©
Жаңа жылдан бастап әлеуметтік мемлекеттік көмек жаңа үлгіге ауыстырылады. Бұл туралы бүгін Өңірлік коммуникациялар қызметінде Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысының орынбасары Гүлжиһан Аманжан мәлімдеді.
Аз қамтылған азаматтар мен отбасыларға, 18 жасқа дейінгі балалары бар аз қамтылған отбасылар мен азаматтарға және 18 жасқа дейінгі 4 және одан да көп балалары бар отбасыларға берілетін жәрдемақы біріктіріліп, бір әлеуметтік көмек ретінде берілетін болады.
Жаңа үлгідегі көмек отбасындағы табысты жан басына шаққандағы ең төменгі күнкөріс деңгейінің 50%-ынан төмен болатын отбасылар мен азаматтарға тиесілі.
- Елбасы бекіткен «100 нақты қадам» ұлт жоспарының 84-тармағында «Әлеуметтік көмек оған шынымен зәру, мұқтаж азаматтарға берілетін болады. Кірісі төмен бірақ еңбекке жарамды азаматтарға жұмысқа орналасу, жұмыспен қамту шараларына қатысқан жағдайда ғана мемлекеттік әлеуметтік көмек беріледі» делінген. Яғни, келесі 2018 жылдан бастап мемлекеттік әлеуметтік көмек берудің форматы, мазмұны, мақсаты өзгертіледі. Бүгінгі таңда жұмыс істемесе де азаматтар әлеуметтік көмекті алып отыр. Алдағы уақытта мұндай жағдайлар болмайды. Үкімет тарапынан әлеуметтік көмектер жүйесі қайта қаралды. Нәтижесінде 2018 жылдың 1 қаңтарынан бастап бүгінгі таңдағы қолданыстағы үш көмектің түрі біріктіріліп, бір көмек түріне ауыстырылады. Ол жаңа форматтағы атаулы әлеуметтік көмек деп аталады, - деді Гүлжиһан Аманжанқызы.
Жаңа форматтағы атаулы әлеуметтік көмектің екі түрі болмақ: шартты және шартсыз. Шартты түрі бойынша еңбекке араласу, жұмыспен қамту органдары ұсынған жұмыспен қамту шараларына қатысқан азаматтарға әлеуметтік көмек беріледі.
Ал белгілі бір себептерге байланысты жұмысқа орналаса алмайтындар, мүгедектер, 7 жасқа дейінгі бала күтімінде отырған азаматтар, қарт кісілер шартсыз түрде көмек алуды жалғастыра береді.
Жалпы алғанда жаңа форматтағы әлеуметтік көмек аз қамтылған азаматтар мен отбасылардың өмір сапасының жақсаруына ықпал ету мақсатында енгізілген.
Шартты әлеуметтік көмек көрсетудегі басты мақсат - тұрмысы төмен, табысы аз отбасылар мен азаматтардың жұмысқа орналасып, жақсы табыс табуын қамтамасыз етіп, аз қамтылған санатынан шығару.
- Шартты әлеуметтік көмек 6 айға тағайындалады. Әлеуметтік көмек алушылар белгілі мақсатта, оның ішінде, жеке ісін ашу немесе қосалқы шаруашылығын дамыту, ұйымдастыру мақсатында бір жолғы әлеуметтік көмек ретінде үш айдың сомасын бірден ала алады. Ал қалған үш айдың ақшасы ай сайын берілетін болады. Бірақ міндетті түрде ол шаруашылығын ашуы қажет, - дейді басшының орынбасары.
6 айға тағайындалған шартты көмек алу құқығына ие болған тұлғаларға әлеуметтік келісімшарт жасақталады. Еңбекке қабілетті жастағы азаматтар келісімшарттың талаптарын бұзған жағдайда оған төленетін әлеуметтік көмек 50%-ға қысқартылады және екінші рет бұзған жағдайда толық тоқтатылады.
Сондай-ақ, Гүлжиһан Аманжанқызы бала күтімінде отырған әйел азаматтардың және балалардың әлеуметтік көмегі тоқтатылмайтынын жеткізді.
Теңге БЕКМҰРЗАЕВА