©
«Білекті бірді, білімді мыңды жығады» демекші, білекке емес, білімге сенетін заман. Заманауи әлемде елдің қуаты, ең алдымен, білім мен ғылымда болатын уақытқа келдік. Сол білімді қажетке, тұрмыс игілігіне жарата білуімізбен ғана бағаланады. Инемен құдық қазғандай, киын да күрделі, орасан қажыр қайрат пен ерік-жігерді талап ететін білімсіз өмір тұл»-деп Елбасы Н.Назарбаев айтып өткендей, Қазақстан білікті мамандар даярлау мен білім саласына аса мән беріп келеді. Осы салаға барынша қолдау көрсетуді жалғастырып, білімнің рухани қару екендігін, аса зор күш екенін жастарға түсіндіріп келеді. Еңсесі биік елдермен тереземіз тең болу үшін, ел дамуының алтын қаруы білімде екенін жастарға ұғындырып, мемлекет жастар үшін түрлі бағдарламалар дайындауда.
Жастар - ел ертеңі. Қазақстанның болашақ ел қорғар батыры, жер қорғар батылы, дәртүрлі салт-дәстүрді жалғастырушы, Қазақ елінің көк туын көкке көтерер ел қорғаны болар азаматтар. Осы ел болашағы жастарға өмірлік жол көрсетіп, олардың өмірге қадам бастар жолын адаспай таңдауына бағыт бағдар беру де ел мүддесі, мемлекеттің, қала берді аға буынның алдына қойған мақсаты.
Осындай саясатты, жастарды білімге ұмтылдырып, мемлекеттік қолдауды түсіндіру мақсатында ауданға «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру - Жас. Жалын. Жаңғыру» жастар керуені келді. «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» мақаласының мазмұны терең, ұлт руханиятын ғасыр биігіне көтеретін - маңызды құжат. Бұл керуеннің мақсаты: жастарды қолдау бойынша жүргізіліп жатқан мемлекеттік саясатты түсіндіру. Керуен тобы облыс, қала мен аудандарда, соның ішінде шалғай орналасқан елді мекендердегі жастармен тығыз қарым-қатынас орнатып, түсінік жұмыстарын жүргізу.
Керуен басы алдымен Шайыр ауылына тоқтады. «Шайыр сулары» ЖШС өндірістік цех базасына келіп, цех жұмысымен танысып, өндіріс аймағын аралады. Өз жұмысын 2015 жылы бастаған цех өнімдері облыстың барлық аймағына кеңінен таралуда. Бұдан соң керуеншілер шайырлық меценат Самат Мұсабаев өз қаражатымен салып берген спорт кешенін аралады. Өткен жылдан бері жұмыстарын бастаған кешен қазіргі таңда 200-ге жуық оқушы жастарды спорттың самбо, қазақша күрес, дзюдоға шәкірттер тәрбиелеуде. Керуен тобының мүшесі, спортшы Шыңғыс Қайранов кездесу барысында шеберлік класын өткізіп, жастарға кеңес берді.
Бұдан әрі керуен ауылдық мәдениет үйінде жалғасты. Бұл жерде керуеншілерді ауыл жастарымен тұрғындары қарсы алды. Аудан әкімінің орынбасары Е.Махмутов мырза, облыстық жастар саясаты мәселелері басшысының орынбасары М.Хажгереев керуен тобының мақсатын түсіндіріп, әрі қарай сөз алған топ мүшелері жастарға әдістемелік кеңес берді. Шайырдағы кездесуден кейін аудан орталығындағы «Азамат» спорт кешенінде болып, жас спортшылармен кездесті. Аудандық мәдениет үйінде арнайы жастар орталығының ұйымдастырған ұлттық құндылықтар мен ұлттық тағамдар көрмесін тамашалады. Жас керуеншілерді аудандық мәдениет үйінде аудан әкімі Ж.Айтуаров, аудандық мәслихат хатшысы А.Сарбалаев пен белсенді жастар қарсы алды. Аталмыш көрмеге ауданның әр түкпірінен жиырмаға жуық кәсіпкер өз өнімдерін ұсынды. Көрмені тамашалағаннан кейін қонақтар жастар форумына қатысты.
«Рухани жаңғыру - Жастар керуені» форумының өзгешелігі жастарға заман талабына сай түрлі саладағы атқарылатын жұмыстар жайында түсіндіріп, оларға жөн сілтеу болып табылды.
Форумда сөз алған аудан әкімі Ж.Айтуаров: «Әр нәрсені аяғынан тік тұрғызу үшін алдымен сол жұмысты қолға алу керек және сол қызметті болашақта атқаратын жастар болғандықтан оларға бағыт бағдар керек. Сондай игі істердің жалғасы бүгінгі шара. Қандай да болмасын бір істі қолға алу үшін алдымен білім керек, Елбасының өзі айтқандай «Келешекке - кемел біліммен» демекші, жастар мектепті, жоғарғы оқу орнын жақсы нәтижемен бітірсе, оларға жағдай жасау мемлекеттің бірден-бір міндеті. Мәселен мемлекеттің «Дипломмен ауылға» бағдарламасы бойынша мамандарға көтерме қаржы беріліп, тұрғын үймен қамтамасыз етіліп келеді. Сондықтан жастардың мемлекеттен алар үлесі зор. Ал жастар еліміздің өркендеуіне, ел болып қалыптасуына үлесі зор», - деді.
Маңғыстау облыстық жастар саясаты мәселелері басқармасы басшысының орынбасары М.Хажгереев сөз кезегінде: «Жастар керуені - Маңғыстау ауданында • 7292info ақпараттық сайты әртүрлі бағдарламаларды түсіндіру. Біздің мақсатымыз жастарды жұмыспен қамту, кәсіпкерлікті қолдау, діни адасушылықтан сақтау, ХХІ ғасырдағы цифрлы Қазақстан ІТ технологиясының жаңа мүмкіндіктерімен таныстыру, тегін кәсіптік білім алу, бұқаралық спортты насихаттау, тұрғын үйге қолжетімділікті арттыру. Осы бағыттағы облыстық сала мамандары бас қосып, ауданға ат басын тіредік. Қай уақытта болмасын Елбасымыз Н.Назарбаев қазақ елі, қазақ ұлты үшін үлкен стратегиялық жолдау жолдайды. Соның бірі - «Рухани жаңғыру» бағдарламасы. Рухани жаңғыру дегеніміз не? Ол - сананың жаңғыруы, жаңа жаһандану процесіне бейімделу. Біз ұлттық құндылықтарымызды сақтамай, жәдігерлерімізді дәріптемей, ұлықтамай, болашаққа аяқ баса алмаймыз. Ұлттық код дегеніміз не? Ол - ата-бабаларымыздың салып кеткен сара жолы. Бойымыздағы әдет ғұрып, ұстанымдарымыз, қасиеттеріміз. Осы қасиеттерді жаңғыртып, жаңа дәуірге, жаңа өмірге бейімделу. ХХІ ғасырда әрбір мемлекеттің байлығы-бәсекеге қабілеттілік болып табылады. Интелектуалдық қасиетті, білімді, сананың ашықтығы, білімнің салтанат құруы әрбіріміздің бойымыздан табылуы керек», - деді.
«Жаңа серпін» орталығының маманы М.Досниязова «Мен жастарға «Жаңа серпін» өңірлік бағдарламасы жайында ақпарат бере кетейін. Бұл бағдарлама аясында оқу орнын бітіріп келген, қолында дипломы бар азаматтар жұмыспен қамтамасыз етіледі және диплом алмаған азаматтарды қысқа даярлау курсына оқытып, бағдарлама арқылы жұмысқа орналаса алады. «Жаңа серпін» өңірлік бағдарламасында оқу тегін, жатақханамен қамтамасыз етілген. Күні бүгінге дейін облыс бойынша тұрақты жұмысқа 782 азамат орналасты. Сонымен қатар жуырда облыстан алпысқа жуық азамат Көкшетау қаласына бір ай оқуға жіберілді. Оқуын тәмамдаған соң сол мекемеде жұмысын жалғастыруға мүмкіндік алады", - деп бағдарламаның мүмкіндіктері жөнінде ақпарат берді.
«Атамекен» ұлттық кәсіпкерлік палатасы директорының орынбасары Н.Хайруллаев жастарға биыл ғана басталған "Бизнес-бастау" жайында ақпарат берді.
Бұрынғы Кеңес үкіметі кезінде дәл бүгінгідей кәсіпкерлік деген болған жоқ. Сол кездегімен салыстырғанда бүгінде бизнес 100 пайызға дамып кетті. Бірақ әлемдегі бизнестің дамуы жарықтың жылдамдығынан да қарқынды. Бірақ әлем бизнесімен салыстырға біздің бизнесіміз артта қалып келе жатыр. Ал әлемнің дамуына, ғылымның дамуына Қазақстанды жеткізетін жастар. Сондықтан сол бағытта білім алып, жұмыс жасау керек. Сөзден іске көшу керек. Біздің қанымызда, тектілігімізде бірталай ұлттан артықшылық бар. Қазақтың бизнесін, қазақтың дамуын жастар қалыптастыру қажет-деді.
ІТ технологиясының маманы, блогер Т.Бектұр:
«Цифрлы Қазақстан» - 2017-2021 жылдарды қамтитын кешенді бағдарлама. Түпкі мақсаты - алдыңғы буын технологияның толқынан дайындау, яғни жастардың әрбіріне болашақтың технологиясының маманы болуға осы күннен бастап жол көрсету. Елбасымыздың жолдауындағы 3,0 модернизацияның негізгі өзегі екі мәселеден тұрады. Біріншісі - Қазақстанның үшінші жаңғыруы болса, екіншісі - 4 өндірістік революция жөнінде. Қазақстанның бірінші жаңғыруы - 1991 жылы кеңес үкіметінен Қазақстан бөлініп шығып, өз алдына отау тіккен кезге тұспа тұс келеді. Екінші жаңғыруымыз - Елорданы Алматыдан Астанаға көшіруі. Бұл - 1997 жыл. Содан кейінші үшінші жаңғыру – қазіргі уақыт. Бірақ бұл жаңғыру 4 өндірістік революцияның дүмпуінсіз, оның трендтерінсіз мүмкін емес. Өйткені әлемде біз бұрын-соңды естіп білмеген технология бар. Иновациялық трендтер дамып келеді. Яғни 4 өндірістік революция дегеніміз - ақыл мен білімнің, инновацияның, индустрияның, бизнес пен өндірістің, ақыл-ой жемісінің революциясы.
Бірінші өндірістік революция - 18-19 ғасырдың орта тұсына тұспа тұс келеді. Сол кезде болат-шойын, тоқыма өндірісі дамып бастайды, 19 ғасырдың басында электр энергиясы, автомобиль өндірісі пайда бола бастайды, бір сәтте тұтас технологиялар дамыды. Үшінші өндірістік революция - бұл космосты игеру, атом бомбасын меңгереді және компьютеризация заманы басталады. Ал қазіргі заман - инновацияның заманы. Яғни 4 өндірістік революция – болашақ жастардың алда таңдайтын мамандықтары. Жыл сайын Америкада 20 млн жұмыс орны жойылып, 22 млн жұмыс орны ашылады екен. Яғни бүгінгі мамандық келешекте жойылып кетеді екен. Яғни сіздердің таңдаған мамандықтарыңыз болашақтың маманы болуы керек, - деп ІТ технологиясы жөнінде толыққанды ақпарат беріп, жастарға түсіндіріп өтті.
Ауданымыздың кәсіпкері Түймеш Абдуллаева өз кезегінде кәсіпкерліктің қыр-сырын сөз етіп:
- Күндердің күнінде адамдар үйінде отырып жұмыс жасайтын болады дегенде, біз ертегі тыңдағандай болатын едік. Бірақ бүгінде, расымен, білімді адамдар әлемнен ақпарат алып, жаңа технологиялармен жұмыс жасап, үйінде, кеңседе отырып-ақ табыс тауып жатыр. Менің жолдасым да алғаш кәсіппен айналысып, ақпараттанып, білім алған азаматтардың бірі еді. Менің өмірден ұққаным әрбір жас әрдайым тренингтерден, ақпарат алудан бас тартпау керек, - деді.
«Рухнани Жаңғыру» облыстық штабының мүшесі Б.Жайлау: "Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламасы 4 салаға бөлінген. Соның ішіндегі тәрбие және білім, «Рухани қазына» бөлімдері тікелей жастарға қатысты. Жастар үшін жасалатын қызметтер. Сондықтан мен жастарға сол бағытқа үлес қосыңыздар демеймін, керісінше, содан үлес алып қалыңыздар деп кеңес беремін. Мемлекеттен қол жеткізетін бағдарламаларды қаржыландыруға көмектесетін рухани жаңғыру бағдарламасының жастарға берер мүмкіндіктері бар.
«Ақпарат толқыны» бағдарласынынан қажетті мәлімет алыңыздар. Қолдарыңыздағы смартфонды тек қана инстаграмға сурет жүктеп, болмаса әлеуметтік желілерден видео мен әуен тыңдаумен шектелмей, «рух.кз»-тен кәсіпкерлерлік және басқа да бағыттағы қажетті мәліметтерді ала аласыздар".
Маңғыстау облыстық дін істері орталығының дінтанушы теолог маманы Ж.Аталықова:
- Еліміздегі өзекті мәселелердің бірі - діні экстремизм. Жастардың сауатсыздығынан дәстүрлі емес діни ағамға өтуі салдарынан діни экстермизмге әкеп соқтырып отыр. Қоғамда жастарымыз ата-бабаларымыз ұстанған дәстүрлі дінді, 70 жыл кеңес одағында болып одан ажырап қалғандықтан, тәуелсіздік алып қазақ халқы ата баба дінімен қауышты дегенмен жастардың санасын улайтын әртүрлі діни ағымдар пайда болды. Солардың бірі «Тахируаджия, салафия» ағымы. Ол жастардың санасын улап, идеологиялық соғыс ашып, мемлекелкетке қарсы шығып отыр. Бұл иедеология несімен қауіп-біздің салт дәстүріміз, ата-бабамыз бен діни жоралғылар, ата-ана алдындағы құрмет, отбасы, туыс арасындағы байланысты үзіп, мемлекетке, мемлекет саясатына қарсы шығып отыр. Ұлтқа деген сүйіспеншілігін жоққа шығарады. Салафия мен тахируаджиа ұйымы жастарды өз еліне емес, басқа шет елге шығыс мемлекеттеріне барып, діни соғыс кезінде жиһадқа баруға шақырады. Олар сол жиһадты қаржыландырып, қоғам арасында жиһад туралы ақпараттандырды. Осы мәселемен олар екіге бөлінеді. Салафияның негізі сол тахируаджиаға апарар жол. Қазірге кезде жастарымыз діни сауатсыз болуының себебінен, әлеуметтік желілер арқылы діни ақпаратты іздейді. Бірақ діннің дұрыс бұрыстығына мән бермейді. Діни ақпарат алу үшін терриризм, экстремизм бағытына кетіп, теміртордың ар жағынан шығып, 15-20 жылға сотталады. Сондықтан жастар ата анадан, туыстан ажырап, оқу орындарына басқа қалаға, басқа мемлекетке барған кезде осы діни мәселеге аса мән беріп, сан соғып қалмас үшін, кеңес беру орнынан қажетті ақпарат алып, діннің дұрыс, бұрыстыған ажыратып, діни сауатты болуымыз керек деп арнайы сайт арқылы жастардың дін туралы ақпарат алулары керектігін айтты.
Спортшы Қайранов Ислам өз сөзінде жастарды отансүйгіштікке, спортпен айналысуға шақырды.
Тағылымы мол шарада көптеген пайдалы әңгімелердің тиегі ағытылды. Жастардың рухани азықтануына септігін тигізуге атсалысқан қатысушылар көптеген пайдалы кеңестерімен бөлісті. Сондай әңгімелердің бірін Қарақия кәсіптік колледжі директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары А.Сәбиева жалғады.
- Тегін кәсіптік білім биылғы 2017-2018 оқу жылынан бастап жүзеге асырылды. Алдымен тегін кәсіптік білім дегеніміз не? Оның мемлекеттік тапсырыстан айырымашылығы неде? Соған тоқталып өтейін.
Тегін кәсіптік білім не береді? Тегін кәсіптік білім-тек қана ең бірінші жұмысшы мамандығын береді. Жұмысшы мамандығын мемлекеттің кез-келген азаматы, кез-келген оқу орнына келіп тегін алуға құқылы. Екіншіден, тегін кәсіптік білімді, яғни жұмысшы мамандығын таңдап оқуға түскен уақытта мемлекеттен жеңілдіктер қарасытырылған.
Ең бірінші аты айтып тұрғандай тегін оқытылады, бір реттік ыстық тамақпен қамтамасыз етіледі, тегін кәсіптік білім арқылы оқуға түскен студенттер қай уақытта да степендиямен қамтамасыз етіледі. Ал мемлекеттік тапсырыспен түскен студенттер тек қана бірінші жарты жылдықта степендиямен қамтамасыз етіледі. Одан әрі қарай оқудың нәтижесі арқылы алатын болса, тегін кәсіптік білімде алған бағаға, жеткен нәтижеге қарамай, степендия беріледі. Осы тегін кәсіптік білім бағдарламасы бойынша сіздерге таңдап түскен мамандықтың, өндірістің практикада өтетен арнайы киімдерңмен де қамтамасыз етіледі. Және алыс шалғайдан келген жастардың жол ақысы қарастырылады. Тегін кәсіптік білім бойынша биылғы жылы 1531 студенттің 400-і жергілікті бюджет есебінен, ал 1131–і республикалық бюджет есебінен қабылданды. Егерде таңдаған мамандық Маңғыстау облысында емес басқа облыста болатын болса, республикалық бюджет есебінен қабылданатын азаматтар ретінде басқа облыстарда таңдаған мамандық бойынша тегін кәсіптік білім алуға мүмкіндік бар. Осы мүмкіншілікті тек қана биыл мектеп бітірген жастар ғана емес, оқуға жағдайы болмаған, ерте тұрмыс құрған қыз-келіншектердің барлығы тегін кәсіптік білім бағдарламасын қолдана алады. Әрине, олар бұрын колледже оқымаған болса.
Тегін кәсіптік білім алу үшін ең бірінші жергілікті білім бөліміне барып, конурсқа қатысу қажет. Биыл бірінші рет өткізіліп отырғандықтан санаулы орындар конкурстық жүйеде өткізілді деп тегін кәсіптік білім жөнінде ақпараттандырды.
Бұдан соң жастарға тұрғын үй қолжетімділгін, «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкіге» қалай салымшы болу керектігі жөнінде облыстық «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» өкілі Б.Майланова түсіндірді.
Бұл форумның жастарға берер мағлұматы мол болды. Өмірде әр сала бойынша өз таңдауларын жасайтын жастар, болашақ кәсіп иелеріне толыққанды ақпарат беріліп, қай мамандықты игерсе де мемлекеттен қолдау табатындықтарына көз жеткізді.
Форум соңы аудан көркем-өнерпаздарының концерттік бағдарламасына ұласып, көтеріңкі көңіл күймен тарасқан жастар жанына жақын мамандық бойынша сөз қозғап, әр сала мамандарымен фойеде жеке сөйлесіп, қажетті ақпар алды. Шараның соңында облыстық жастар керуенінің символикалық туын Бейнеу аудандық жастар орталығының өкіліне табыстады.
Ж.АМАНҚҰЛОВА