"Қазақстан - жалғыз ұлы қазақтың" атты облыстық «Маңғыстау жұлдыздары» өнер фестивалінің концерті 21 сәуір күні Жаңаөзен қаласында өтті. Айтылмыш өнер бəйгесінің аймақ халқы мен оның өскелең өнері үшін тəрбиелік мəн-мағынасы мен мазмұны айрықша үлкен шара. Тәуелсіз еліміздің егеменді ел атанғанына 25 жыл мерейтойымен орайлас келген бұл фестиваль осы жылдар ішінде Елбасымыздың тікелей қолдауымен өлке өнерінің, қаншалықты өсіп дамығандығын, өнерпаз жастардың қаншалықты жетілгендігін жəне рухани байлығымыздың кемелдене түскенін айқындап берді. Мұнайлы қаладағы «Мұнайшы» мәдениет үйінде өткен фестивальға көрермен көп жиналды. Концерттік кешке аймақтың өнертанушылары мен мәдениет қайраткерлері қазылық етті. Жаңа есімдер мен тың шығармаларды анықтайтын шара осыдан он жыл бұрын басталған еді. Бүгінде бүкілқазақстандық сипат алып келеді. Фестивальдің мақсаты да сол - жаңа есімдерді шығару, тың туындылармен таныстыру.
Жаңаөзенде өткен «Маңғыстау жұлдыздары» фестивальдің ашылу салтанатында облыстық мәдениет басқармасы басшысының орынбасары Гүлнар Базаралиева, қала әкімінің орынбасары Исахан Сағынбаев сөз сөйлеп, қатысушыларға сәттілік тіледі. Концерт барысында ән, би, күй, монолог оқу секілді бағыттары бойынша жас өнерпаздар өнерін көрсетті.
Гүлнар Базаралиева - облыстық мәдениет басқармасы басшысының орынбасары, қазылар алқасының төрайымы: Фестивальге қатысып жатқан өнерпаздардың саны 1000-нан астам. Биылғы талабымызда бұрын сахнада көрінбей жүрген жаңа таланттарды табу. Таланттар бар. Жақсы би ұжымдары, оркестр, дәстүрлі әншілер. Біздерді ол қуантады. Осыған дейін іріктеу кезеңі барлық аудандар мен Ақтау қаласында өтті. Бейнеуден бастау алған фестиваль Жаңаөзенде бүгін тәмамдалып жатыр. Алдымызда айтыс пен суретшілер байқауы бар. Фестивальдің қорытындысы 19 мамырда гала концертпен Ақтау қаласында өтеді. Жаңаөзендік қатысушылар жақсы өнер көрсетті. «Маңғыстау жұлдыздарының» жұлдызы жана берсін!
Фестивальда өнер көрсеткен жаңаөзендік өнерпаздар, өнерге ел ішінен іріктеліп шыққан өнерпаздар жыл өткен сайын репертуарларын жаңғыртып, сахна төрін түрлендіруде. Сондай-ақ, ерекше дауыс иелері, тума таланттар жетерлік. Шара барысында көрермендердің өнерге деген шексіз құрметінің, сүйіспеншілігінің белгісі болар, сахнадағы әр нөмірді ду қол шапалақпен шығарып салып отырды. Осылайша, жаңаөзендік өнерпаздарының әуезді әні мен әсерлі күйі, көркем биі мен жампоз жырлары көрермен алдында тағы бір асқақтады.
ГҮЛСІМ ОСПАН