©
Маңғыстау облыстық мәдениет басқармасы басшысының міндетін атқарушы Пания Оңалбайқызынан Әбіш Кекілбаевқа арналған мәдени шаралар төңірегінде сұраған едік. Оның заңғар тұлға жайында айтқан естеліктері мен келелі әңгімесін қаз-қалпында беруді жөн көрдік.Әбіш Кекілбаев - ХХ ғасырдағы ірі тұлғалардың көрнекті өкілі
- Әбіш әлемін тану - әр қазақ үшін қажет дүние. Елдің, ұлттың рухын көтеретін дүниелердің барлығы фольклордан, елдің ауыз әдебиетінен басталады. Халықтың санасына сіңген нәрселерді әр уақытта түп-түбірімен жеткізе білген ақын-жазушыларға қазақ халқы кенде емес. Бірақ осы ХХ ғасырдағы ірі тұлғалардың көрнекті өкілі – Әбіш Кекілбаев. Әбіш ағаның әлемдегі 100 жазушының қатарына кіруі – соның айғағы. Қалам ұстап жүрген халық көп болғанымен, ел мойындағаны – шанда-шанда. Әбіш ағаның туған елі, туған топырағы Маңғыстау үшін жасаған еңбегі - ұшан-теңіз. Қазақ елінің тәуелсіздік алып, тәй-тәй басқан тұста еткен еңбегі де көпшілікке белгілі. Сол уақытта Елбасының жанында жүріп, бірге қызмет етті, Парламентте жұмыс істеді, Сенаттың депутаты болды. Келелі мәселелерді көтерді. 2006 жылдан бастап өлкенің тарихи-мәдени мұрасын қорғау туралы ғылыми-әдістемелік кеңес құрылды. Әбіш аға сол кеңестің төрағасы болды. Тарихи-мәдени ескерткіштер, мұраға байланысты қордаланып қалған мәселелер сол уақыттарда шешілді. Оған еліміздегі әр саланың білгір мамандары тартылды. Зейнолла Самашев, Карл Байпақов, Елена Корж сынды мамандар шоғыры осында жиналды. Арал, Каспий өңірінің тарихи мұралары атты халықаралық деңгейдегі конференция да ұйымдастырылды. Сол уақытта өңірдің халықаралық деңгейге шығуына, туристік әлеуетінің дамуына, ескерткіштердің өзекті мәселелерінің жан-жақты зерттелуіне үлкен септігін тигізген кеңес болды. Қазіргі таңға дейін бұл кеңес көптеген мәселелерді шешіп келеді.Әбіш әлемін тану
Ал әдеби деңгейде жасалған жұмыс өз алдына - бір төбе. Қазір Әбіш ағаның мұрасын зерттеу бұрынғыдан да көп қолға алынды десек артық болмас еді. 2016 жылдың желтоқсан айында Н.Жантөрин атындағы облыстық музыкалық-драма театр жанынан «Әбіш әлемі» атты І республикалық театр фестивалі ұйымдастырылды. Оған еліміздегі алдыңғы қатарлы атақты театрлар қатысты. Ол фестиваль екі жыл сайын өткізіліп тұратын болып шешілді. Енді 2018 жылы өтеді деген жоспар бар. «Рухани жаңғыру» аясында келесі жылға Әбіш әлемін тануға байланысты кітап көрмелері, әртүрлі деңгейдегі мәдени шаралар циклы жоаспарланып отыр. Сонымен қатар, 2016 жылы қазанда Астана қаласында «Әбіш әлемі» атты республикалық тарихи-әдеби мәдени журнал-альманағының презентациясы өтті. Қазіргі уақытта ол альманахтың 3 саны жарық көрді (тоқсанына бір рет шығады). Сондай-ақ, мұражайларда, облыс клубтарында, облыстық тарихи-өлкетану мұражайында Әбіш ағаның атындағы арнайы зал бар. Ол зал әр уақытта толықтырылып тұрады. Аға өзі қолымен ұстаған нәрселерін көзі тірісінде осы мұражайға тапсырған болатын. Енді ағаға арналған рухани орталық ашу мәселесі айтылып келеді. Бұйырса, Әбіш ағаның 80 жылдығы қарсаңында ашылады деген үміттеміз.Теңге БЕКМҰРЗАЕВА
Суретті түсірген Талант ҚҰСАЙЫН