Кәрі шаңырақ ауданымыздың 90 жылдығы аясында Шетпедегі аудандық коммуналдық шаруашылық ғимаратында өңірімізге белгілі тұлға, мемлекеттік қызмет саласының мықты маманы, ауданның дамуына үлес қосқан атпал азамат Қомшабай Қойсаринге ескерткіш тақта орнатылды.
Қомшабай Қойсарин 1951 жылы Тұшықұдық ауылында дүниеге келген. 1974 жылдан 2005 жылдар аралығында аудандық, облыстық деңгейдегі коммуналдық шаруашылық қызметтерінде басшылық жасады. Өмірінің соңында 2005 жылы "Маңғыстау жылу, су" мемлекеттік коммуналдық мекемесінің басшысы қызметін атқарды.
Жылы жүзді, айналасына қамқорлық танытып, сауатты басшы бола білген Қомшабай ағамызға арналған шарада Маңғыстау ауданының әкімі Ж.Айтуаров: «Қомшабайдың азаматтық қасиеті жоғары еді. Құжатқа өте сауатты болатын. Қызметіне адал, ісіне ширақ, қандай да бір жұмысты асқан жауапкершілікпен атқаратын атпал азамат нағыз кемел шағында дүниеден озды. Өңірімізде осындай ел сыйлайтын азаматтың қызметі мен бейнесі болашақтың жадында жаңғырсын деп тақта орнаттық», - деді.
Шара барысында сөз алған аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы А.Ертілеуов пен туысы Ж.Қойсарин, замандасы С.Тілегенов естеліктерімен бөлісті.
Аллаберген ҚОНАРБАЕВ, аудандық жастар орталығының директоры