©
Осыдан екі жыл бұрын, яғни 2017 жылы 12 сәуірде Елбасымыз «Болашаққа бағдар: рухани жаңғырту» бағдарламалық мақаласын жариялап, онда қоғамдық сананы жаңғыртудың нақты бағыттарын айқындап берген еді. Өткен екі жыл ішінде бағдарлама аясы айқындала түсті, бұл жаңғыруға қазақстандық қоғам қолдау көрсетті. Елбасымыздың бастамасымен қолға алынған «Рухани жаңғыру» бағдарламасы, бұл – шын мәнінде, ұлттық деңгейдегі ауқымды жоба. Ол қоғам тіршілігінің барлық саласын қамтитындығымен бірегей. Оны қазіргі кезеңдегі және ұзақ мерзімді қазақстандық қоғам дамуының өзіндік кешенді идеалогиялық платформасы деп батыл айтуға болады. Бағдарлама қолға алынғалы ауданымызда біршама жұмыстар атқарылды. Атап айтсақ, «Атамекен» кіші бағдарламасы аясында аудан түлегі, кәсіпкер С.Мұңалбаев Шетпеге тартуы ретінде заманауи «Азамат» спорт кешені мен жүзу бассейнін салып берді. Сонымен қатар Шетпе ауылынан екі 50 орындық «Алдияр», «Нұрсая» жекеменшік балабақшалары, А.Меңдалыұлы атындағы орта мектеп жанынан спорт алаңы, Шетпе ауылы тұрғыны, жеке кәсіпкер М.Қармысовтың мал сою алаңы және мал базары, мал өнімдерін консервілеу цехы іске қосылды. Шетпе ауылында қиыршық тас өндіретін кәсіпорындардың көмегімен ауылішілік жол сұлбасы салынды. Бағдарлама аясында мектеп түлектерінің бастамасымен ауылдарға, оқыған мектептеріне көмек жасау шарасы қарқынды жүрді. Соның нәтижесінде Үштаған ауылының орталық саябағына балалар үшін жүзу бассейні мен субұрқақ іске қосылды, жүзден аса жас ағаштар отырғызылып, брусчатка төселді. Мектеп бітірушілер саябағы мен мектеп мұражайы жұмысын бастады. Үштаған, Өтес ауылдарында автобус аялдамасы пайдалануға берілсе, Өтес мектебі жанынан жылыжай салынды. Бес мектепке жаяу жүргіншілер жолдары салынса, 2018 жылы да аталған жобалар жалғасын тауып, Онды орта мектеп түлектері мектебі жанынан жылыжай, Қызан ауылы азаматтарының бастамасымен құны 110 млн. теңге жаңа спорт ғимараты пайдалануға берілді. Астана қаласының 20 жылдық мерейтойы қарсаңында Жыңғылды ауылынан ауыл азаматы, жеке кәсіпкер Т.Ерманов 2 пәтерлік 2 тұрғын үй салып, әлеуметтік қолдауды қажет ететін 4 отбасына табыстады. Мәдени мұраларымызды жаңғырту жұмыстары да назардан тыс қалған жоқ. Тобықты жер асты мешітіне тазалық, абаттандыру, жаңғырту жұмыстары жүргізілсе, Бердалы, Қоғам ата, Манас ата атаулары жазылған тақталар жаңғыртылды. Сейсем ата, Ақшымырау ауылында Есен Ерменбет ата, республикалық маңызы бар Шетпе-Жетібай автожолы бойында орналасқан Есен ата, Үштаған ауылындағы Ақтөбе қауымына түнеухана салу жұмыстары жүргізілді. Ауданның табиғаты мен тарихи орындарынан сыр шертетін, туризмді дамыту бағытында «Тарихы таста қалған» деген атаумен үш тілде кітап шығарылды. Шетпе ауылындағы 16 пәтерлік 2 қабатты тұрғын үйлер күрделі жөндеуден өтті. Жыңғылды, Шетпе ауылынан ашық спорт алаңы салынып, ауданның 90 жылдығы мерекесінде пайдалануға берілді. Тұңғыш Президент күні қарсаңында аудан орталығында жаңа жеке меншік «Аяла» балабақшасы, Шетпе ауылы, Қосбұлақ шағын ауданынан балалар ойын алаңы, ашық спорт алаңы ашылды. Үштаған ауылішілік 3,5 шақырым жолы «Ақжол» ЖШС директоры Асылбек Жолдыбаевтың жеке демеушілігімен асфальтталды. Тағы бір айта кететініміз, облыстық мәслихат депутаттарының демеушілігімен Тобықтыдағы Бекет ата мешітіне газ құбыры тартылды. Шынында да, бұл жылдар ішінде көп жұмыс атқарылды. Жалпы алғанда, қоғамдық сананы жаңғырту бағдарламасын іске асырудың алғашқы екі жылының қорытындысы жаман емес, нақты нәтижелерге қол жеткіздік және болашаққа айқын жоспарлар бар. Алдағы уақытта бұдан да көп іс жасалатынына сенемін.Е.МАХМУТОВ, аудан әкімінің орынбасары