©
Маңғыстаудағы Бейнеу ауданында теміржол бойына қоныс тепкен аядай разъезд, кішкене ауыл бұрын Құркөл атанды. Іргесінің қаланғанына биыл 50 жыл толатын бұл елді мекен бұрын мұнай барлаушылардың поселкесі болып ашылып, барлау жұмыстары біткен соң, жұртта қалған орыны Қарақұм кеңшарының 2 фермасының орталығы болды. Біз Кұркөлдің құлазыған кейпін сол ферма орталығы болып тұрғанда көргенбіз.
Ескіден жаңа жасақтап
Атауы өзгеріп, бұрынғы Құркөл Есет селолық округі болып 1998 жылы қайта құрылды. Сол жылы жаңа атауға ие болған ауыл көгілдір отынның игілігін көріп, әр үйге табиғи газ тартылып, тұрғындар от жағып, күл шығару машақатынан құтылып, бұрын-соңды болмаған игілікті көріп, мәре-сәре болған еді. Сондай-ақ жоғарыда айтқандай ауылдағы Гагарин атындағы сегіз жылдық мектебі орта мектеп болып ашылып, ауыл адамдары балаларын өз үйлерінде оқытып аттестат алуға қол жеткізді. Бұл игіліктер ауыл тұрғындарының қоныс аудармай орнығып қалуына септігін тигізгені анық. Туған ауылына табан тіреген тұрғындар заманға сай талап қылды. Ауылда алғашқы шаруа қожалықтары құрылып, шайхана, дүкен, кафе, жанар-жағармай құю станциясы секілді кәсіпкерлік нысандар ашыла бастады.
Ауылды дамытуға деген дұрыс көзқарас пен нақты шаралардың нәтижесінде бұрынғы теміржолға қарасты ескі дүкен ғимараты күрделі жөндеуден өткізіліп, әкімшілік, пошта болып жабдықталды. Орта мектепке қосымша құрылыс салынып, одан кейінгі жылдар ішінде оның жанынан спорт залы пайдалануға берілді. Әсіресе қолдағы барды бағалау, ескіні жаңалау арқылы ауылда игілікті істер бірінен соң бірі жүзеге асты. Соның бірі пайдалану мүмкіндігін жойған, қаңырап бос тұрған бұрынғы жылу орталығы селолық клуб болып жөндеуден өткізіліп, қайта жарақтандырылды. Тағы да теміржолға қарасты ескі монша ғимараты күрделі жөндеуден өткізіліп, селолық кітапхана болып пайдалануға берілді.
Ауылдың дами бастағаны ауыл адамдарының өмірге құштарлығын, белсенділігін арттыра түскенінің мысалы болар, мектеп ұжымы, оқушылар мен мұғалімдер аудандық, облыстық, республикалық байқауларға қатысып жүлделі орындарға ие бола бастады. Гагарин орта мектебі «Жыл мектебі» байқауында жүлделі орындарға ие болып, Гүлшат Избергенова, Гүлжамал Жаңбырова, Алина Жаманбаева секілді мектеп мұғалімдері аудандық, облыстық байқауларда жеңімпаз атанды. Аядай ауылдан Назерке Жанжігітова сияқты шәкірт «Алтын белгі» иегері болды. Сондай-ақ биылғы мектеп бітіруші түлектердің көпшілігі грант иегері болғанын да айта кеткеніміз жөн.
Есет ауылы туралы айтқанда өмірден ерте озған ақын Нұрбол Садақов еске түседі. Марқұм «Арай» әлеуметтік әріптестігі бағдарламасы жобасына қатысып, спорттық құрал-жабдықтар алып, ауыл тұрғындары үшін салауаттылық үйірмесін ашқан еді. Оның оқушылары әскери-патриоттық тәрбие саласында өткен облыстық сайыстарда ылғи жеңімпаз атанатын.
Ауылда балабақша бар. Жаңадан салынып, заманауи жабдықталған фельдшер-акушерлік пункт пайдалануға берілді.
Ауылда «Дама» спутникті байланыс жүйесі орнатылған, «Билайн», «Теле-2» байланыс жүйесі, интернеті қосылған, автоматты телефон станциясы бар.
Ауылды дамытуда, көгалдандырып, көркейтіп абаттандыруда әр жылда кезегімен атқарылып келе жатқан істер бар. Көшелеріне асфальт, жаяу жүргіншілер жолдары төселіп, жарық шамдар орнатылған, әлеуметтік нысандар темір шарбақтармен қоршалып, айналасына ағаштар мен гүлдер егілген. Мұнда Ұлы Жеңістің 65 жылдығына орай Ұлы Отан соғысы ардагерлеріне «Мәңгілік алау» ескерткіші орнатылған болатын. Кейіннен имандылық үйі пайдалануға берілді. Балалар үшін ойын алаңы салынды. Балабақша, мектеп ғимараттарына су құбыры тартылды. Теміржол вокзалы күрделі жөндеуден өтті.
Ауыл тұрғындарын ауызсумен қамтуда 120 текше метр су резервуары пайдалануға берілді. «Теміржол-су – Маңғыстау» мекемесіне су тазартатын қондырғы орнатылды. «ҚазтрансГазАймақ» мекемесі жаңадан газ қондырғысы 100-дік ГРП ауыстырды.
Тек ауыл ғана емес, елді мекенге жақын орналасқан «Қыз әулие» қорымын күтіп ұстау шарбақпен қоршау жұмыстарына көңіл бөлініп келеді.
«Ауылын көріп, азаматын таны» дегендей, ауыл әкімі Ескендір Әнесов – осы өңірдің төл перзенті.
Жарығы жарқырай түседі
Қазіргі күнде ауылда сегіз жүз алпыстан астам адам тұрады. Ауылдан көшіп кетіп жатқандар жоқтың қасы, бірақ өмірге ұрпақ келіп көбейіп, ұл-қыз өсіп, отау тігіп ауыл іргесі кеңейе түскен. Осылайша үй саны көбейгендіктен әсіресе жаз айларында электр энергиясының қуатының жетімсіздігі байқала бастаған еді. Енді сол мәселе де оң шешімін тапты. Бұрын ауыл тұрғындарына жарық теміржолға қарасты электр жүйесі арқылы беріліп келген болса, енді бұдан бөлек ауылға жаңадан «Бейнеу-Есет» жоғары кернеулі электр жүйесі тартылатын болды. Алпыс шақырымдық аралықта жүргізілетін бұл жұмысты «БейнеуГаз» ЖШС директоры, белгілі меценат кәсіпкер Мырзабек Қырымқұлов қолға алып отыр.
– Қай нәрсені де салыстырмалы түрде қарап байқайсың. Қарға тамырлас қазақтың жегжат-жұрағаты көп, сондықтан басқа облыстардың ауылдарына барып, келіп көріп жүрміз. Біздегі жағдай барған ауылдарымызда жоқ. Ал бізде тұрғындар үшін не керектің бәрі бар. Осындай мүмкіндікті тудырған басшы азаматтарға алғысымыз шексіз,– деді ауылдың ақсақалы Бердібек Сарбупиев.
– Ауылымыз дамып, көз алдымызда көркейді. Мұндай ауылда өмір сүру – бақыт. Тұрмыс-тірлігімізге ризамыз. Енді, міне, жоғары кернеулі электр желісі тартылғалы жатыр. Жарығымыз бұрынғыдан да жарқырай түспек. Тәуелсіздік жылдарында қол жеткізген барша игіліктер үшін Елбасына рахмет айтамыз. Жақсы істерді уақытылы жүзеге асыруға жұмыстанған облыс, аудан басшыларына ризашылығымызды білдіреміз,–деді зейнеткер ұстаз Жұмазия Тілепиева.
Иә, тұрмыс-тіршілігі өрелі өзгерістерден тұратын Есет ауылынан бір кездегі Кұркөлдің көңілсіз көріністерінің ізін де таппайсың. Тура іргесінен Ақтау – Атырау тасжолы өтіп жатыр, теміржолы, сірә, жанында, аядай ауылдың тұрғындары дүниенің төрт бұрышымен қатынас, байланыс жасай алатын мүмкіндікке ие, сан тарапқа тартылып жатқан жолдар секілді ауыл дамып, болашаққа жол тартып барады.
Айнахан Есет