Ақтаудағы балалар мен спорт алаңдарының 70 пайызға жуығы ескірген. Олар бүгінде жөндеуді немесе толық ауыстыруды қажет етеді. Бұл жағдай тұрғындар тарапынан жиі айтылатын наразылықтардан байқалып жүр.
Ойын алаңдарындағы сынған сырғанақ, қисайған саты, тозығы жеткен құрылғылар соңғы уақытта ата-аналарды жиі алаңдататын болған.
- Балаларымыз ойнайтын толыққанды алаң - жоқтың қасы. Көпшілік ойын құрылғылары сынып жатыр, әр жерде қалдықтар. Балаларды ойнауға жібереміз де қорқып отырамыз. Осыған бір шара қолданса, - дейді қала тұрғыны Нұрсәуле.
Ақтауда екі жүзден астам балалар мен 80-нен астам спорт алаңдарының 70 пайызы ауыстыруды немесе қайта құруды талап етеді. Ең үлкен жөндеу осыдан төрт жыл бұрын жүргізіліпті. Одан кейін қаланың айналасында демеушілік қаражат есебінен 140 учаске орнатылып, 30 жөндеу жұмыстары жасалған. Бірақ олардың барлығы қазірдің өзінде толық немесе ішінара ауыстыруды талап етеді.
- Бізде 4-5 үйге ортақ бір балалар алаңы бар. Барлығы топырлап барып сонда ойнайды. Жарайды, ойнасын. Бірақ ол жерде дұрыс құрылғылар да жоқ. Бір-екі сырғанақ тұр. Айналасы да қоршалмаған. Кейде, тіпті, балаларымызды қайда апарып ойнатарымызды білмейміз. Ойын алаңдары жеткілікті салынса дейміз, - дейді қала тұрғыны Айжамал.
- Мен 5 шағынауданда тұрамын. Үй алдында балаларға арналған кішкентай футбол алаңы бар. Жалпы одан бөлек ойынға арналған турниктен басқа құрылғы жоқ. Сондықтан балаларымыз арасында футбол ойнайды немес басқа алаңдарға баруға мәжбүр, - дейді Серік.
Өткен жылы 9 ойын алаңын жөндеу және орнату үшін жергілікті бюджеттен 30 млн. теңге бөлінген. Биылғы жылы осы сомаға үш спорт алаңы жөнделіпті.
- Егер бюджеттен қаржыландыру болса, біз қалада барлық балалар мен спорт алаңдарын жөндеуге мүмкіндігіміз бар. Жыл сайын біз отыздан астам учаскені жөндеуге қаржы сұраймыз, бірақ бөлінген қаржы тек 5-10 учаскені жөндеуге жетеді. Бұл өте аз, - дейді Ақтау қаласының тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімінің бастығының орынбасары Аманбек Таңатов.
Аманбек Таңатов Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте бюджет қаражатының мүмкіндігінше 3 спорт алаңын жөндеуге кіріскендерін жеткізген еді. 2 және 4 шағын аудандағы спорт алаңдарының жөндеу жұмыстары аяқталып, 11 шағын аудандағы алаң жөнделіп жатқандығын айтқан. Сонымен қатар, спорт алаңдары мен балалар ойнайтын алаңқайлар қауіпсіз, бүлдіршіндер жарақат алмайтындай болуы үшін арнайы төсенішпен жабдықтауды қолға алынды деген болатын.
Келесі жылдан бастап жергілікті билік органдары учаскелерді жөндеу және орнату шығындарының кәсіпкерлерге арналған бөлігін ауыстырмақ. Кәсіпкерлерге «Туған жер» бағдарламасы бойынша қаланы абаттандыру ұсынылады. Биыл Ақтауда кәсіпкерлердің қолдауымен 6 ойын алаңы салынған.
Теңге БЕКМҰРЗАЕВА
Суреттерді түсірген Ольга РУДАКОВА