Облыс орталығы Ақтау қаласынан Ақкетікке қарай шыққан ұлы жолдың бойында бірінші Ақшұқыр елді мекенін көреміз. Түпқараған ауданы осы елді мекеннің шекарасынан басталады. Облыс орталығынан бар-жоғы 13 шақырым қашықтықта жатқан елді мекеннің аумағы 5382, 8101 гектарды құрайды. 2017 жылдың жарты жылдық есебі бойынша халық саны 8234 адам болған.
Жыл емес, мұнда халық санына ай сайын өзгеріс енеді деуге болады. Себебі өткен жылдың есебінен бөлек, биылғы жарты жылдықтың өзінде 104 адам қоныстанып, 1236 тұрғын үй саны 1278 көрсеткішіне көбейген. Бұл - 42 үй жаңадан бой көтерген деген сөз. Онымен қоса жеке шаруашылықтар да, кәсіпкерліктер де, өндіріс орындары да көптеп ашылуда. Халықтың мұнда көп қоныстануын қазіргі таңда елді мекеннің облыс орталығына жақындығымен байланыстыруға болады. Бірақ ауылды Ақтау қаласы салынбас бұрын да адамдар мекен еткен. Бір өкініштісі, ауылдың құрылуы және оның Ақшұқыр аталуының ешқандай дерегі сақталмаған. Өзіміздің терген аз мағлұматтарды келтіре отырып, бұл мақаланы жазып шықтық.
Ақшұқырға қатысты тарихи деректер
Ақшұқыр ауылы Түпқараған ауданының оңтүстік-батыс бөлігінде орналасқан. Ауылдың батыс шекарасы Каспий теңізінің жағалау желісі бойынша өтеді. Солтүстікте Сайын Шапағатов ауылдық округінің және «Ақтау халықаралық әуежайы» акционерлік қоғамының жерлерімен, шығыстан Мұнайлы ауданының жерлерімен, оңтүстігінде Түпқараған ауданының жерлерімен шектеседі. Адамдардың отырықшылыққа келуін осындағы Қошқар ата қорымымен байланыстыруға болады. Себебі қазақтар бұрын киелі мекендерді тәж етуімен қатар, ата-баба рухы жамандықтан сақтайды деп мекен еткен. Одан да бұрынырақты сөз еткенде «Ақшұқыр» атауымен қатар осы маңайға қатысты «Жалғыз ағаш» атауы да қолданылған. Ақшұқыр жерінде «бұрынырақта түрікпендердің үлкен кенті болған. Осы жерде осы жұрттың әлдебір мансап иесі мекендеген екен» делінеді. Расында осы жерде қирап қалған үлкен мешіт пен сегіз тұрғын үйдің сұлбасы сақталған. Осы мағлұмат 1860-1925 жылдарда өмір сүрген Өскімбай ақынның жырында бар. Онда:
Оның былай қасында
Қосайық пен Еже бар.
Қарақұм мен Қызылжар
Өмірзақ пен Ақеспе
Қошқарата, Құйрық, Қолтық бар.
Қаражалшы, Ақшұқыр.
Қажы болып Машырық, Медресе, мешіт салдырып
Бала оқытып жақсы тұр», - дегені сияқты мешіт пен медресе салдырып, бала оқытқан Машырық қажы туралы мәлімет осы қирандыларға қатысты болса керек. (Серікбол Қондыбай «Маңғыстау географиясы» кітабынан алынды) Машырық медресе ашып, бала оқытқан. Қошқар ата қорымында мешіт салдырған. Мешіт нұсқасы 1948 жылдарға дейін сақталғанын, онда араб әрпімен жазылған кітаптар болғанын көзбен көрген ақсақалдар бар. Ақшұқыр медресесі туралы нақты жазбалы деректі «Маңғыстау» газетінің 13-мамыр 1995 жылғы, №57 санында жарияланған «Маңғыстау уезіндегі мұсылман мектептері» мақаласында анықтала түседі. Онда «Болыс аты – Түрікмен, медресе – Ақшұқыр, сабақ берген молда Өмірниязұлы», - деп көрсетілген. Бұл мәлімет сол кездегі статистикалық есепке 1887 жылы деп берілген.
Форт-Александровскіден Красноводскіге баратын жолдың бойында жатқандықтан «Ақшұқыр» атауы ХІХ ғасырдың аяғы мен ХХ ғасырдың басындағы жазба құжаттарда кездеседі. Маңғыстау өлкесін алғаш зерттеушілердің бірі, Хиуа жорығын бастаған, полковник Н.Ломакин Жібек Жолының Маңғыстаудағы бес торабын атап көрсеткен. Соның ішіндегі негізгі үш торабының бір жолында Қошқар ата қорымы барын айтады. Бірақ бұл маңайда халық бірден отырықшы болып кетпеген. Ыдыраңқы, көшпелі мал шаруашылығы, суармалы егінмен айналысқан. Мұндағы алғашқы мектеп соғыс жылдарымен тұспа тұс кезеңде ашылған. 1943 жылы бір ғана мұғаліммен, 6 оқушысымен ашылды. Мұғалімдердің майданға алынуына байланысты балаларды оқыту орта мектептің 7-9 сыныптарын бітірген жастарға жүктелді.
Ақшұқырда шаруашылық Кеңес кезеңінен бері бар
Ел болып отырықшылыққа үйрене бастаған Ақшұқырда кеңес кезеңінде «Ақшұқыр» кеңшары болды. 1971 жылдары жанданған кеңшар жұмысы гүрілдеген кезеңін бастан өткерді. Көп жұмыс көздерінің ашылуымен осы жерге тұрғындар көптеп көшіп келе бастады. Асыл тұқымды қой өсіруді қолға алған кеңшар жұмысы тәуелсіздік алғаннан кейін тоқыраудың алдында тұрды. Бір «Ақшұқыр» кеңшары емес, әуел баста 15 мемлекет біріккен кеңестік кезеңде бір жерден басқарылған шаруашылықтардың барлығы иесіз қалғандай күй кешті. Ауылдарда құрылған барлық шаруашылық сондай күй кешкенде, оның жұмысын жаңа бағытқа қарай бұрмалайтын, өміршеңдігін ұзартуға себептер іздестірілді. Осы кезеңдерде тәуелсіздіктің туындысы ретінде Түпқараған ауданы құрылды. Аудан құру идеясы да осы – экономикалық тығырықтан шығудың бірден-бір жолы екенін білді. Сөйтіп жаңа аудан құрамына қарасты Қызылөзен ауылындағы «Түпқараған» кеңшары «Қарағантүбек» деп өзгертіліп, акцияларының 90 пайызы ел Үкіметінің қолындағы акционерлік қоғам болып, өмірге қайта келді. Ал Таушықтағы «Жаңа жол» кеңшары «Таушық» атауымен серіктестік болып құрылды. «Ақшұқыр» кеңшары «Жайлау» серіктестігі болып қайта құрылды. Ол кезде оның директоры Серік Бекболатов деген азамат болды. Оның алдында «Ақшұқыр» кеңшарын Күзембай Ерғалиев басқарған еді. «Жайлау» күні бүгінге дейін сол К.Ерғалиев негізін салып, бастап берген селекциялық жолмен етті де жүнді қой тұқымын өсіру жұмысын жалғастырып келеді. Онымен қоса жылқы да өсірілді. Заман талабына сай тек қана мал шаруашылығымен айналысып қана қоймай, ауыл мен қала халқын ас атасы нанмен қамтыды, мал жүнін де пайдаға асыру мақсатында шаруашылық малдарымен қатар ауыл тұрғындарынан да жүн қабылдап, пресстеп, мақта-мата жасайтын цехтарға тапсырып отырды. Сонымен қатар техникалармен жергілікті жердегі ірілі-ұсақты компанияларға әртүрлі қызмет түрлерін көрсетумен айналысады. Күзде шөп шабу маусымында техниканы жұмылдырып, мал азығын мол жинайды. Дәл бүгінгі күні шаруашылықтың күйіне үкіметтен қолдау керек. Бәсекелестік бағытқа жұмыс жасайтын тың бастамаларды қажет етіп тұр. Өткен жылдың қорытындысында «Жайлау» ЖШС- інде 2200 қой басы, 42 бас жылқы бар деп келтірген. (Әбілқайыр Спанның «Қарашаңырақ» кітабынан деректер алынды).
Білім беру саласы 74 жыл бұрын қолға алынған
«74 жыл» деп, бертіннен айтқанымыз, жоғарыда атап көрсеткеніміздей, Ақшұқыр елді мекенінде алғашқы советтік мектептің 1943 жылы 1 ғана мұғаліммен, 6 оқушысымен ашылған дерегіне сүйендік. Жоғарыда тағы бір келтірген дерегіміз бойынша мұсылманша сауат ашуда бұл елдімекенде медресе 1887 жылы ашылғанын білесіздер. Ол медреседе осы жердің тумалары оқуы мықты Машырық қажыдан сауат ашқан. Бұл сөздеріміз советтік кезеңнен бұрын да білімге құштар, көкірегі ояу азаматтардың бұл өлкеде көп болғанына дәлел. Енді бергі тарихы сақталған советтік мектеп жайына тоқталсақ, 1943 жылы Ақшұқырда бастауыш мектеп ашылды. 1957 жылы Шәбден Ералиев атындағы сегізжылдық мектеп болып өзгертілді. 1965 жылы
Шәбден Ералиев атындағы орта мектеп болып өзгертілді. ҚР министрлер кабинетінің 12-мамыр 1993 жылғы №383 Қаулысымен Маңғыстау облысы Форт-Шевченко қаласын- дағы Ақшұқыр селосындағы орта мектепке белгілі жазушы-драматург, аудармашы Маршал Әбдіхалықов есімі берілді. Сол кездерде Ақшұқырда әр мерзімде Садақбаев Қаңғали, Сахиева Балсұлу, Құлбасов Ұзақ, Ұзақбаев Әмин, Мединаева Тәнзила, Шахатов Тасқынбай, Қабылов Рамазан ұстаздық жасаған. Аты айтып тұрғандай, мектеп басында бастауыш білім беру, жазып, есептеп үйретумен ғана айналысқан. 1957 жылдан кейін дұрыс орта білім беретін мектеп болғанда сол заманға сай орта білімнің негізін беретіндей дәрежеге жетті. Тәуелсіздік алғаннан кейін орта білім беретін мектеп гимназия дәрежесіне көтерілді. Бүгінгі күні М.Әбдіхалық мектеп-гимназиясының жеткен жетістіктері көп. «Маңғыстаунама-2017» байқауының аудандық кезеңінде «Ауыл келбеті» номинациясы бойынша сурет байқауынан М.Әбдіхалықов атындағы мектеп-гимназиясының 10 «а» сынып оқушысы Дүйсекенова Арай бас жүлдені, «Ауылым–алтын бесігім» ақындар мүшайрасы байқауынан 10 «а» сынып оқушысы Сұлтанова Дильфуза 1-орын, «Менің ауылым» жобалар байқауынан 8 «ә» сынып оқушысы Қайырымқұлұлы Мәлік 2-орындарды иеленіп жүлделі оралды. «Бір апта қалада» байқауының аудандық кезеңінде «Ер есімі-ел есінде» номинациясы бойынша М.Әбдіхалықов атындағы мектеп гимназиясының 10 «а» сынып оқушысы Сүлейменова Мәдина 1-орын иеленді.
«Эссе» байқауы бойынша 11 «а» сынып оқушысы Дәлубай Айғаным 1-орын алды. «Тарихи ескеркіштер сыр шертеді» жобалар байқауы бойынша 11-сынып оқушысы Келембай Назым 2-орын иеленді. «Зерттеу жұмысы» бойынша 10-сынып оқушысы Тәжімағанбет Ернар 2-орын, «Қаладағы бір күнім» монолог оқу байқауы бойынша 10 «а» сынып оқушысы Мұсаханова Гүлдана 2-орын иеленді. Мектепті білім саласында көп жылдар еңбек еткен, Халықаралық экология және инженерия ғылым академиясының профессоры Оңайбай Әбдірахманов басқарады.
Ауылдағы екінші білім ордасы «Ақшұқыр мектеп-лицейі» деп аталады. Тәуелсіздіктің төл туындысы саналатын бұл білім ордасы 2014 жылы алғаш қоңырауын соққан болатын. Содан бері өткен 3 жыл көлемін лицей тек жетістіктермен аяқтап, облыста, тіпті республикалық деңгейде ауданның мерейін өсіріп жүр. Юнеско құрамына кіретін облыстағы екі мектептің біреуі. Өткен жылғы ҰБТ қорытындысы бойынша орта ұпай 99,6 болып, жалпы үлгерім көрсеткіші 100 пайызды көрсетті. Кадр толық қамтылған лицейде білім сапасын жақсартатын мүмкіндіктің барлығы пайдаланылып отыр. Оған ең бірінші кезекте осы мектептің директоры – Қаламқас Тілеубаева Қалиқызының еңбегі зор. 160 мамандарының ішінде 35 пайыз мұғалім жоғары санатты, 24 пайызы І санатты, қалғандары ІІ және санатсыз ұстаздардан тұрады. Осы мектеп-лицейдің ұстазы Қадірова Әлия республикалық «Үздік педагог-2016» конкурсының жеңім- пазы. Облыстағы мұғалімдер ішінен ең алғаш өзінің ұстаздық дәрежесі үшін көлік мінген маманның алғашқысы. 2015 жылы мектеп-лицей ең үлгілі мектеп атағын және «Үздік ауыл мектебі» атағын жеңіп алды. (Бұл білім ордасының жетістіктері туралы газетіміздің алдағы сандарында жариялайтын боламыз) Ауылда «Жауқазын» және «Бәйтерек» мемлекеттік балабақшалары және «Ай-нұры», «Сұлтан», «Ақботақан», «Бүлдіршін», «Балапан», «Каусар» шағын орталықтары қызмет көрсетеді. Олар толықтай материалдық техникалық құралдармен қамтамасыз етілген. Маман тапшылығы жоқ. «Жауқазын» және «Бәйтерек» балабақшасында 10 топта 240 бала, «Ай- нұры», «Сұлтан», «Ақботақан», «Бүлдіршін», «Балапан», «Кәусәр» шағын орталықтары 13 топта 318 бала тәрбиеленуде. Тағы «Алма» жекеменшік балабақша пайдалануға беріледі деп күтілуде.
Денсаулық сақтау саласын сөз еткенде
Ауылдық амбулаторияда 7 жоғары білімді дәрігер, 21 мейірбике, 1 акушер-мейірбике, 1 фельдшер-лаборант, 1 химизатор, 1 медбике және балалар массажисті қызмет етеді. Амбулаторияда өткен жылдың есебімен 10320 адам тіркелген, оның ішінде 14 жасқа дейінгі балалар саны – 3201. 1 жасқа дейінгі бала саны – 334, жүкті әйелдер саны - 525 деп көрсетілген. Күндізгі стационарда жыл басынан бері ем алғандар саны – 450 адам. Диспансерлік есепте – 1852 ересек адам және 1215 бала тіркелген. 828 адам дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етілген. Осы амбулаториядағы дәрігер Айгүл Жаңбырбайқызының айтуынша жүру жағдайы нашар, төсек тартқан науқастарға үйде емдеу шаралары жүргізіліп, дәрігерлік көмек көрсетіледі екен. 5 дәрігер отбасылық тәжірибелік дәрежесінде қызмет етеді. Амбула- торияда фтезиатр, тіс емдеу, әйелдер дәрігері қабылдау жүргізеді. Сонымен қатар күндізгі стационарда ем қабылдайтын 10 төсек-орын бар. Бірақ Айгүл Жаңбыр- байқызы ауыл тұрғындарының сұрауы бойынша жедел-жәрдем көлігі қажеттігі және 10 төсек-орынды 20 орынға жеткізу мәселесі басшылықтарға жеткізілгенін айтты.
Ауыл бойынша жеке емхана «Жоламан» медициналық орталығы қызмет көрсетеді. Емханада күндізгі стационар, тіс дәрігері, генекология, рентген, эндоскопиялық кабинеті және ултрадыбыстық қаралу кабинеттері жұмыс жасайды. Сонымен қатар, 5 дәрігер, 2 медбике жұмыс жасайды. Алдағы уақытта лабороториялық кабинет ашу көзделіп отыр.
Спорт және дене шынықтыру саласы
Ауылда арнайы спорт кешені болмаса да ауыл жастары түрлі жарыстарға қатысып, жүлделі орындармен марапатталуда. Ауылда 12 үйірме бар, 4 ашық футбол алаңы және спортшылардың жаттығулары үшін мектептің спорт залы кешкі мезгілдерде пайдалануға беріледі.
«Ақшұқыр ауылы» футбол командасы түрлі облыс, аудандық деңгейіндегі жарыстарда үнемі жүлделі I, II, III орындарда көрініп, облыста, ауданда чемпион атанып жүр. Облыстық жеңіл атлетика Әмин Тұяқовтың «Аминада» жүгіру жарысында 12 спортшы I орын, 3 спортшы II орын, 13 спортшымыз III орын иеленді. Қазақша күрестен облыстық іріктеу жарысында Төлеев Оразалы III орын алды.
Ауыл спортын көтеру және салауатты өмір салтын қалыптастыру, патриотизммен достықты нығайту мақсатында аудандық мәслихат депутаты, жеке кәсіпкер Төле- мағанбетов Айтқали азаматтың қолдауымен Баланжан Са- хиева көшесінде «Кик-Тай Боксинг» спорт залы кешені салынып жатыр, ағымдағы жылдың желтоқсан айында пайдалануға беріледі деп күтілуде.
Мәдениет саласы
Ауылда 270 орынды мәдениет үйі қызмет етеді. 1980 жылы ашылған мәдениет үйінде 263 қатысушы бар. 14 клубтық құрылымы және 40 қатысушы бар 1 халықтық ұжымы жұмыс жасайды. Мәдениет үйі негізгі жұмыстарын мәдени қызмет көрсетудің деңгейін көтеруге, жұртшылықтың мәдениетке қатысты белсенділігін арттыруға, талапқа сай мәдени шаралар ұйымдастыруға, мәдениет үйлерінің жұмыстарын үйлестіруге, бақылау жасауға және методикалық көмек көрсетуге бағыттаған. Есепті кезеңде мәдениет үйінде 31 шара өткізіліп, 6079 көрермен қамтыл- ды.
Материальдық-техникалық базасы НКОК компаниясының демеушілігімен – 6 008 987 (6 млн. 8 мың 987 теңге) мың теңгенің музыкалық аппаратурасымен жабдықталды. Ақшұқыр мәдениет үйінің талантты жастары 3 облыстық, 5 аудандық байқауларына қатысып жүлделі орындар иеленіп жүр. Бұл ұжымға дәстүрлі әнші Назгүл Айдарбаева жетекшілік етеді.
Жаңа заманғы жаңа бизнес түрі осында
Ол қандай бизнес түрі деп оқырмандарымыз ойлап отырған болар. «Ғылыми өндірістік мекеме – «KAZAKH OSSETER» жауапкершілігі шектеулі серіктестік деп аталады. Бұл серіктестік Каспий теңізіндегі бағалы бекіре тұқымдас балықтарын сақтап және оны ғылыми түрде көбейтуге жұмыстанады. 650 млн. теңге тұратын жобаның басшысы Тұрсынгүл Жақыпованың бастамасымен, тұрғындардың бағалы балыққа қолжетімділігі артты. Жылына 60 тонна өнім шығаруды көздеген мекеме 2014 жылы өз жұмысын бастады. Содан бері де 4 жылда өз шығынын ақтайды деп күтілуде. (осы өндіріс мекемесі туралы газетіміздің алдағы сандарында толық материал ұсынатын боламыз).
Ақшұқырдың өткені мен бүгінін барымызша жаздық. Әрине, қамтылмаған көп мәселелер де бар. Өкініштісі, ауылдың тарихына қатысты мағлұматтардың қалмауы, онда болған медресе жұмысы жайында дерек сақталмауы. Ақшұқыр маңынан Ақтау қаласының бой көтеруі бұл ауылдың дамуына игі әсер еткен ең негізгі фактор болды. Кеңес заманында «Ақшұқыр» кеңшарының орталығы болса, бүгінде ол Ақтаудың серік қаласы іспетті. Ауылдағы белсенді 4441 тұрғынның көбі ары қарай облыс орталығына барып жұмыс жасайды, бахталық әдіспен мұнай өндірістеріне қатынайды. Ауылдың аудан орталығына қашықтығы ауыл тұрғындарына өзіндік қиындығын да жеткізіп тұр. Оның ішінде ең бастысы құжат рәсімдеу жұмыстары үшін Форт-Шевченкодағы халыққа қызмет көрсету орталығына бір емес, бірнеше күн қатынап, уақытын да, қаражат шығынын да кетіретіндіктерін айтады. «Құжаттардың барлық мәселесін Ақшұқыр ауылындағы халыққа қызмет көрсету орталығы филиалы жұмысына қосып берсе жақсы болар еді. Шешілуі қиын емес сияқты, басшылықтар қолға алса» деген ұсыныстарын жеткізді. Біздің парызымыз – естігенімізді газет арқылы жеткізу. Оқитын, түйін шығаратын басшылық болса...
Клара ҚАНСҰЛТАНОВА,
Суретті түсірген Талант ҚҰСАЙЫН