Елбасы «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласында қазақстандықтардың тарихи санасын жаңғырту мәселесін жаңаша қарастырады. Мақалада Мемлекет басшысы «Өткенін мақтан тұтып, бүгінін нақты бағалай білу және болашаққа оң көзқарас таныту – елдің табысты болуының кепілі», - деп атап өтті. Сондай-ақ тарихымыздың көп қырлы екенін ескере отырып, оған оң көзқарас танытуға шақырады. Айтулы жобаның көңілге қонымды тұстары да, болашаққа артар жауапкершілігі мен салмағы да зор. Жуырда Маңғыстау техникалық колледжінде «Ұлы даланың жеті қыры - руханиятымыздың мызғымас бөлшегі» пресс-конференциясы өтті. Мақсаты – жастарға рухани тұрғыдан адамгершілік тәрбие беру, ұлттық құндылықтарды дәріптеу, сонымен қатар қазақ халқының салт-дәстүрін, тарихы мен өнерін ұлықтау. Шараға қолөнер шебері Шархат Төлемісова, өлке тарихын зерттеуші Сегізбай Әнесов, ұлттық өнер - құсбегілікті ұлықтап жүрген Айшуақ Тайманов қатысты. Жиын барысында сөз алған Ш.Төлемісова ұлттық қолөнер туралы жастарға кеңінен айтып берді. "Ағаш үйге сәндік үшін тағылатын шашақтар түрлі-түсті жіптер мен моншақтарды пайдалану арқылы әсемделіп жасалады. Ұлттық дүниетанымымыздан сыр шертетін ағаш үйді тігу қазіргі таңда сиреп бара жатыр. Сондықтан болар бүгінде ағаш үйдің құрал-жабдықтарын білмейтін адам көп". Ал С.Әнесов жастарға өлкедегі қасиетті орындар мен өзіндік тарихы бар таулар туралы айтты. «Өлке тарихын келешек ұрпаққа жеткізуші - сіздер. Сондықтан қазірден жақсы оқып, тәрбие мен білімді ұштастыра қатар алып жүрулерің қажет. Себебі кез-келген дүние алдымен білімді болуды талап етеді. Маңғыстау тарихи тастарға бай жер. Елбасымыз Н.Назарбаевтың өзі мақалада шығу тарихымызды, өскен жеріміздің қыр-сырын білуді тапсырды. Сондықтан өлке тарихын өміршең етуде әрбіріміз тер төгуіміз қажет», - деді. Үлкендердің ұлағатты әңгімелерін тыңдаған жастар А.Таймановтың қыран құсты баптау туралы кеңесіне де ортақтасты. Өзімен бірге алып келген құс туралы әңгіме айтқан құсбегі оқушылардың құс баптауға деген қызығушылығын оятты. Жиынды колледж директорының міндетін атқарушы Берік Болатұлы қорытындылап, қонақтарды Алғыс хатпен марапаттады.
Данагүл ҚОЖАБЕРГЕНҚЫЗЫ