«Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында ҚР Тұңғыш Президенті күніне орай облысымызда қазақ күресінен Шоғы батыр Мұңалұлы атындағы Батыс аймақтық турнирі ұйымдастырылуда. Турнир қарсаңында бүгін Мұнайлы ауданы Шоғы Мұңалұлы атындағы орта мектеп алдында батыр рухына тағзым ету, ескерткішіне гүл қою рәсімі өтті және мектеп жанынан музей-көрме ашылды.
Салтанатты шарада аудан әкімі Нұрлан Тәжібаев жерлестері мен өлке қонақтарын, спортшыларды мерекемен құттықтады.
«Осыдан он жыл бұрын Мұнайлы ауданы құрылғанда ашылуына Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев арнайы келіп қатысқан №5 орта мектеп бүгінде халық батыры Шоғы Мұңалұлының атымен аталады. 2011 жылы мектеп ауласына еңселі ескерткіш орнатылды. Аудан халқы батыр бабасынан рух алып, мектеп оқушылары ата даңқына сай болуға, Елбасы үмітін ақтауға талпынады», – дейді.
Маңғыстау облыстық мәслихатының депутаты Мақсат Ибағаров және ел азаматтарының атынан Оразхан Ахметов сөз сөйлеп, көпшілікті мерекемен құттықтап, алдағы турнирдің сәтті өтуіне тілек білдірді. Алматы облысынан арнайы шақырылған құрметті қонақ, ардагер жаттықтырушы, қойын-қолтық төбелестің шебері Сейітқали қажы Ыбытаев бабы мен бағын сынауға келген палуандарға, мектеп ұжымы мен оқушыларына және жиынға қатысушыларға батасын берді.
Былтыр ЮНЕСКО қазақ күресін адамзаттың материалдық емес мәдени мұраларының тізіміне енгізген еді. 2012 жылдан бастап Қазақстанда жыл сайын қазақ күресінен «Қазақстан барысы» республикалық турнирі өтеді. Кейінгі жылдары оның ауқымы кеңейіп, «Еуразия барысы», «Әлем барысы» деп аталып халықаралық статусқа да ие болды. Ертең басталатын бұл турнир мақсаты – ұлттық спортымыздың осы бағытының дамуына аймақтық деңгейде үлес қосу. Жыл сайын дәстүрлі түрде өтіп келе жатқан Шоғы батыр Мұңалұлы атындағы турнир келесі жылы республикалық дәрежеде ұйымдастырылады деп жоспарлануда.
Сондай-ақ бүгін лентасы қиылып, жаңадан ашылған музей-көрме алғашқы қонақтарын қарсы алды. Оны жасақтаған мектеп директоры Жамал Бөкен мен шаруашылық жөніндегі меңгеруші Бисенбай Айтбаевқа қонақтар разылығын білдіріп, естелік ретінде құрмет кітабына жылы лебіздерін жазды. Мектеп мұғалімі, тарихшы, экскурсовод Қанатбек Қалманның музей ісі бойынша ерекше ізденгені бірден байқалады. Ол тілшілерге берген сұхбатында бұл бағыттағы жұмыстары әлі де жалғаса беретінін айтты. Көрмеде суретші, мүсінші Қуаныш Құрбаниязовтың туындылары қойылған. Алда тарихи жәдігерлермен толықтыру мақсаты тұр.
Камшат ОҢҒАЛТАЙ
Суреттерді түсірген Раушан ҚҰРБАНОВА
[gallery td_select_gallery_slide="slide" ids="43676,43677,43679"]