©
Кеңес әскерінің Ауғанстан жерінен шығарылғанына 30 жыл толуына орай Бейнеу аудандағы барлық білім ошағында шаралар өтуде. Сондай кездесудің бірі Жұмағали Қалдығараев атындағы орта мектепте де жалғасын тапты. «Ерлік - ұрпаққа мұра» тақырыбында өткен кездесу жиынына Ауған соғысы ардагерлері, Бейнеу аудандық Қорғаныс істері бөлімінің капитаны Қайрат Нарымбаев, арнайы шақырылған қонақтар, әскери жетекшілер және аталған ұйымның жоғары сынып оқушылары қатысты. Жиында соғыс ардагерлері Абай Қараев, Аққуат Сеңгірбаев тарих жылнамасынан өзінің нәубет жылдарымен орын алған зұлмат соғыс кезіндегі бастарынан кешкен ауыр күндері туралы сыр шертсе, әскери жетекші Орынбасар Көрпелиев оқушыларға туған жерін, Отанын, ұлтын сүйетін нағыз патриот болып, елін қорғайтын жігерлі, батыр азамат болу керектігі жайлы ақыл берді. Сонымен қатар ауған соғысында қыршынынан қиылған боздақтар туралы мектептің тарих пәні мұғалімі Миуа Мусаева кеңінен тоқталып, соғыс зардабының көптеген отбасына қайғы-қасірет әкелгендігін бүгінгі жас ұрпақ білуі тиістігін әңгіме етті. Шара барысында аудандық Қорғаныс істері бөлімінің капитаны Қ.Нарымбаев білім ордасындағы 17 жасқа толған ұлдарға әскери есепке тұру куәлігін салтанатты түрде тапсырып, егемен еліміздің тыныштығын қорғау әрбір ер азаматтың борышы екенін ұқтыратын алғашқы құжат екендігін білдірді. Салтанатты жиын мектеп өнерпаздарының дайындаған концерттік бағдарламасымен жалғасты.Үміт ҚАЗДАЕВА