Маңғыстаулық кәсіпкер өзінің туған ауылының жолын асфальттап берді. Бұл туралы Ұштаған аулының тұрғындары әлеуметтік желілерде қуана жазған еді. «Жақсының жақсылығын айт, нұры тассын» демекші, кәсіпкер А. Жолдыбаев басқаратын «Ақ жол құрылыс» компаниясына хабарласқан едік. Компания өкілдерінің айтуынша, ауылға жол салып беру туралы ұсынысты Маңғыстау облысының әкімі Ералы Тоғжанов пен ауыл ақсақалдары білдірген. Бюджеттен бөлінген қаржыға салынған жолдың ауылдың кіре берісінен аяқталғанын көріп, кәсіпкер ауылдастарының сөзін жерге қалдырмай 3 шақырым ауылішілік жолға өз қаражатымен асфальт төсеп берген.

Маңғыстаулық кәсіпкер туған аулының жолын асфальттап берді
Суретте Батанияз Елешов

«Жолдың салынғанына 30 жылдай уақыт өткендіктен, тек сұлбасы қалған. Ауылдағы 4 көше мен әлеуметтік объектілер: мектеп, балабақша, әкімшілік, мәдениет үйінің маңы асфальталды», — дейді компания директоры Батанияз Елешов.

Жол төсеуге 15-22 қараша аралығында 1 апта ғана уақыт кеткен. Сондай-ақ жол жөндеу жұмысына 50-ге жуық қызметкер мен 40 шақты техника көлігі жұмылдырылды. Жолды қалыпқа келтіруге мекеме тарапынан 20 миллиондай ақша жұмсалған.

Б. Елешовтың айтуынша, ауылдағы жолдың көлемінің әртүрлігіне байланысты, шамамен 15 мың шаршы  метр² шақырым жол жөнделген.

Туған жеріне тарту жасаған азаматқа ауыл тұрғындары да ризашылығын білдіріп жатыр.

Ақкенже БЕРКЕНОВА
Суретті түсірген Талант ҚҰСАЙЫН
Жөндеу жұмысының көрінісін компания ұсынды