©
Елбасы, Тұңғыш Президент Н.Ә.Назарбаевтың Жолдаулары негізінде қабылданған әрбір саланы дамытып, халықтың әл-ауқатын көтеру бағытындағы мемлекеттік бағдарламаларды жүзеге асырудың маңызы ерекше. Бұл — қазіргі кезеңде әкімдіктер алдында тұрған басты мәселе. Осыған орай Бейнеу ауылының әкімі Сейсенбек Қалдығараевпен өрбіткен әңгімеміздің арқауы да әлеуметтің әлеуетін арттыру жолындағы жасалып жатқан жұмыстар жайлы болды. Сонымен ауыл әкімінің берген ақпаратына сүйеніп, айтуына қарағанда қазіргі таңда ауыл көлемінде кезең талабына сай жан-жақты жұмыстардың жүргізіліп жатқанынан хабардар болып, ауқымды істерге қаныға түстік. - Көктемнің алғашқы күнінен ақ ауылдағы санитарлық тазалық, көгалдандыру мен абаттандыруға көп көңіл бөлінуде, - деп бастады әңгімені ауыл әкімі. - Осыған орай яғни 16 наурыздан бастап сенбіліктер ұйымдастыру қолға алынды. Осы уақытқа дейін әр апта сайын сенбіліктер ұйымдастырып, тазалық жүргізу барысында қатты қалдықтарды сыртқа шығару жұмыстарына 3455 адам мен 35 техника жұмылдырылып, 921 тонна қатты қалдықтар сыртқа шығарылды. Сонымен қатар тұрғын үйлерді және мекеме ғимараттарын жеңіл жөндеу, сыртын ақтау, сырлау жұмыстарына мекеме ұжымдары мен тұрғындар өз үлестерін қосып келеді. Осы ретте бір айта кететін мәселе тұрғындарымыздың басым көпшілігі күнделікті тұрмыстық қалдықтарды өз аулаларының сыртына немесе көше бойына төге салатын әдеттен әлі күнге дейін арыла алмай жүр. Босаған пластмасса ыдыстарды үй жанында өртеп, ауаны ластап жүргенін жасыруға болмайды. Пластмасса және целофан пакеттерін кез-келген жерде өртеуге рұқсат етілмейді. Өйткені олардың түтінінің адам денсаулығына зияны көп, - дейді мамандар. Сол себепті қатты қалдықтарды жинап, алып кететін мекемемен келісім-шартқа отыруды тұрғындар есіне салуды жөн көремін. Көктемдегі жұмыстар басталғалы бері орталық көшелерді көгалдандаруға көп көңіл бөлініп отырғанын әлгінде айтып кеттім ғой. Қазіргі уақытты пайдаланып, орталық көше бойындағы гүлзарларға, орталық саябаққа, үлкен жолдың жиегіндегі жасыл белдеу-желектердегі бұрыннан өсіп тұрған сәндік ағаштарға күтім жүргізіліп, қосымша көшеттер мен талдар егілді. Жақында өткен «Бүкілқазақстандық ағаш отырғызу күні» акциясы аясында ауыл сыртындағы «Атырау-Бейнеу-Ақтау» автокөлік тас жолының бойы мен орталық саябаққа және Әли Балта атындағы стадион төңірегіне 4143 түп ағаш отырғызылды және өсіп тұрған ағаш түптеріне тыңайтқыштар төгіліп, арықтары тазартылып, суарылды. Сонымен қатар 210 гектар аумаққа тазалық жұмыстары жүргізілді. Бұл бағыттағы жұмыстарға мекеме ұжымдары мен белсенді жастар өкілдері, жеке кәсіпкерлер аянып қалмай, өз үлестерін қосуда. Жүргізіліп жатқан көктемгі жұмыстар әлі де жалғаса береді. - Мен енді осы мүмкіндікті пайдаланып, ауыл ақсақалдары мен көпшілік тұрғындарға айтарым, қазіргі таңда ауыл тазалығын сақтап, абаттандыру мен көгалдандыру жұмыстарын әрбір сенбілік сайын қызу жүргізіп жатырмыз. Бұл жұмыстардың қай-қайсысы да баршамызға ортақ игілік. Сол үшін аталған жұмыстарға атсалыса отырып, көшеге көрік беріп, өсіп тұрған жасыл желек пен ағаштардың жайқалып өсуіне де жанашырлық танытайық. Әрбіріміз өз малдарымыздың көше бойлап, ағаштарды бүлдіруіне жол бермей, бағусыз, көзден таса боп, көше кезіп жүрген малдарды көрсек, тиісті орындарға хабарлап тұрыңыздар дегім келеді, - дейді ауыл әкімі әңгіме барысында тоқталып. Енді ауылдың әлеуметтік мәселелеріне келетін болсақ, ауылдың инфрақұрылымын дамыту, ауылішілік жол жағдайын жақсарту, соның ішінде жаяу жүргіншілер мен жолаушылардың және көлік құралдарының қозғалысын қамтамасыз ету мәселелері еш уақытта назардан тыс қалған емес. Бұл біздің жұмысымыздың негізгі басты бағыты болып табылады. Бұл бағыттағы жоспарлы жұмыстар жалғасын тауып келеді. Айтар болсақ, коммуналдық қызмет бойынша 6-шы ауыл тұрғындары ауылішілік тартылған құбыр суларын күнделікті тұрмыстық қажеттіліктеріне пайдаланып, ауыз сумен қамтылып отыр. Осы жұмыстардың жалғасындай биылғы жоспар бойынша қазіргі кезде ауылішілік су құбырының 4 және 5 кезеңі жүргізілуде. Бұл да өз кезегінде белгіленген мерзімде аяқталып, тұрғындар игілігін көреді деген сенімдеміз. Ауылдағы бірнеше көшеге жаяу жүргіншілер жолы салынған. Ендігі кезекте ауылдағы 8 көшеге жаяу жүргіншілер жолын салу жоспарланып отыр. Атап айтқанда, А.Өтеуов, Ақшағыл, Аманбай ата, Серкебай, Тұрыш, Балуанияз, Т.Рысқұлов, Ә.Жаманбаев көшелеріне жаяу жүргіншілер жолы салынбақ. Оны жақын уақытта бастаймыз деп отырмыз. Сол секілді ауылішілік әртүрлі маршрут бағыттарында жолаушыларға арналған 10 аялдама орнату жұмыстары жүргізілуде. Бүгінгі таңдағы басты мәселенің бірі - көп балалы аналар мен әлеуметтік жағынан аз қамтылған отбасыларына әлеуметтік көмек көрсету, яғни мемлекет тарапынан берілетін атаулы әлеуметтік көмек беру бағытындағы жұмыстарды жүргізіп жатырмыз. Нақтылап айтқанда, ауыл әкімдігінде «Е-халық» базасына өтініш берген тұрығындарды тіркеу жұмыстары басталды. Сонымен бірге арнаулы әлеуметтік жәрдемақы алуға өтініш берген тұрғындардың әлеуметтік жағдайын көзбен көріп, анықтайтын 2 топ комиссия құрылған болатын. Олар да көшелерді аралап, тұрғындардың тұрмыс жағдайымен жақын танысып жүр. Бұл комиссия өтініш берген тұрғындардың әлеуметтік жағдайымен толық танысып, белгілі бір шешім шығарады. Сол бойынша өтініш берген тұрғындар көп балалы аналарға атаулы әлеуметтік жәрдемақы тағайындалатын болады. - Осы орайда тұрғындарға айта кететін тағы бір мәселе, - деп, әңгімесін әрі қарай жалғастырған ол, - атаулы әлеуметтік жәрдемақы алуға талаптанып жүрген тұрғындар ең алдымен «Е-халық» тіркеу базасына құжаттарын тапсырып, тіркелуі керек. Құжат тапсыру барысында мамандардың кеңесін түсіністікпен қабылдап, тиісті құжаттарды толықтай тапсырулары қажеттігін айта кетуді жөн көріп отырмын. Жөн-жосықсыз асығып, аптығудың қажеті жоқ. Талап етіліп отырған құжаттар толықтай тапсырылған соң комиссияның ұйғарымы бойынша, яғни шешімімен атаулы әлеуметтік көмек берілетінін әрбір өтініш берген тұрғын есте сақтағаны жөн, - деді ауыл әкімі әңгімені қорытындылап.Кәрісбай Әділ