Баутино. Бұл сөзді естіген кез келген жан Қазақстанның түпкірінде жатқан ауылдың атынан-ақ елімізді елестете кетеді. Тіпті елімізде басқа ауылдарды білмесе де көптеген тұрғындарға, әсіресе, шетелдіктерге Баутин атауы таныс. Мұнда алғаш келген адам өткен кездерге қайтып оралғандай күй кешеді. Ауылдың көзге бірден түсетін ерекшелігі – мұндағы қабырғалары әктелген, ашық түсті, оюланған қақпақты терезелері бар аласа үйлері.
Баутин ауылы - аудан орталығына ең жақын ауыл. Сондықтан Форт-Шевченко, Аташ, Баутинді жергілікті тұрғындар «үшқала» деп атап кеткен. Форт-Шевченко қаласының солтүстік-батыс жағынан 3 шақырым қашықтықта орналасқан. 1849 жылы Николаевск станицасы ретінде құрылған. 1921 жылы Маңғыстау уъезінің екінші партия конференциясының өкімімен Николаевск станицасы Алексей Егорович Баутиннің есіміне ауыстырылды.
Ертеректе бұл ауылды «қарашекпенді» деп атаған. Теңіз арқылы жер аударылып келген өзге ұлт өкілдерінің киіміне байланысты айтылса керек. Бүгінде отырықшы болып қалған тұрғындардың түрі - сары демесек, қазақшаға судай. Бүгінде Баутин ауылында тату-тәтті тірлік кешіп жатқан қазақ, түрікмен, орыс, татар, әзірбайжан ұлттарының өкілдері тұрады.
Баутин ауылы - өзінің тарихи мұраларымен танымал. Бұған куә көптеген ауыл төңірегінде орналасқан тарихи ескерткіштер: Жоғарғы және төменгі маяк, балық шаруашылығын алғашқы ұйымдастырушы Дубский Захар Кузмичтің тұрған үйі. Бұл үй 2013 жылға дейін Баутин поселкесі әкімі аппараты ғимараты болды. «Ақтау халықаралық теңіз сауда порты» республикалық мемлекеттік кәсіпорнының «Баутин» теңіз сауда порты Жүк ауданы филиалы ғимараты.
Ауыл неге Баутин аталды?
1921 жылдың 2 шілдесінде Николаевская станицасы Совдептің бірінші төрағасы Алексей Егорович Баутиннің құрметіне Баутин кенті болып атауы өзгертілді.
А.Е. Баутин - Тамбов өлкесінің тумасы. 1905 жылғы революциядан кейін оның ата-анасы Николаевская станицасына келіп қоныстанған. Алексей болса 10 жылдай жалшылықта еңбек етіп, күн сайын бай мен кедей арасындағы теңсіздік туралы ой толғап жүреді. Бірінші дүниежүзілік соғыс кезінде ол революциялық қызметке белсенді араласқан. 1917 жылы Форт-Шевченкода жұмысшы, солдат, шаруа және мұсылман депутаттарының Кеңесі құрылғанда, одан сәл кейін 1918 жылдың көктемінде Николаевск селолық кеңесінің төрағасы, сондай-ақ қызыл ротаның командирі етіп сайлаған. Баутин Түпқараған түбегінде кеңес үкіметін орнату үшін белсенді қызмет арқарды. Сондай-ақ балық шаруашылығын ұйымдастыруға, ауылдағы кедей-кепшіктің мұң-мұқтажын тыңдап, қолдау білдіріп отырған.
Бұл ауылда мұнай өндіруші компаниялар шоғырланған. Теңіздегі Қашаған жобасын игеруші операторы НКОК компаниясының өндірістік қолдау базасы мен сервистік мекемелері де Баутинде орналасқан. Баутин ауылына Аташ елді-мекені де қарайды. Аталған елді-мекендегі Каспий теңізінің Баутин айлағында теңіздегі мұнай жобаларының қолдау базалары ерекше дамыған. «Теңізсервис», «Теңізсаудафорты» филиалы, «СағаАташ», «ЕНКА», «Вагенборг» сияқты көптеген компаниялармен қатар, ҚР-ның теңіздегі шекарашылар қызметі әскери бөлімі де осы ауылда орналасқан. Қазіргі таңда 20-ға жуық отандық және шетелдік компаниялар жұмыс жасап тұр. Осы уақытқа дейін барлығы 67 мекеме келіп қызмет еткен.
«АХТСП» ҰК» АҚ Баутин жүк ауданы туралы
«АХТСП» ҰК» АҚ Баутин жүк ауданы - Баутин ауылы, Баутин қойнауы, Түпқараған шығанағының акваториясында орналасқан.
1997 жылдан бері қазіргідей қалыпта, Баутин теңіз сауда портының базасы болып құрылған (1887 жылдан бастап әр түрлі қолданыста болды).
Порт - Қазақстан Республикасының мемлекеттік шекарашылар рұқсатнама пункті. Баутин кентінде шекарашылар қызметі, кеден, санитарлық бақылаушылары мен порт бақылаушылары тікелей орналасқан. Шетелден келген кемелерге құжаттарын даярлау мүмкіндіктері шекара, кеден, порттың және басқа да формальдары бір мезгілде, тікелей порт айлағында жүргізіледі.
Порт аумағы қоршалған және күзетшілер күзетеді.
Табиғи қорғаныстың арқасында порт акваториясында кез-келген уақытта қандай да бір ауа-райының қолайсыздығына қарамастан кемелерді өңдеу жұмыстары жүргізіле береді. Жыл мезгілінің кез-келген уақытында портта жұмыс жасауға мүмкіндік қарастырылған (қаңтар-ақпан аралығындағы ерекше қатты қыс болған жағдайда).
Порт кемелерді өңдеуге ұзындығы 150 м, тереңдігі 5 метрге дейінгі кемелерді қабылдай алады.
Кеме-қойма, кеме-автокөлік және қарсы 25 тондық әр түрлі жүк көтеріп (контейнерлер, метал қалдықтары, ұлу тас, қиыршық тас сонымен қатар басқа да тиеу жүктерін,кеме жабдықтарын, азық-түлік, жабдықтар, шпунттар, метал бұйымдарын, тұрбалар, уақ және ірі орамдардағы жүктер т.б.) қызмет етеді.
- порт аймағында жүктерді сақтауға (контейнерлерді сақтау үшін бірінші 20 тәулікке төлем төленбейді, басқа жүктерді ашық алаңда сақтау үшін бірінші 60 тәулікке төлем төленбейді),
- айлаққа мүмкіндіктер жасауға:
1) агенттік кемелер үшін (жанар-жағар маймен бункерлеу, кеме жабдықтарын сумен, құрғақ қалдық тапсыруға, қалдық және майлы су т.б.тапсыруға),
2) кемелердің тұраққа тұру кезеңі навигация аралық (қазан-наурыз).
3) шетелге жүретін кемелерге шекара, кеден және басқа да құжаттар даярлау арқылы қызмет көрсетеді.
Баутино жүк ауданындағы қызметкерлер саны - 34 адам. Бастығы: Петр Иванович Казачков 1970-1975 жж Астрахань жоғары балық техникалық училищесінде инженер-механик мамандығы бойынша жоғары білім алған.
Аудандағы жалғыз орыс мектебі
Ауылда білім саласы жақсы дамыған. Бір ауылда 1 орыс, 1 қазақ мектебі бар, сонымен қатар аудандық колледж де Баутин ауылында орналасқан. Мұндағы А. Горький атындағы мектеп - түбектегі тұңғыш ағарту орны. Тарихы тереңнен басталған мектепке 145 жыл толады.
Мектептің ең алғашқы іргетасы Николаевск станицасында қаланған. Форт-Шевченко қаласының мұражай-кешенінде мынандай құжат сақталыпты: «1872-1873 жылдары станица қоныстанушылары өз мектебі болмағандықтан 16 баланы астаналық мектептерге оқуға жіберді. Бірақ қаражат тапшылығынан балалар мектепте өз білімдерін жалғастыра алмаған. Мектеп құрылысына рұқсат алған соң қоныстанушылар құрылысты бастап кетті. Жыл аяғында мектеп дайын болды. 3 қыркүйек – мереке болып жарияланды. Ашылу салтанатына пристав Ломакин қатысты. Николаевск кентінде, Армян слобадасында тұрақты жұмысшылар: жүк тасушылар, ұста қазақтар, өз балаларын орыс мектебіне оқуға берген».
Мектеп станица қаржысы есебінен жұмыс жасаған. Оған жергілікті кәсіпкер Захар Дубский көп үлес қосқан. Ең алғашқы мұғалім Жданов болған. 1874 жылы мектепте 23 оқушы оқыпты. Ал 1889 жылы оқушы саны – 100-ге жеткен, көбісі – қазақ және түркімен балалары екен. Соловьев пен Островский есімді азаматтар ұстаздық қызмет атқарған. 1920 жылы Баутинде алғашқы кеңес мектебі болып ашылды. 1932 жылы мектепке А.М.Горький атағы берілген.
Николаевск станицасының діни мектебінің, кейін Гори қаласының Закавказье мұғалімдер семинариясының түлегі Дмитрий Сергеевич Рюмков 1939 жылы осы мектептің директоры болып тағайындалады, осы жылы халық ағарту ісіндегі табыстары үшін «Құрмет белгісі» орденімен марапатталған. Алғашқы қазақ тілі сабақтарын жүргізудің бастамашысы болған.
Тарих беттеріне көз жүгірте отырып, қазіргі таңдағы мектеп тарихына шолу жасасақ.
Бір ғасырды артқа тастап, мектеп 1989 жылы жаңа ғимаратқа көшірілді.
2008-2009 оқу жылдары А.М.Горький атындағы орта мектебіне «лицей» статусы берілді. Осы жылдардан бастап мектеп тек орыс тілінде ғана білім беріп қана қоймай, лицей сыныбы қатарына 5-ші сыныптан бастап қазақ тілінде оқытылатын сыныптар ашылды. Ең алғашқы лицей сыныбын бітіруші түлектер – 2014-2015 оқу жылының еншісінде. Лицей жаратылыстану-математика бағытында білім береді.
Ұлағатты ұстаздан тәрбие алып, қоғамдық қайраткер, ұлы тұлға болып өскен өмірін дұрыс бағытқа бейімдеген, көркейткен, киелі қара шаңырақтан білім алып, өмірге қанат қаққан шәкірттер – аяулы мектебінің мақтаныштары. Ал мектептің бетке ұстар шәкірттерінің саны жыл сайын артып келеді.
2014-2015 оқу жылында 1-11 сыныптар аралығында – 635 оқушы білім нәрімен сусындаса, МАД тобында - 113 бүлдіршін тәрбиеленуде. 1-4 сынып аралығында – 303, 5-11 сынып аралығында – 332, ал лицей сыныбы қатарында – 230 оқушы білім алуда. Еліміз бойынша жаңартылған білім мазмұны апробациясы бағытында 30 мектеп болса, соның бірі - осы А. Горький мектеп-лицейі. Осыдан 3 жыл бұрын қолға алынған білім апробациясына қазіргі 3 сыныптың 95 оқушысы қатысуда. 12 мұғалім мен 2 модератор білімін жетілдіріп оқып келді.
Ж. Мыңбаев атындағы мектеп-гимназиясының қысқаша тарихы
1920 жылы Фортта Совет Үкіметі орнауына байланысты мектеп аты да, поселке аты да Николавская атынан өзгертіліп А.Е. Баутин есімін алды.
1932 жыл Орыс мектебіне дейін 4 кластық болды.
1932 жыл Мектеп директоры Гусманов болды.1954-55 жж Т.Шевченко атындағы 7 жылдық мектеп болып өзгетіліп, директоры Бимағанбетов Мұстахи болды. 1955-56 жылдары екі мектеп қосылып А.М. Горький атындағы аралас мектеп болды. 1959-60 жылдары қайта бөлінді де қазақ мектебі Т.Г. Шевченко атындағы жеті жылдық мектеп болып бөлініп шықты. 1968-73 жж мектеп директоры болып Қайыр Қожабеков қызмет еткен. 1973 -99 жж мектеп директоры Дариға Ғұбайдуллина болды. 1975-76 жж орта мектеп болды. 1976-77 жж А.Е.Баутин орта мектебі болды. 1997-98 жж Аташ кентіндегі Т.Г.Шевченко орта мектебі қосылып, бір орта мектеп болды. 2000 жылы мектеп Жалау Мыңбаев атымен аталды. 2012 жылы «Жалау Мыңбаев атындағы мектеп-гимназиясы» мемлекеттік мекемесі болып қайта құрылды.
Аудандағы алғашқы колледж
2003 жылы Баутин ауылында Маңғыстау политехникалық колледжінің филиалы ашылды. 2004 жылдан бастап, 4 мамандық бойынша (дәнекерлеуші, құрылысшы-техник, мұнай-газ саласының операторы, техник-механик) абитуриенттерді қабылдап өз жұмысын бастады. 2012 жылы №2 ғимарат болып атауы өзгерді. Ал 2016 жылдан бастап дербес Түпқараған гуманитарлық-техникалық колледжі болып ауысты. 75 бала күндізгі сырттай бөлімде 48 барлығы 123 студентпен жұмысын бастаса, биылғы оқу жылында 209 студентпен толықты. Жаңадан ашылған соң 3 топ бойынша жұмысын жалғастырды: 1. Мектепке дейінгі тәрбие және оқыту, 2. Автомобиль көлігіне техникалық қызмет көрсету, жөндеу және пайдалану, 3. Үйлер мен ғимараттар салу және пайдалану. Биылдан бастап жұмысшы мамандығы автослесарлыққа 25 бала қабылданды. Оқу тегін. 1 мезгіл ыстық тамақпен қамтылады. Ғимарат күрделі жөндеуден өтіп, қосымша асхана, спортзал, 2 шеберханасы, кітапхана, оқу кабинеттері қосылып, қазіргі заманғы соңғы технологиялармен қамтылған. Назгүл Нұрбердіханова басқарып отырған ұжымда жоғары білімді 17 ұстаз тәлім береді. Сонымен қатар коледжде баскетбол, волейбол, теннис спорт секциялары, химия, шет тілі, бизнес ісі, өлкетану бағытында факультативтер өткізіледі.
"Маңғышлақ балық тоңазыту флоты"
Көк теңіздің бойында отырып, көп балықты көру арман болған кезде осы ауылда ірі балық тоңазыту зауыты болғанын еске алмай кете алмаймыз.
"Маңғышлақбалықтоңазытуфлоты" 1974 жылдың 24 шілдесінде «Каспий балық» басқармасының №197 бұйрығымен 3 мекеменің қосылуынан пайда болған. (Гуревбалық тоңазыту флоты, кемежөндеу зауыты, Баутин балық комбинаты).
Шаруашылықтың негізгі бағыты теңіз өнімдері мен балықты өңдеу, балық және итбалық тазалау болған. Барлық жиналған балықтың 10 пайыз бөлігін қатқан, аз тұздалған балық түріне, 10 пайызы қақталған немесе кептірілген түріне, 45 пайызы қара ұн немесе балық жеміне, 35 пайызы қатырылған балық шығаруға жұмыстанған. Қыс айларында итбалық ауланса, басқа мезгілдерде балық аулап, консервіленген балық өнімдерін дайындаған. 1999 жылдан бастап зауыт өз қызметін тоқтатты. Ауданымыздың құрметті азаматы, ардагер балықшы Т.Қанжан бастаған ақсақалдарымыз ауылдағы жұмыссыздық деңгейін азайтып, жастарға кәсіп үйрету мақсатында, атакәсіпті жандандырып, балық шаруашылығымен айналысу керек дейді. Ол үшін мемлекет тарапынан қолдау керек. Жеке кәсіпкерлер қолға алып дамытса, Ақшұқыр ауылындағыдай зауыт салынып, балықты Баутиннің гүрлеген шағы қайта оралып, әр шаңырақтан бір жан болса да атакәсіпке қайта оралар күн туар еді.
Болашақ Баутин
Баутин ауылы шекарасы – 1104,44 гектар жерді құрайды. Қазіргі таңда ауыл тұрғындарының саны – 4610 адам. Ауылдың болашағы кемелдене түспек. Бұл ауылға да өзге ауылдардағыдай спорт кешені мен мәдениет үйі салынбақшы. Орталық көшелердің барлығы су жүйесіне қосылған. Енді осы жылдан қалмай Аташ елді-мекеніндегі Жангелдин көшесін де су тартылады деп күтілуде. Бұл ауыл - басқа ауылдарға қарағанда қонақ үйі көп ауыл. Оның басты себебі - шетелдік компаниялардың көптігі. 1 ауылда 7 қонақ үй бар. Қазіргі таңда «Шағала», «Достық» «Теңіз» қонақ үйлері қызмет етуде. Егер біздің ауылға қонақ болғыңыз келсе 1 күнге демалуға 15000 теңгеден бастап 52500 теңгеге дейін қаражатыңыз болуы керек. Бұл ақшаға сіз 1 күн түнеп, тек таңғы ас іше аласыз. Түпқараған ауданына табан тіреп турист болам деушілерді Баутин ауылы - құшақ жая қарсы алуға дайын аймақ. Тау мен көк теңіздің ортасында орналасқан әдемі ауылға келген қонақ табиғатына сүйсініп қайта айналып келгісі келіп тұрады. Теңіз жағасына жазда шомылып, қыста келген аққулармен суретке түсіп, теңіз жағасына келіп-кеткен алып кемелерді тамашалай аласыздар. Грузияның таулы аймағынан кем түспейтін туған жеріміздің табиғатын қадірлеп, бағалай білейік!
Жадыра ЖОЛДАСОВА