Қытымыр аязда теміржол төсеніштерін қардан аршып, тау-төбе қар үйінділерімен күресу шаралары «кәрі құданың» еліміздің қысы қатты аймақтарындағы теміржолшыларды қыспаққа алғандығын көрсетуде. Маңғыстау қысы салыстырмалы түрде басқа өңірлерден жылы болғанымен қарсыз, құрғақ борандар жиі болады. «Үркерлі айдың бәрі қыс» дегендей, жолшылар жұмысы жайында білмекке дөңес бойына барғанда №4 өндірістік телім бастығы Тұтқабай Оңғаров, жол шебері Талғат Есжанов, бригадир Бауыржан Қызылқұлов станция басының қауіпсіздігін, жолдың қалыпты жағдайда тұруын бақылап жүр екен. Бізбен тілдескен Тұтқабай Оңғаров: ─ Ақпан айының тексеруінде жүрміз. Жол шаруашылығының жағдайы, қауіпсіздігі жақсы. Ауа райы да биыл бізге қарасып тұрғандай. Қар жауған жоқ. Бағыттағыш бұрма аумай қалған жағдайлар, артық зақымдар, жол жабылулары болған жоқ. Бәрі қалыпты жағдайда, пойыздар кедергісіз жүріп, жолаушылар, жүктер ары қарай, бері қарай барып тұр. Дәл қазір бағыттамалы бұрманы, ақауларды өлшеп келе жатырмыз. Барлығы өзінің рұқсаттық өлшемінде. Ауыр ақаулардан аманбыз. Шіріген шпалдарды ауыстыруымыз керек. Астарлары сынады, желінген рельстер болады, соларды ауыстырамыз, – дейді. Жалпы Маңғыстаудың басында 18 жол бар. Оның 6-ы пойызды қабылдап, жіберетін, 12 жол келген вагондарды сұрыптап, жөнелтетін жолдар. Маңғыстау станциясының бастығы Сұлтан Тұрғанбаев комиссиялық тексерісті жиі жасап тұрады екен. Шыққан ақауларды уақытында актіге жазып, іс-шара жасақтап, дер кезінде қалпына келтіріп, пойыздар қауіпсіздігін сақтауға теміржолшылармен бірлесе қызмет етуде. Өткен жылға шолу жасап, биылғы жоспарлары жөнінде әңгімелеген Маңғыстау жол дистанциясының бастығы Бекберген Құрбанов: «2018 жылы Маңғыстау жол дистанциясында 47 шақырым күрделі жөндеуден өтті. Оның бәрі темірбетонды шпалмен, қос бекітпелермен, ұзын плеттермен салынды. 20 шақырым орташа жөндеуден өтті. Барлығы 67 шақырым жөндеу жұмыстары жүрді. Былтырғы жылға жоспарланған жұмыстардың бәрі сәтті аяқталды. Енді биылғы жоспарда 17,6 шақырым күрделі жөндеу, яғни Шетпе-14 разъезд арасы бар. Тендер өтті. Ол мердігерлік әдіспен жасалады. Сонымен қатар Жетібай мен Өзеннің арасында 1966 жылы салынған 21 шақырым 43 типті рельстер бар еді. Соған дайындық жұмыстары жүріп жатыр. «Ағадыр» ПЧМ мекемесі келді. Бұйырса, шебін, қиыршық тас мәселесі шешілсе, ақпан айының ортасында, наурыз айының басында 21 шақырым орташа жөндеу жұмыстары басталады. Демек, 38 шақырымдай жөндеу жұмыстары жасалғалы тұр. Барлық жасалып жатқан жұмыстар пойыздардың іркіліссіз жүруіне, қауіпсіздіктің сақталуына өте күшті көмегін тигізіп тұр», – деп өз ойымен бөлісті.
Әсел ТАҢАТАРОВА