Ұлт пен ұрпақтың бесігін тербетіп, тәрбиесін түзеген, тіліміз бен ділімізді санамызға сіңірген Ана деген құрметті атқа ие ардақты жандарға қандай құрмет көрсетсең де лайық! Олар еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуына ғана емес, демографиялық жаңаруына да зор үлес қосып келеді. Өткен аптада Маңғыстау ауданы әкімі аппаратының мәжіліс залында алтын құрсақты аналарға құрмет көрсетілді. Елбасының қолы қойылған кітапша мен "Алтын алқа", "Күміс алқа" медалін аудан әкімінің орынбасары Е.Махмутов тапсырды. Аудан бойынша мұндай марапатқа ие болған 30 ананы құттықтау әр ауылда да жалғасын тапты. «Әлемдегі әсемдік пен сұлулық әйел көркі мен ана мейірімінен нәр алған» деген даналық сөз бар. Расында адамзат өмірінің іргетасы әйелдің қолымен қаланады. Әйел қашан да тіршіліктің шырайы, отбасының шырағы. Сондықтан да асыл аналарымыз бен қарындастарымыздың орны ерекше» деген Е.Махмутов аналарға жүрекжарды тілегін айтты. Нәзік жандыларға берілген медаль мен ізгі ниетті жылы лебіздер әйел бейнесін, оның көркемдігі мен әсемдігін әспеттей түсті.
А.РАХМЕТОВА