©
«Ел болам десең, бесігіңді түзе» дейді дана халқымыз. Көшелер мен шағынаудандарға, ауылдар мен қалаларға қазақша атау беру - егеменді елдің талабы.
10 желтоқсан күні Бостан ауылынан жаңадан берілетін жер телімдеріне «Үстірт» шағынауданы атауын беру туралы қоғамдық тыңдау өтті. Ауылдағы мәдениет үйінде өткен жиынға әкімдік басшылары мен ардагерлер, ауыл тұрғындары қатысты.
Жиынды ауыл әкімі Ш.Асанов ашып, күн тәртібімен таныстырған соң ауыл тұрғыны Б.Озғанбаев: – Маңғыстаудың қай аймағы болмасын топырағы, тауы, тасы тарихқа бай. Ауылды шағын ауданға бөліп, атау беру орынды көтерілген мәселе. Болашақта аты тарихта қалу үшін шағын ауданға жер-су атауын беру керек. Ауылдың жаңадан берілетін жер телімдері орналасқан аймағына «Үстірт» атауын беруді қолдаймын, - деді.
Бұдан соң зейнеткер Т.Абдуллаев: - Маңғыстаудың табиғатын суреттеу оңай емес. Тарихқа жүгінсек, біз орналасқан аймақта жүздеген миллион жыл бұрын Тетис мұхиты болған екен. Сол мұхит тартылып, үстірт бедері пайда болған деген болжам бар. Сондықтан тарихта аты өшпес үшін «Үстірт» атауын беруді қолдаймын, - деп өз пікірін білдірді.
Жиналғандар түгелдей осы ұсынысты қолдайтынын білдірген соң Бостан ауылындағы атауы жоқ жаңадан берілетін жер телімдері орналасқан аумағына «Үстірт» шағынауданы атауын беру туралы қаулы қабылданды. Шағынаудан атауын бекіту үшін аудандық мәслихатқа және облыстық ономастика комиссиясына ұсынылатын болды.
Шынар КЕНДІН