Кеше Маңғыстау облысының әкімі Ералы Тоғжанов елге танымал бір топ ақындар мен зиялы қауым өкілдерін қабылдады.
Алдымен аймақ басшысы биыл жетпіске толған ақын Қалбай Әбдіраманмен кездесті.
Ақынға Әлем – қан майдан, Көгерер тасқа қандай дән?!. Айрылар қазақ бір шыңнан Айрылған күні Қалбайдан!.. – деп қатардағы көптің бірі емес, поэзия әлемінде өзіндік орны бар ақын екенін өлең шумақтарымен жеткізген Қалбай ақын 1947 жылдың 15 мамырында Қарақалпақстанның Беруни ауданында дүниеге келіп, 1965 жылы орта мектепті бітірген. Ақынның алғашқы өлеңдері мектеп қабырғасында жүргенде «Қазақ әдебиеті», «Қазақстан пионері», «Балдырған», «Совет Қарақалпақстаны», «Әмудария», т.б. газет-журналдарда жарияланған. 1965 жылы орта мектепті бітіріп ҚазМУдің журналистика факультетіне тапсырып, Алматыда Мұқағали Мақатаев, Мұзафар Әлімбаев сынды ақын-жазушыларымен танысып-біліседі. Төлеген Айбергеновпен бір пәтерде тұрады.
Бұған дейін ақынның қарақалпақ тілінде «Жүректегі жазулар» (1977), «Келешекке сапар» (1981) және қазақ тілінде «Қазақнама: Қазағыма хат» кітабы жарық көрді.
Облыс басшысы ақын Қалбай Әбдіраманға құрмет білдіріп, алғыс хатпен марапаттап, иығына шапан жапты.
Түстен кейін облыс басшысы ақын Светқали Нұржанның кешіне орай өтетін шараларды талқылау мақсатында әдебиет пен мәдениет өкілдерін қабылдап, жүздесуге жиналғандар поэзия мен жыр, руханият жайында ой бөлісті.
Алқалы жиынға ақын, драматург, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Иранбек Оразбаев, филология ғылымдарының кандидаты Еуразия универсиетінің доценті Оңайгүл Тұржан, Т.Айбергенов атындағы сыйлықтың лауреаты, Қазақстан Республикасы Жастар одағы сыйлығының және Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты Гүлнәр Салықбаева, филология ғылымдарының докторы, Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің профессоры Жанат Аймұхамбет, дәстүрлі әнші Гүлмира Сарина, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, "Дарын" мемлекеттік жастар сыйлығының иегері Айгүл Қосанова қатысты.
- Құрметті ағалар, қаламгерлер, өнер иелері, шақыруымызды қабыл алып, өңірімізге келгендеріңіз үшін алғыс білдіремін. Шындығында да, Светқали Нұржан, Әбіш Кекілбайұлы ағамыз «Айт-Ман» деп ат берген бауырымыз – жалпы қазаққа ортақ тұлға, ортақ ақын. Бұған дейін «Рухани жаңғыру» бағдарламасы шеңберінде Сабыр Адай мен Есенғали Раушановтың кештерін өткізген болатынбыз. Мынау сол - рухани бас қосулардың жалғасы. Осы шаралардың арасынан табылғандарыңызға тағы да алғысымды білдіремін. Қашанда ел мен ердің қуанышында жүздесе берейік! - деді ооблыс әкімі Ералы Тоғжанов.
Естеріңізге салып өтейік, бүгін "Достық" үйінде сағат 18:00-де «Дарын» мемлекеттік сыйлығының иегері, ҚР Президентінің стипендиаты, ақын Светқали Нұржанның «Баба түкті боз кілем» атты шығармашылық кеші өтеді.
Камшат ОҢҒАЛТАЙ
Суреттерді түсірген Серік МАЙЕМЕРОВ
[gallery td_select_gallery_slide="slide" ids="45350,45356,45355,45354"]