Демократиялық таңдау еркіндігі
[ 2019 ] 12 сәуір, 09:38 | Аудан тынысы
Қазақстан Республикасының Президенті Қ.Тоқаевтың елімізде кезектен тыс Президент сайлауын өткізу жөніндегі Үндеуін қолдаймын.
Еліміз дамудың жаңа кезеңіне аяқ басты. Біз Елбасымыз Н.Ә.Назарбаевтың көп жылғы көрегендік саясатының нәтижесінде үлкен жетістіктерге қол жеткіздік. Жаңа энергия көздерін игеру, шаруашылықтың барлық салаларына кәсіпкерлік ортаны тарту, шикізат өндірісінен даяр өнім өндіруге көшу, кәсіби мамандар дайындау бағытында үлкен жұмыстар атқарылуда. «Нұр Отан» партиясының соңғы сьезінде Елбасымыз белгілеген бірқатар қолдаулар отбасылардың жағдайын жақсартуға, кедейлікті азайтуға мүмкіндіктер туғызады. Алда, кезек күттірмейтін, бұдан да үлкен қызметтер бар. Сонымен бірге қазіргі саяси-экономикалық даму бағыты қоғамымыздың барлық саласында, оның ішінде азаматтардың санасында да жедел өзгерістер жасауды қажет етуде. Біз, Түпқараған аудандық мәслихатының депутаттары, Елбасы ұстанған саясаттың жалғасуын, елімізде бейбітшілік болуын, мемлекеттік бағдарламалардың уақытылы іске асуын, азаматтардың әл-ауқатының көтерілуін қолдаймыз.
Сол үшін жерлестерімізді 2019 жылдың 9 маусымындағы Қазақстан Республикасы Президентінің кезектен тыс сайлауына бір кісідей қатысып, демократиялық таңдау еркіндігін пайдалана отырып, жаңарған елдің жаңа басшысын ұйымшылдықпен сайлауға, ел тәуелсіздігінің нығаюына азаматтық үлесімізді қосуға шақырамыз.
Р.РЫСМҰҚАМБЕТОВ,
Түпқараған аудандық мәслихатының депутаты
Спортшылар сайлауға қатыспақ
Біз күн сайын қоғамның жаңаруы мен жаңғыруының куәсі болып келеміз. Күн сайын бір игілікті жаңалық естиміз. Әсіресе, елімізде жастардың келешектегі тұтқа ұстарлық рөліне үлкен мән беріп, олардың маман ретінде қалыптасуына, ғылымда, өнер мен спортта, басқа да салаларда шыңдалуына барлық жағдайларды жасап отыр. Еңбек пен ұмтылыс жастардың қай істі де меңгеруіне мүмкіндіктер беруде.
Таяуда ғана Анталияда өткен әлемдік спорт додасында біздің жасөспірімдеріміздің биік межеден көрінуі осы ұмтылыстың жемісі деп білемін. Киктайбоксингтен біздің облысымыз үлкен жетістіктер көрсетуде, соның ішінде Түпқараған ауданының орны ерекше, осы жолда еңбек етіп, шәкірттеріне руxани және физикалық тұрғыда дәріс беріп жүрген Маңғыстау облыстық киктайбоксинг федерациясының бапкерлеріне үлкен алғыс айтамын.
Ата-бабамыз «Жанамын дегенге от бер» деген нақыл сөз қалдырған. Таушық ауылында ҚР мен әлем чемпиондарын дайындаушы бапкер Өтебаев Балтабек, Ақшұқыр ауылы бойынша Таңбай Жамбыл, Омашев Бауыржан, Ақкетіктегі Құдайберген Болатбек інілерімізге табысты еңбек тілеймін. Шәкірт тәрбиелеу – жауапты да қиын жұмыс.
Мен алда да жастардың білім мен спортқа, өнерге қатар қанат самғауын тілеймін. Ол үшін еліміздің өркендеп, дамуы аса маңызды. Даму тек бейбіт заманда ғана болмақ. Сондықтан Қазақстан Республикасының Президенті Қ.Тоқаевтың 2019 жылдың 9 маусымына кезектен тыс Президент сайлауын өткізуді тағайындауын елдің тұрақтылығын, бейбітшілігін, дамуын қамтамасыз етуге жасаған қадамы деп білемін. Спортшы қауымды Президент сайлауына ұйымшылдықпен қатысуға шақырамын. Еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын, жастарға жетістіктер тілеймін.
А.ТӨЛЕУМАҒАМБЕТОВ,
Түпқараған аудандық мәслихатының депутаты,
«Шегендеусервис» ЖШС директорының кеңесшісі
1153
Маңғыстау Медиа
Редакциялық пікір мақала авторлары мен оқырмандардың пікірлеріне сәйкес келмеуі мүмкін. Жазба және пікірлердегі ақпараттың дұрыстығы үшін авторлардың өздері жауапты.