Таяуда Қазақстан эстрада әншісі Төреғали Төреәлінің жаңа бизнесіндегі жарнамаға маңғыстаулықтар, әсіресе Сүгір жыраудың ұрпақтары наразылық танытқан болатын. Әнші жарнамада Сүгір Бегендікұлының «Елмен қоштасуы» термесінің сөзін өзгертіп қолданған еді. Нақтыласақ, «Ауылға Сүгір-ай келді деп, Ордасын талай сайлаған. Ақ самаурын, сары құман, Кең дастархан жайнаған» деп орындалатын жолды «Ауылға Төреш-ай келді деп» деген жолмен алмастырған. Сүгір Бегендікұлының немересі терменің түпнұсқасында орындалмғанына қынжылады. Жәнібек Өтелгенұлы бұрындары да бұл термені өзгертіп орындағандарды да білетінін айтты. Алайда сөзінің өзгеруі, әсіресе жарнамада қолданылғаны оны бей-жай қалдырмапты. -Бәрі де бұзып айтып жүр ғой қазір. Сүгір атамыздың деңгейін шайдың жарнамасының деңгейіне жеткізгеніне қиналамын, намысыма тиеді. Авторлық құқықты алдық. Сотқа береміз, ақша өндіреміз деген мақсатымыз жоқ. Сүгірдің термесін айтпа демеймін, айтсын, рұқсатын сұрасын, түпнұсқасымен сөзі бұзылмай айтылуы керек. Төреғалидің админстраторына хабарласып жағдайды айттым. Өзі хабарласады деді, бірақ әлі хабар жоқ. Заң шеңберінде шешу керек болса, солай жасайық. Негізі мақсатым соттасу емес, - дейді Жәнібек Сүгіров. [embed]https://youtu.be/vRnh2T5jJig[/embed] Төреғали Төреәлі 16 қазан күні өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында жариялаған жарнамаға мынадай және осыған ұқсас пікірлер жазылған: [gallery td_select_gallery_slide="slide" ids="87880,87881,87882"] Біз де мән-жайды анықтау үшін әншінің әкімшісіне хабарластық. Ол кісі бұл жағдай бойынша жауапты кейін беретінін айтты. Әнші Төреғали Төреәлінің басы дауға қала ма, жоқ па әзірге белгісіз. Бұдан бұрын Айгүл Елшібаева да термедегі «Адайдың да берген жеріне» деген жолды «Халықтың да берген жеріне» деп өзгертіп орындап жүрген еді. Айта кетейік, Жәнібек Сүгіровтің айтуынша, Сүгірдің «Елмен қоштасу» термесін эстрадаға ең алғаш әкелген Марат Ордабаев деген әнші-сазгер екен. Жалпы бұрындары Қыдырәлі Болманов, Өмірқұл Айниязов, Ақылбек Жеменей, Айгүл Елшібаевалардың орындап жүргені терменің үзіндісі ғана. Ал толық нұсқасын Амандық Көмеков орындаған бұл терме халық арасында «Сүгірдің Хорезм елімен қоштасуы», «Сүгірдің елмен қоштасуы», «Сүгірдің қоштасу термесі» деп танылған.
Махаббат НҰРЖАНҚЫЗЫ
Суретті түсірген Талант Құсайын