбірлеген күй мен әуелеген ән кернеген алаңда ұлттық нақыштағы ою-өрнекпен көмкерілген бүрмелі көйлек, камзол, бешпеттегі қыз-келіншектер мен апа-жеңгелер, шапан киген ата мен кимешек тағынған әжелер тойдың сәнін келтіре түсті. Облыстың қала, аудандарынан келген өнерпаздар сомдаған «Амал келді– жыл келді» театрландырылған қойылымы, шырқалған әсем ән мен күмбірлеген күй көпшіліктің көңілін сергітті. – Құрметті жамағат! Киелі Отпан тауға қазақтың бірлігін іздеп, ұлттың ары мен намысын, туыс пен бауырдың бір-біріне деген сүйіспеншілігін іздеп, өткенге дұға қылайын, бүгінге құрмет жасайын, болашақтың қамын ойлайын деп осында келіп тұрған қазақтың қаракөздері! Бұл жерге келген адам бап әлде қызық іздеп келмейді. Отпан тауға келу – бұл ұрпақтың қамын ойлау, кезінде әртүрлі зобалаң жылдарды бастан өткерген халықтың санасын ояту, санасына туыстықты, бауырластықты, қандастықты ебу. Дүниенің төрт құбыласындағы бауырларымызды көрмесек, араласпасақ жат боламыз. Өзіміз көрісіп, табысып қана қоймай, ұрпаққа бірліктің өнегесін үлгі етуіміз керек. Сол арқылы еліміздің төрт құбыласын, ар- намысымызды бүтіндеп, досқа құшағымызды ашып, дұшпанға сес көтеру, қазақтың баласының басын біріктіруміз қажет. Мұндай дәстүр, амал-әрекеттер, киелі орындар, салт- дәстүрлер, басқосулар барлық ұлтта бар. Отпан тауға, Адай атаға, Қарашаңыраққа келу – еріккеннің ермегі емес, мұның бәрі жоғалтқан ұлттық салт-дәстүріміздің, төгілген көз жасымыздың, қанымыздың, орынсыз тарихтан көрген зобалаңның, жұлынған бұрымның есесі. Бұдан былай Отпанға қай кезде жиналсақ та, қандай қиындық болса да ұрпақтың, халықтың бірлігі, ортақ намысымызды ояту үшін әрқайсысымыз қамдануға, келуге тиіспіз. Бізден кейінгі буынды осы өнегені көріп, бір-бірін бауырына қысып, бауырым, туысым деп, ел, жер, Отан, Отпан да ортақ деп тәрбиелеуіміз керек. Тілек қабысып, жүрек табысып жиналуымыз – елдігіміздің көрінісі. Еліміздің өзге аймақтарындағы үш жүздің рулары ұрпақтың келешегі мен елдегі бірлік үшін осында келеміз десе, Маңғыстаудың, Отпанның, Қарашаңырақтың төрінен орын бар. Ескі жыл есіркесін. Жаңа жыл жарылқай келсін! Елімізге амандық, отбасыларыңызға бақ-береке тілеймін, – деді ақын Сабыр Адай. Жылдағыдай бағзы бабалардан қалған салт ұлықталып, халықтың ізгі ниеті, игі ықылас-пейілі көрініс табатын Амал мерекесін тойлаған дүйім жұрт киіз үйлерге түсіп, ұлттық тағамдардан дәм татты. Көпшілік Қарашаңырақта «Амалым – айбыным, дәстүрім – байлығым» тақырыбында өткен көрмеде Маңғыстаудың қолөнер шеберлерінің ұлттық нақыштағы әртүрлі бұйымдарына жұртшылық қызығушылық танытып, сатып алып жатты. – Бүгінгі Амал мерекесіне Атырау қаласынан арнайы бір топ қонақтар келдік. Қасиетті Отпан тауға келу бақыты бұйырып, осы мекенге табаным тигеніне қуаныштымын. Тәзіке руының ұрпағымын. «Аруақты сыйлаған азбайды, тегін сыйлаған тозбайды» деген нақыл сөз бар. Осы ұстанымды, бірлікті, татулықты, ауызбіршілікті, бейбітшілікті басшылыққа алған Адай ата ұрпақтарының игі дәстүрі жақсы жарасым тауып отыр. Мереке мәдени- спорттық мазмұнды шаралармен әсерлі өтіп жатыр. Барша Алаш жұртын жаңа жыл басымен құттықтап, елімізге тыныштық, береке- бірлік тілеймін! Амалдан амалға аман- есен жетейік!, – деді ауылшаруашылығы саласының ардагері Ұзаққали Қайырғалиұлы. Қашан да той–думанның ажарын кіргізіп, сәнін келтірген ұлттық ойындар ұйымдастырылып, көпшіліктің қызу қолдауына ие болды. Спортшыдан ептілікті, төзімділік пен батылдықты талап ететін аударыспақ сайысында 60 келі салмақта Ерлан Дүйсенбайдың (Қарақия ауданы),70 келі салмақта Әнес Етрековтің (Қарақия ауданы), 80 келі салмақта Жоламан Сүндетбаевтің (Түпқараған ауданы), 90 келі салмақта Кенжеғали Бекқалиевтің (Түпқараған ауданы) қайрат- күші басым түсті. Аттың қалай бапталып, үйретілгені, жүйріктігі сыналатын спорт түрі көкпар жаппай тартыс түрінде өтті. Бұл ұлттық ат спортына ұйымдастырушылар атынан 500 мың теңге тігілді. Бұлшық еті шыныққан 20-дан аса азамат гір тасын көтеруден сайысты. Нәтижесінде 1-орынды Еркебұлан Қанатбаев қанжығаласа, 2-орынды Абзал Базарбаев, 3-орынды Рустам Мұхитденов иеленді. Бұл ақтаулық жеңімпаздарға Тәзіке ата ұрпақтарының атынан қаржылай сыйлық үлестірілді. Ұлттық күрестің айла-тәсілдерін жетік меңгеріп, ауыр салмақтарды көтеріп жаттыққан 20 спортшы түйе палуанда бақ сынады. Боз кілемде белдескен палуандардың ішінде 1-орынды Мейрамбек Жаңабай (Ақтау қаласы) жеңіп алса, 2-орынды Нұрдәулет Жарылғапов (Бейнеу ауданы), 3-орынды Олжас Сүлеймен (Орал қаласы) иеленді. Жүлдегерлерге Тәзіке ата ұрпағынан естелікке белдік пен қаржылай сыйлық табысталды.Білек сынасу сайысында Нұрсейіт Тұрланбаев 1-орынды иеленсе, Мақсат Ақұшақов (Жаңаөзен қаласы)2- орынды, Досмұханбет Сәрсенбаев 3-орынды жеңіп алды. – Бұрын Маңғыстауға бірнеше рет келдім. Қазақстанның ішінде батыс аймақтарда ғана сақталған Амал мерекесі туралы интернет арқылы білдім. Амандық- саулық сұрасып, туыстардың бір-бірімен қауышуы, кішінің үлкенге көрісуі, жасы егде кісілердің жастарға бата беру дәстүрі мен үшін таңсық болды. Сондықтан да осы мерекеге қатты қызығушылығым оянып, қатысуды, өз көзіммен көруді ұйғардым. Мен Бельгияда phd докторантурада оқып жатырмын. Маңғыстаудың тарихы, қалыптасуы, дамуы, мәдениеті туралы зерттеп жүрмін. Ұлттық спорт ойындарын тамашаладым. Өте қызықты өтті. Алдағы уақытта ғылыми жұмыстарыма көрген-білгенімді жазамын, – деді Италиядан келген қонақ Маурицио Тотаро. Бұл күні ақтарылған ақ тілектер, ақжарма лебіздер мен баталы сөздерді жадына түйіп, жылдан-жылға аман-есен жеткеніне шүкіршілік дескен халық еліміздің ырыс- несібесінің арта беруін тілеп, мызғымас береке мен татулыққа тәу етті. «Тәзіке ата» қайырымдылық қорының төрағасы Роман Балтабаев келесі жылдан бастап Отпанда Амал мерекесін ұйымдастырудың тәртібі өзгеретінін, кезегі келген ру басшылық ететінін, қалған рулар қосшы болып, жүкті біріге көтеретінін хабарлады. Тәзіке атаның ұрпағы Нұрсапин Айдолла келесі жылы Амал мерекесін ұйымдастыратын Құнанорыс руының өкілі Қайыр ақсақалға бірлік отын табыстады.
Ханым ҚУАТ Фарида МҰҢАЛҚЫЗЫ Суреттерді түсірген Талант ҚҰСАЙЫН