2018 жылдың 1 қаңтарынан бастап ынтымақтастық (жасына байланысты) зейнетақы, мемлекеттік базалық зейнетақы және жәрдемақылардың басқа түрлерінің көлемі арттырылады.
Бүгінгі күні Қазақстанда үш деңгейлі зейнетақы жүйесі бар: базалық, ынтымақтастық және жинақтаушы. Келесі жылғы өзгерістер базалық зейнетақыға қатысты болмақ. Жыл басында Елбасы жолдауында зейнетақы мөлшерін 2016 жылмен салыстырғанда 20 пайызға арттыру тапсырмасын берген болатын.
- Жолдаудан кейін зейнетақының 20 пайыздық өсіміне көштік. Яғни, 13 пайыз базалыққа, 11 пайыз ынтымақтастыққа қосылды. Республика бойынша бұл өсім 2,1 миллион зейнеткерге қатысты болды. Жалпы 90 жылдардың басында тоқырау кезеңінде жұмыс орнынан қысқаруына байланысты зейнеткерлердің еңбек өтілі үлкен болса да, айлық табысы азайды. Міне, сол азаматтар министрлікке хабарласты. Енді ол кісілердің мәселесі шешіледі деп айтуға болады. Бүгінгі күні ынтымақтастық зейнетақыға азамат құжатын тапсыратын болса, 1998 жылға дейінгі еңбек өтілі алынады. Келесі жылдың шілдесінен бастап базалық зейнетақы 33 жыл еңбек өтілі бар азаматтарға 2 есеге өседі. Базалық зейнетақыға еңбек өтілін алу барысында 1998 жылғы еңбек өтілін де алатын боламыз, - деді Еңбек, әлеуметтік қорғау және көші-қон комитетінің Маңғыстау облысы бойынша департаменті басшысы Арман Елдесов ӨКҚ-де өткен брифингте.
Келесі жылы зейнетке 1998 жылға дейінгі еңбек өтілі 18 жылды құрайтын 1960 жылы туылған әйелдер шығатын болады. 1970 жылы туылған әйелдердің еңбек өтілі 10 жылға тең, ал 1980 жылы туылған әйелдердің еңбек өтілі мүлде болмайды.
Әйелдердің зейнеткерлік жасын арттыру 2018 жылдан бастап 2027 жыл аралығында 10 жыл ішінде 6 ай сайын жүзеге асырылатын болады.
2016 жылдың 31 желтоқсанындағы мәлімет бойынша Маңғыстау облысында 45 641 зейнеткер болған. Бұл зейнеткерлерге облыс бойынша бюджеттен қажеттілік 1 976 223 теңгені құраған. 2017 жылдың 1 шілдесінен бастап 20 пайыздық өсімнен соң 47 222 зейнеткерге қажеттілік 2 433 719-ға артқан.
- 2018-2022 жылдарға арналған республикалық бюджетті қайта қарау туралы заңнама аясында келесі жылдан бастап айлық есептік көрсеткіш 2405 теңгеге артады деп күтілуде. Сонымен бірге ең төменгі зейнетақы 33 745 теңге, күнкөріс деңгейінің ең төменгі мөлшері 28 284 теңге, ал базалық зейнетақы 15 274 теңге болады, - деді Арман Елдесов.
Бұл өзгерістер бүгінгі күні зейнатқы алатын азаматтарға да, келесі жылы зейнетке шығатын азаматтарға да, яғни барлық 2 миллион зейнеткерге қатысты болмақ. Қазір барлық зейнетақы істері қаралып, барлық есеп-қисап жүргізілген. Қайта есептуді жүргізу үшін зейнеткерлерден қосымша құжат қажет етілмейді. Ол автоматты түрде жүзеге асырылады. Сондықтан зейнетақы төлеу жөніндегі мемлекеттік орталыққа зейнеткерлер келуге міндетті емес.
Айта кетейік, 5 баласы бар әйелдер 53 жасында зейнетке шыға алады. Бұл ретте мемлекет 12 жылдан аспайтын, әр балаға 3 жыл еңбек өтілін қарастырады. Сондай-ақ, егер әйелдің жеке зейнетақы жинақтау шотында жеткілікті зейнетақы жинақтары болса, 50 жасында зейнетке шыға алады. Бірақ ол сома 12 миллион теңгеден көп болуы тиіс.
Сонымен қатар, бала туылғанда берілетін жәрдемақылар да 2017 жылдың 1 шілдесінен бастап 20 пайызға артқан. Бұрын 71 мың теңге болған жәрдемақы қазір 86 мың теңге көлемінде.
- 2017 жылдың 1 қарашасындағы мәлімет бойынша облыста барлығы 200 мыңға жуық адам жәрдемақы және зейнетақы алады. Оның ішінде 48 мың зейнеткер, 49 мыңдай базалық зейнетақы алушы, 18 мыңға жуық мүгедектігіне байланысты және 5 мыңға жуық асыраушысынан айырылуына байланысты жәрдемақы алушылар бар. 2016 жылы оларға 47 миллиард теңгедей қаржы қарастырылса, Ал 2017 жылдың 10 айының қорытындысы бойынша, осы көмек алушыларға шамамен 45 миллиард теңге бөлінген,- дейді «Әлеуметтік төлемдерді ведомствоаралық есептеу орталығы» департаменті директор орынбасарының міндетін атқарушы Ғалым Қаратаев.
Теңге БЕКМҰРЗАЕВА