Түпқараған ауданының әкімі Айдос Хамиев тұрғындар алдында 2018 жылғы ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуы туралы қорытынды есебін жасады. Есептік кездесуге Маңғыстау облысының әкімі Ералы Тоғжанов, мәслихат депутаттары, аудан және ауыл әкімдіктерінің активтері, аудан тұрғындары қатысты. Тұрғындар сұрақтары мен ұсыныстары тыңдалып, жауаптар берілді. Айдос Хамиевтің мәліметіне сәйкес, бүгінде аудан халқының саны 31 789 адамға жеткен. "Халықты жұмыспен қамту және әлеуметтік сала бойынша ресми тіркелу көрсеткіші 2018 жылдың соңында 266 адамды құрады. 2829 жаңа жұмыс орны құрылды. Жұмыспен қамту органдарына жыл бойы 2142 адам хабарласып, олардың ішінде жұмыссыздар саны 1362 адамды құрады. Аталған өтініш білдіргендер бойынша әлеуметтік шаралармен қамтылғаны - 1830, оның ішінде жұмыспен қамтылғаны- 1179 тұрақты жұмыспен, 338 уақытша жұмыспен қамтылды", – деді аудан әкімі А.Хамиев. Бизнесті қолдау мен дамытудың түрлі бағдарламалары арқылы өз ісін ашушы түпқарағандықтар саны күннен күнге артуда. «Nur Kapital» өңірлік бағдарламасын жүзеге асыру үшін аудандағы кәсіпкерлердің жобаларын саралап, облыстық үйлестіру кеңесінде барлығы 29 жоба мақұлданған. Жалпы сомасы 526,7 млн. теңгені құрайды. "Бизнестің жол картасы - 2020" бірыңғай бағдарламасы бойынша 2018 жылы 5 жобаға кепілдіктер беріліп, құны 64,3 млн.теңгені құраған. Шағын және орта бизнесті дамыту бағытында мемлекеттік қолдау мен несиелер беру бойынша 2018 жылы 46 кәсіпкер 208,6 млн. теңге сомасында несие алған. 66 жаңа жұмыс орны құрылса, оның ішінде «Атамекен» МҚҰ арқылы рәсімделген 51,2 млн. теңгенің 7 несиесімен 22 жұмыс орны және ауылшаруашылығын қолдау қорының «береке, кәсіпкер, ынтымақ т.б.» бағдарламалары арқылы 7 жұмыс орны құрылғаны да осы жиында мәлімделді. Білім беру, денсаулық сақтау, балаларды мектепке дейінгі балабақшамен қамту сынды жұмыстар да әкімдіктің тіке қадағалауымен өз шешімдерін табуда. Ауданда балабақшамен қамту көрсеткіші 99,7%, үш ауысымның алдын алу мақсатында 2018 жылы Сайын Шапағатов ауылы бойынша 600 орынды мектеп құрылысы аяқталып, пайдалануға берілген болатын. Биыл жоспарға сәйкес, Ақшұқыр ауылы бойынша 600 орындық мектептің құрылысына қаржыландыруға ұсыныс беріліп, республикадан қаржыланатын нысандар тізбесіне енгізілгені, сонымен қатар Е. Өмірбаев атындағы орта мектепті күрделі жөндеу жұмысынан өткізу жұмысы да жоспарға қойылғаны айтылды. Жиын соңында аудан тұрғындары өз ұсыныстары мен сұрақтарын ұсынды. Аудандық ардагерлер ұйымының басшысы А.Күзембаев өңір басшысы Е.Тоғжановқа аудандағы өнер мектебінің ғимаратын салуға «НКОК» компаниясының қаржысын ауданға тартуды сұрады: - Бірнеше жылдық тарихы бар өнер мектебінде бүгінде республикалық, халықаралық сайыстардан жүлделі орындардың иегерлері, жас буын тәрбиеленуде. Сондықтан осы мектептің заманға сай өз алдына ғимараты болуы біз үшін маңызды, - деді ардагерлер ұйымының басшысы. Екінші мәселеде «Ақтау-Форт-Шевченко» тас жолындағы қоғамдық көлік қатынасының мәселесі көп ұзамай шешімі табылатыны айтылды. «Азаматтық бастама» қоғамдық ұйымының төрайымы Г.Рамашева көп балалы аналарға арналған жатақханамен қамту, баспанамен қамтуда бөлек ұйымдастыру жұмыстары болуын басшыларға айтты. Ауданда жақын арада жеке кәсіпкердің ынтасымен кинотеатр ашылуы аудан тұрғындарына жақсы жаңалық болды. Осыдан басқа қозғалған аудандағы орталық саябақ мәселесі де көп ұзамай шешімін табатыны осы жиында айтылды. Көп көтерілген жұмыссыздық мәселесінде өңір басшысы Е.Тоғжанов азаматтарды жеке бизнес жұмысымен айналысуға шақырды. Жиын соңында Ералы Тоғжанов аудан басшысына оң бағасын беріп, бірқатар тапсырма берді.
Клара ҚАНСҰЛТАНОВА
Суреттерді түсірген Серік МАЙЕМЕРОВ