Тоқсан жылдық тарихы бар Маңғыстау ауданының артынан ерген баласы іспетті аудандық «Жаңа өмір» газеті 1941 жылы жарық көрген болатын. Содан бері қарай қаншама қиын қыстау кезеңде де тұғырынан таймай, қайта өсіп, өркендеген «Жаңа өмір» газетіне биыл – 77 жыл.
Алғашқы жылдары «Сталин жолы» атауымен беттелген газет кейін ауданның жаңа өмірінен сыр шертіп, «Жаңа өмір» атауымен шығып келеді. Маңғыстау ауданының жаңа лығын, өркендеп – өсу жолдарын қалың бұқараға насихаттап, тiпті 1941-1945 жылдардағы сұрапыл соғыс тұсында тыл еңбеккерлеріне күш-қайрат пен жiгер берген де осы газет. Күні бүгінге дейін аудан айнасы тәуелсiздiктi, бiрлiк пен тiрлiктi жырлап келедi.
Ұлттың рухани ұстазы, Алаш арысы Ахмет Байтұрсынов: “Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек. Газеті жоқ жұрт басқа газеті бар жұрттардың қасында құлағы жоқ керең, тілі жоқ мылқау, көзі жоқ соқыр сықылды...» деген еді. Ғасырға бір қадам жуықтаған аудандық газет бұл сөздердің құндылығын жоймады. Өйткені редакцияда қаламы жүйрік, сөзі ұтқыр, тілі шұрайлы, іске мығым Терекбай Икембай, Әзірбайжан Қонарбаев, Әзірбай, Қыдырбай Тұрмағанбетовтер, Асан Әбіров, Талғат Атшыбаев, Жетібай Жылқышыұлы, Бірғали Байекеев, өлкеден шыққан тұңғыш журналист қыз Шарай Батырбаева, Төлекеш Шайкөзов, Қожахмет Демеубергенов сынды белгілі журналистер қызмет етіп, сол кісілердің шекпенінен шыққан біздер де баспасөз саласының ардагері атанып үлгердік.
Кезінде баспаханада әрбір әріпті қолымен теріп, газет беттеген Әди Бердіғұловтың еңбегін де атап өтпеске болмайды. Қаншама жылдар бойы екі түспен шығарылған газет кейін 2004 жылдан бастап түрлі түсті болып шықты. Суреттермен әсемделген газеттің келбеті өзгергенмен, оқырмандарға берер ақпараты жүрісінен жаңылған емес. Сол жылдарда газеттің әсемделуіне қатты көңіл аударатын Т.Икембай барлық қырынан ұстаздық ете білді. Кейін К.Ұзақбай да сол кісілердің ұстанған қағидасы арқылы газетке басшылық етті. Осындай үлкен тарихы бар газеттің бүгінде оқырмандары ортаймасын, журналистердің қаламы мұқалмасын, алдағы күндерде де биік шыңдарды бағындырған, атағы елімізге танылған үлкен жанұялы газет ұжымы атануға тілектестік білдіргім келеді.
Х.ҚОРАБАЕВ газеттің байырғы қызметкері