Енді Маңғыстаудағы діни ғимараттарға бейнебақылау орнатылатын болады. Бұл туралы Маңғыстау облысының лаңкестікке қарсы комиссиясының отырысында айтылды. Жиында өңір халқымен деструктивті діни ағымдардың идеологиясына қарсы шаралар, мемлекеттің терроризм күрес саясаты туралы халықты ақпараттандыру талқыланды.
Жыл басынан бері бұқаралық ақпарат құралдарында діни экстремизмнің алдын алу және тұрғындардың діни сауаттылығын арттыруға арналған барлығы 400-ге жуық материал жарық көрді. Оның ішінде, мерзімді басылымдарда – 150-ге жуық мақала, телеарналардан – 100-ге жуық сюжет, сайттарда – 150-ге жуық материал жарияланған.
Маңғыстау облысы әкімінің баспасөз қызметінің хабарлауынша, лаңкестікпен күресу мақсатында Денсаулық сақтау басқармасы 7 топтан тұратын өңірлік жедел штабты медициналық-психологиялық қолдау тобын құрған. Аймақтың 12 медициналық мекемесінде 15 миллионнан астам теңгеге бейнебақылау жүйесі орнатылған.
Төтенше жағдайлар департаментінің бастығы Қуанар Базарбаевтың мәліметінше, облыста шұғыл құтқару және жедел жұмыс күштерінде 120 қызметкер бар және 24 бірлік техникамен жарақтанған. Басқармада авариялық-құтқару қызметтерімен 11 тікелей телефон желісі қосылған. Халықты жедел хабардар ету үшін SMS-хабарлама арқылы ескерту жүйесі қолданылады.
Лаңкестікке қарсы комиссиясының отырысында:
-жергілікті телеарнада, халық көп шоғырланған алаңдарда, қалалар мен аудандарда LED – экранда үздіксіз тұрғындардың діни сауаттылығын арттыруға бағытталған бейнебаяндар тарату;
-жергілікті БАҚ-та антитеррорлық сипаттағы мақалаларды ай сайын жариялау;
-дін істері басқармасының тапсырысына сай, жат ағымдарға және жалған діни ұйымдарға қарсы тұра алатын білікті теологтармен қамтамасыз ету;
-халыққа терроризм актілерінің алдын алуға көмек көрсететін бейнебаяндар жариялау;
-шетелде діни білім алудың қаупі туралы жастар арасында түсіндіру жұмыстарын күшейту;
-«STOP SECTА Aktau» интернет-қоғамдастығында халықтың діни сауаттылығын арттыру, ұлттық салт-дәстүрлерді насихаттауға және жастардың рухани әлеуетін дамытуға бағытталған материалдарды орналастыру;
-мешіттерде, сауда орындарында, әлеуметтік мекемелерде діни әдебиеттерді заңсыз таратуды анықтау және алдын алу;
-барлық облыстағы діни ғимараттарды бейнебақылау жүйесімен қамтамасыз ету сынды бірқатар шешімдер қабылданды.
Теңге БЕКМҰРЗАЕВА,
Суреттерді түсірген С. МАЙЕМЕРОВ
[gallery td_select_gallery_slide="slide" ids="42915,42916,42917,42918,42919,42920"]