©
Маңғыстау жүк тасымалы бөлімшесі кәсіподақ ұйымының былтыр қандай жұмыс атқарды? Биылғы жылғы жоспарлары жайлы не білеміз? Бұл туралы бөлімшедегі ұжымдық шарттың орындалысы жөніндегі кәсіподақ ұйымының конференциясында айтылды. Конференцияда Маңғыстау жүк тасымалы бөлімшесі кәсіподақ комитетінің төрағасы Әзірбай Тұрмағанбетов 2018 жылы атқарылған іс-шаралар, Ұжымдық шарттың орындалысы жөнінде кең көлемді баяндама жасады. - Бөлімшенің кәсіподақ ұйымында бүгінгі таңда 2205 кәсіподақ мүшесі есепте тұр. Кәсіподақ ұйымында 3 өндірістік кеңес, 12 техникалық инспектор, 17 цехтық, 20 топтық кәсіподақ ұйымы бірлесіп жұмыс жасап келеді. Кәсіподақ комитеті аталған мерзім ішінде ұжымдық шарттың орындалысын бақылап, жұмысшылардың өтінішін, талап-тілектерінің орындалуы үшін мүмкіндікке сай жұмыстанды. Яғни Ұжымдық шарттың орындалуы, еңбек заңдылықтарының сақталуы, еңбекті қорғау жұмыстарының ұйымдастырылуы, кәсіподақ мүшелерінің әлеуметтік жағынан қорғалуы басты назарда ұсталды. Оның ішінде үлкен цехтық ұйымдар мен топтық кәсіподаққа тиісті кадр, есеп, экономика бөлімдері жұмыстары комитет бекіткен жылдық жоспарға сай тыңдалып отырылды. Комитет жыл сайын шағын станса, бекеттердің әлеуметтік-тұрмыстық жағдайлары жайлы анықтама-талдау дайындап, орындалысы туралы тиісті орындарға жеткізіп келеді. Ұлттық компанияда 3 жыл сайын тұрақты жаңартылып отырылатын ұжымдық шарт 2018 жылы Көлік министрлігі, жұмыс беруші - ұлттық компания және республика теміржолшылары арасындағы үш жақты қол қойылған 2018-2020 жылдарға арналған әлеуметтік мәселелер жөніндегі салалық келісім негізінде бекітілгенін білесіздер. Өзге кәсіпорындар секілді біздің теміржолшылар да ұжымдық шарттағы еңбек қауіпсіздігі мен оны қорғау, өтемақылар, демалыс, әлеуметтік кепілдіктердің жеңілдіктері туралы жаңа ұжымдық шарттың нақты бекітілгені жайлы күшіне енгеннен бері жұмысшы, қызметкерлерге таныстырылып, орындалысы қадағаланып келеді, – деді Ә.Тұрмағанбетов. Айтуынша, былтыр бөлімше жұмысшыларының бірде-бірі жұмыстан қысқартуға ұшырамаған. Кейбір кестеден ауытқулардың болғандығы, күнделікті жұмысқа шығатын ауысым кестесінің мерзімінен кеш бекітілуі, тіпті шағын бекеттерде көрсетіліп, ілініп тұрылмауы секілді кемшіліктер анықталып, түзетілген. Кәсіподақ комитеті жұмысшылардың уақытылы еңбек демалысына шығуын, жеке еңбек шартының бұзылмауын, тәртіптік шараның орынды берілуін қадағалап отырады. Мысалы, 2017 жылы 1095 жұмысшыға берілген тәртіптік шараның 2-еуі, 2018 жылы 1219 жұмысшыға берілген тәртіптік шараның 124-і алынып тасталған. Өткен жылы жұмысшылардың уақытылы еңбек демалысына шығуында өндірістік жұмысқа орай ауытқушылықтар кездескендігін айта кету керек. Десек те, ол уақытында қаперге беріліп, жұмысшы, қызметкерлерге де қолданылатын тәртіптік шараның заң шеңберінде берілгені қадағалануда. Жұмысшылар мен зейнеткерлер үшін әлеуметтік жеңілдіктердің есептік құны жыл сайын өсіп келеді. Мұны берілетін әлеуметтік жеңілдіктер сметасының орындалысынан көруге болады. Атап айтқанда, бөлімшеде құрылған әлеуметтік мәселелер жөніндегі алқаның шешімімен тек 2018 жылдың өзінде ұжымдық шартта көрсетілген балалы болған 298 жұмысшы, туысы қайтыс болған 63 жұмысшы материалдық көмек алыпты. Сондай-ақ тиісті жұмыс өтіліне сай 53 жұмысшы, қызметкер, 17 зейнеткер, мерейлі жасқа толған 20 жұмысшы, 13 зейнеткер, 726 балаға материалдық көмек берілген. 2018 жылы жұмысшылардың 53 мүгедек баласына жәрдемақы, үйленген 52 жас отбасыларға көмек берілген. 2017 жылы жазғы балалардың сауықтыру лагерінде 111 бала, 2018 жылы 192 бала жазғы лагерде демалды. Ал 2017 жылы 29 жұмысшы шипажайда демалса, 2018 жылы 203 жұмысшы, қызметкер және 36 зейнеткер республиканың әртүрлі шипажайларына жолдама алған. Есепті мерзім ішінде жұмысшы балаларына ұжымдық шартқа сәйкес Ұлттық компаниядан бөлінген жаңа жылдық сыйлық үлестіріліп, жаңа жылдық ертеңгілік үшін арнайы бюджетте қарастырылған қаражат үлкенді-кішілі стансалар мен шағын бекеттерге бала санына орай тиісті мөлшерде берілді. Әзірбай Тұрмағанбетов өз баяндамасында: «Жыл сайынғы 7 пайыздық инфляцияға байланысты Ұлттық компания басшылығы да жыл сайын соған сай еңбекақыны да көтеріп келеді. Өткен жылы теміржолшылар жалақысы 10 пайызға өсті. Орталық Кеңес теміржолшылар кәсіподағы басшылығы бастауыш ұйымдардың ұсыныс-пікірлерімен санаса отырып, қабылданған жаңа ұжымдық шарттағы тиісті жеңілдіктерді сақтап қалды. Бір мысал, біздің ұсынымыз бойынша Орталық Кеңес кәсіби одағы тікелей араласуының арқасында соңғы жылдары мекеме жұмысшылары, оның ішінде пойыз құрастырушы, пойыз қараушы, жөндеуші және машинистерге ай сайын ұсталынып келе жатқан 10 пайыздық зейнетақылық жарнасына қосымша 5 пайыз жүк тасымалдау есебінен қосып, аударып келеді», – дегенді айтты. Баяндамада еңбекті қорғау мәселесі баса айтылды. Бұл жолда кәсіподақ ұйымы қоғамдық бақылауды нығайтып, жұмысшылардың қауіпсіздік еңбек жағдайын жасауға, денсаулығын сақтауға және жақсартуға, өндірістік жарақаттарды азайтуға, жазатайым оқиғалардың алдын алуға жұмыстануда. Мысалы, бөлімше бойынша денсаулыққа зиянды жұмыс орнында еңбек ететін жұмысшыларға да тиісті қосымша ақылар төленуде. Бөлімшеде еңбекті қорғау бойынша көрнекі құралдармен, радиостанциялармен, жұмыс орнындарында салқындатқыш, жылытқыш, қысқа толқынды пеш, электр шәйнектері секілді жабдықтармен және жеке қорғау құралдарымен, арнайы жұмыс киімдерімен мүмкіндігінше қамтылған. Арнайы жұмыс киімінің сапасы жылдан-жылға жақсарып келеді. Былтыр берілген жұмыс киімдері талапқа сай болған, тек 370 жұп қысқы жылы етік техникалық спецификацияға сай болмауына орай кейін қайтарылыпты. Жұмыс киімінің сапасы мен уақытында жеткізілуін Орталық Кеңес, бөлімше кәсіподақ филиалы үнемі назарда ұстап отыр. Бастауыш мектебі ғана бар №10 бекетте тұратын теміржолшылар балалары үшін алдағы күндері 8 жылдық мектеп салуды және емдеу пунктін ашуды облыстық, аудандық әкімшіліктерге ұсыныспен шығып, орындалуына ықпал ету жайында өтініш тұрақты назарда ұсталынуда. Өткен жылы 10-шы бекет үшін жағымды жаңалық, көптен бері шешілмей келе жатқан актив байланысы пайдалануға берілді. Алдағы уакытта интернет байланысын Ақтау транстелеком арқылы шешу ұйымдастырылуда. Сайөтес стансасындағы мектепке қатынайтын жұмысшы балалары үшін ай сайын ұжымдық шартқа сәйкес жолақысы төленіп келеді. Жаңа теміржол желілерінің ел игілігіне берілуі жарқын болашаққа бастар баспалдақ екені белгілі. Бұл ретте жас мамандардың, жалпы жұмысшылардың әлеуметтік жағдайын назардан шығармау кәсіподақ ұйымының басты міндеті. Осы бағытта болашақтықтар үшін салынған 85 екі пәтерлі тұрғын үй мен әрқайсысы 18 адамға лайықталған 14 вахталық үйлерде бүгінгі таңда 205 теміржолшы отбасымен тұрып жатыр. Тұрғын үйлерді жекешелендіру мәселесін жергілікті әкімшілікпен бірлесіп шешу, банкомат, пошта мәселелері, жұмыс күніне қатынайтын пойыздың жүру кестесін өзгерту ұсыныстары да әкімшілік, кәсіподақ ұйымының араласуымен шешімін тапты. Бүгінгі күні болашақтықтар үшін дәріхана қызмет көрсетіп тұрғанымен жедел жәрдем автокөлігі шешімін таппай келеді. Ауыз су мәселесі де күн тәртібінде, 20 үйге ВАЙ-ФАЙ интернет желісі тартылған. Ал, Жаңа Өзен қаласы «Рауан» шағын ауданының 13 үйінде тұрып жатқан 38 пәтер тұрғындарының мәселелері де күн тәртібінде, қаралу үстінде екен. Жұмысшылардың сумен қамтылуына тоқталар болсақ, бірінші класты стансаларда су мәселесі шешілген. Ал 3,4,5 класты стансаларға су «Теміржолсу» мекемесінің көмегімен арнайы цистерналармен тасылып, жеткізілуде. Өткен жылы басталған Бейнеу стансасындағы жылу құбырын ауыстыру жұмыстары биыл толық аяқталады деп күтілуде. Сонымен бірге өткен жылы Үстірт стансасындағы су сақтау қоймасына күрделі жөндеу жұмысы жасалынды. Үстіміздегі жылы теміржолшыларға сағатымен су беріп тұрған Үстірт стансасына су жинайтын мұнараны толық жөндеуден өткізіп, халық игілігіне жаратса, теміржолшылар жанұясына үзіліссіз су берілмек. Әрдайым зейнеткер-теміржолшыларды әлеуметтік қолдау ұжымдық шартқа сәйкес көрсетілуде. Бөлімшеге қарасты 406 зейнеткердің ішінде аз қамтылған отбасы үшін берілетін материалдық көмек, тіс салдыру, шипажайларда демалу секілді жеңілдіктер назардан тыс қалмаған. Тек өткен жылдың өзінде 54 жұмысшы зейнеткерлікке қаралып, Құрметті еңбек демалысына салтанатты түрде шығарып салуға кәсіподақ ұйымы мұрындық болды. Бүгінде бөлімше бойынша 1 соғыс, 1 тыл ардагері бар. Олардың алыс ауыл, аудандардағы үйлерінде болып, жүздесіп, Ұлттық компания атынан және әкімшілік пен кәсіподақ ұйымы атынан марапатталды. Ағымдағы жылдың қаңтар айынан бастап жүк тасымалы бөлімшесі бойынша тұңғыш рет ардагерлер кеңесі құрылды. Аталған кеңес алдағы күндері әкімшілікпен, кәсіподақ ұйымымен бірлесіп жұмыс жасай бермек. Бөлімше әкімшілігі мен кәсіподақ комитеті 2018-2020 жылдарға арналған ұжымдық шартты басшылыққа ала отырып, әлеуметтік әділдік және теңдікті қамтамасыз етудің жан-жақты шараларын ұйымдастырып қана қоймай, жұмысшылардың жұмыс орнындағы және қоғамдағы беделін орнықтыруға күш салатын болмақ.Әсел ТАҢАТАРОВА