Бүгін, 11 қазан күні Ақтауда «Достық үйінде» Халық жазушысы, ҚР Еңбек Ері Ә.Кекілбайұлының 80-жылдығына арналған әдебиет және өнер қайраткерлерінің Халықаралық конгресі өтті, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты. Маңғыстау облысының әкімдігі мен Ш.Есенов атындағы Каспий мемлекеттік технологиялар және инжиниринг университеті ұйымдастырған шараға әлемнің әр түкпірінен келген әдебиеттану, тіл білімі, тарих, философия, педагогика, психология, әлеуметтану, саясаттану секілді гуманитарлық сала мамандары, мемлекет және қоғам қайраткерлері мен ғалым-зерттеушілер сонымен қоса, жазушының жұбайы мен қызы қатысты. ҚР премьер-министрінің орынбасары Бердібек Сапарбаев Тұңғыш Президенттің құттықтауы мен сәлемін жеткізді. Әбіш Кекілбайұлын айта тұра, оның туған топырағы туралы айтуды да парыз деп санаған оның сыйлас замандастары кешегі ашылған мүсінін меңзеп «өзі туған жерге қола ескерткіш болып қайта оралып отыр» деді. Халықаралық Конгреске жиналған қоғам қайраткерлері, журналист, жазушылар «Ә.Кекілбаев және қазіргі қазақ әдебиеті» тақырыбында баяндама жасады. 1994 жылдан бастап «Қазақтың ұлттық бірегейлігін сақтау» деген тақырыпта диссертациялық еңбек жазған, қазақ тілінің дамуы мен рухани мәдениетін жоғары бағалайтындардың бірі Орхан Сөйлемез мерекеге арнайы шақырылған қонақ. - «Қазақ әңгімелері» хрестоматиясын дайындап, 20 жазушының шығармаларын түрік тіліне аудардым. Олардың бірі Әбіш Кекілбайұлы еді. Ол кісінің «Керек адам» деген әңгімесінің түрік тіліндегі нұсқасы менің хрестоматияма енді. Сонымен қатар, бұл жазушының «Аңыздың ақыры» деген романы туралы ой толғап, мақала да жаздым. Оған қатысты көптеген пікір айтылып, қызу талқыланған еді. Әбіш Кекілбайұлының 80 жылдық мерейтойына арналған шараларға қонақ қылып шақырғандарына ризашылығымды білдіремін, - дейді түрік тілі және әдебиеті профессоры, доктор Орхан Сөйлемез. Түркиядан келген қонақ халықаралық конгрессте Әбіш Кекілбайұлының «Болашаққа бағдар» және «Рухани жаңғыру» бағдарламарына сіңген еңбегі туралы сөйледі. Пленарлық мәжілістің мақсаты – Ә.Кекілбаев шығармашылығының әлемдік көркем кеңістіктегі орны мен оның адамзаттың рухани дамуына өзіндік ықпалын Адамтану және Жаратылыс концепциясы контексінде зерделеу, оныәлемдік ғылыми айналымға енгізудің тетіктерін талдап, талқылау. Алқалаған әлеумет маңғаз мекен Маңғыстаудың ғана емес, исі қазақ жұртының маңдайына біткен біртуар азаматы хақында сөз қозғап, оның ойшылдығының теңдесіз екенін айтты. - Қазіргі болған пленарлық жиын Әбіш ағаның тұлғалығын аша түсті. Айтылатын сөз көп, ол кісінің суреткерлік биіктігі ауызбен айтып, сөзбен жазып жеткізгісіз. Ол кісіні жақсы білдім, мені іні-дос деп есептейтін. Әбіш Кекілбайұлымен шығармашылық достықта болғаныма, замандас болғаныма және осы кісінің қаламынан туған «Абылай хан» деп аталатын биік деңгейдегі шығармада басты рөлде ойнағаныма және Абылай ханның кереметтей әрекетін монологтар арқылы Әбіш ағаның жанын жеп жүрген желілер менен аспани армандарын сахнадан жеткізгеніме өзімді бақытты есептеймін. Бұл пленарлық отырыс әлі де жалғасын табу керек, ғылыми түрде зерттеліп, негізделуі тиіс. Әбіш ағаның феноменін ұрпаққа жеткізу үшін сөзіміз бен қаламымызды аямай айта да, жаза да түсуіміз керек. Өйткені Әбіш аға қазақ руханиятының жауһар тасы һәм қайталанбас тұлғасы, - деді ҚР Халық әртісі Тұңғышбай Жаманқұлов. Әбіш Кекілбайұлын ұлықтауда Маңғыстаудан бастау алған шаралар 6 қарашада Нұр-Сұлтан қаласында жалғасын табады. 76 жыл ғұмыр кешіп, артына өшпес із қалдырған абызымыздың оты қастерлеп-қадірлейтін халқы барда ешқашан сөнбек емес. Білімділігі мен ойшылдығының арқасында парасатты пайымдарын өз деңгейінде жеткізе білген Әбіш ағаның көзі тірісінде-ақ құрметті болғаны туралы айтарда Ахмет Байтұрсынұлының «Ерім дейтін ел болмаса, елім дейтін ер қайдан шықсын» деген сөзі ойға оралады. Кейіпкерді суреттеуде ерекше тәсілді шеберлікпен игерген жазушының өмір өрнегі өскелең ұрпаққа үлгі болып қала бермек.
Махаббат НҰРЖАНҚЫЗЫ
Суреттерді түсірген Талант ҚҰСАЙЫН
[gallery td_select_gallery_slide="slide" ids="86254,86255,86256,86257,86258,86259,86260,86261"]