©
Жаңаөзен қаласындағы Р.Өтесінов атындағы дене шынықтыру және сауықтыру кешенінде 2015 жылы «ҚазМұнайГаз» Барлау Өндіру» АҚ-ның демеушілік қолдауымен «Жұлдызай» медициналық оңалту орталығы ашылған болатын. Ондағы мақсат— мүмкіндігі шектеулі балаларды қолдап, оларға көмек көрсету. Қазір бұл орталық «Samruk-Kazyna-Trust» әлеуметтік жобаларды дамыту қорының демеушілігімен өз жұмысын жалғастыруда. Қатарынан кем болып қалған бүлдіршіндердің тағдырына алаңдаушылық білдірген мұндай қайырымдылық істердің қолға алынуы қиындықтарға қарсы күресіп, баласының жеті мүшесін түзетуге тырысып жүрген мықты жандар үшін үлкен бір көмек болағандығы сөзсіз. Ашылған күннен бастап бүгінге дейін дейін осы орталықта тұрақты түрде массаж, шынықтыру, невропатолог, ортопед-травматолог, логопед және психологтардың емдік шаралары жүргізіліп келеді. Мұнда балалардың церебралды салдануы (БЦС) диагнозымен ауыратын көптеген балалар тиісті оңалту медициналық көмектер алуда. Ал Жаңаөзен қаласында БЦС диагнозымен 700-ден астам мүгедек бала есепте тұр. Орталыққа ай сайын еліміздің білікті мамандары келіп, арнайы кеңес беру-диагностикалық емдеу шараларын өткізеді. Сонымен қатар мұнда демеушілердің көмегімен әлеуметтік бейімделу жұмыстарына да көңіл бөлінеді. Мәселен, Жаңаөзен қалалық ішкі саясат бөлімінің мемлекеттік әлеуметтік тапсырысы аясында «Қолдау-Қазақстан» көп салалы коммерциялық емес холдингі ұйымдастырған «Көңілді денсаулық эстафетасы» атты спорт жарысы — осындай шаралардың бірі. Мүмкіндігі шектеулі балалардың көңілін көтеру және сайыс арқылы оларды әлеуметтік бейімдеу мақсаты көзделген сайыста құрамына «Жұлдызай» МОО үйлестірушісі Әйгерім Ниязмағанбет, «Қолдау-Қазақстан» КСКЕХ өкілі Шамсынұр Байқұлова, Жаңаөзен қалалық жастар денсаулық орталығының менеджері Ерлан Қалиев, №1 Жаңаөзен қалалық емханасының психологы Ақмарал Өтегенова және салауатты өмір салтын қалыптастыру проблемаларының орталығы Жаңаөзен филиалының медбикесі Махаббат Сарыева енген әділқазылар алқасы балалардың ойынын бағалады. Шара барысында Әйгерім Саматқызы «Жұлдызай» медициналық оңалту орталығында атқарылып жатқан жұмыстар туралы баяндама жасады. Ал жеңімпаз балалар өздеріне тиісті орындарына қарай марапатталып, ойынға қатысушылардың барлығына ынталандыру сыйлықтары табыс етілді. Сайысқа қатысып, көңілдері бір серпіліп қалған балалардың ата-аналары «Қолдау-Қазақстан» Көп салалсы коммерциялық емес холдингі өкілдеріне ризашылықтарын білдірді.Валентина ҚОЗЫБАҚОВА