©
Республикалық және халықаралық байқауларда шашасына шаң жұқтырмай жүрген ақтаулық белгілі хореограф Серік Сариев жетекшілік ететін халықтық «Жорға» би ансамбліне биыл - 20 жыл! Өнерлі ұжым мерейтойын Мемлекет басшысының «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында Абай атындағы мәдени-демалыс кешенінде атап өтті.
Әлемдік байқауларда ел намысын қорғап, үнемі жүлделі орындардан көрініп жүретін «Жорға» халықтық би ансамблі осыдан 20 жыл бұрын құрылған болатын. Алғаш өнерге қадам басқан жылдары ұжымда 13 биші еңбек етсе, қазір олардың саны 500-ден асып жығылады.
- Әрине, ұжымды алғаш құрған кезде қобалжу болды. Кейін зор құрметке бөленемін, елімнің мақтанышы боламын деген бұл күндер бізге арман болатын. Менің көзімнің жеткені-үзбей еңбектену, алға қойған мақсатқа ынталану жақсы нәтиже берері сөзсіз. Бірбеткейлігімнің арқасында, үлкен еңбек, ізденістің нәтижесінде мен осындай үлкен жетісікке қол жеткізіп отырмын. Ұжым Италияда, Болгарияда, Түркияда өткен халықаралық өнер байқауларында бірнеше елдің бишілерінен басым түсіп, бас жүлдені де қанжығалады. Сондай-ақ, би ансамблі жыл сайын болатын «Танцевальный рай», «Маңғыстау жұлдыздары», халықаралық деңгейдегі «Талисман удачи», «Шабыт», «Бозторғай» байқауларына, республикалық «Жас толқын», Волгоградта өткен «Музыкальная радуга» байқауларына қатысып, жүлделі орындардан көрініп жүр, - дейді халықтық «Жорға» би ансамблінің жетекшісі Серік Сариев.
Ұжым мерейтойының алғашқы күні «Бабалар ізімен» атты жиын ұйымдастырылды. Жиынға республикамыздың түкпір-түкпірінен келген би өнерінің майталмандары, атап айтқанда, Қазақстанның халық әртісі Гүлжан Талпақова, профессор, Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Тойған Ізім, режиссер, хореограф, Атырау облыстық «Татулық» татар-башқұрт этномәдени ұйымының жетекшісі Гүлсина Байкенова, балетмейстер, «Таншолпан» би ансамблінің жетекшісі Бибігүл Тлеубекова, Қорғаныс министрлігі орталық ансамбілінің балетмейстірі, Алматы хореографиялық училещесінің халықтық-сахна биінің оқытушысы Жаңатай Қожабеков, хореограф, түркі халықтарының өнері мен мәдениетін дамытуға ықпал жасайтын халықаралық Түріксой ұйымының өкілі Арман Нурмухаммад-улы, Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі, әнші Айжан Нұрмағанбетова, Әзірбайжан әншісі Намиг Асланов қатысты. Шара барысында «Жорға» би ансамблінің жетістіктері, жалпы қазақ би өнерінің бүгінгі даму деңгейі мен ХХІ ғасырдағы рөлі туралы кеңінен әңгімеленді.
Кешкісін қонақтар «Жорға» би ансамблінің 20 жылдық мерейтойына арналған концерттік бағдарламаны тамашалады. Бұл жолы Ақтау қаласындағы «Абай» мәдени демалыс кешенінде өткен кешке көрермен көп жиналды. Жанрға бай талантты ұжым, әдемі әуен, талғаммен қойылған би. Мұның барлығы жиналған көпшілікке ерекше әсер қалдырды. Кешке Тамара Асар, Айжан Нұрмағанбетова мен Намиг Асланов қатысып, өнерлерін көрсетті. Олар жұртшылыққа танылған керемет әндерін шырқап, мерейтой иесін 20 жылдығымен құттықтады. Мерекелік кеш Маңғыстаулық әнші Еркін Аманжолдың орындауындағы «Біз өмір сүреміз бимен» деп аталатын ансамбльдің жаңа әнұранымен аяқталды.
Мерейтойдың екінші күні Тойған Ізім мен Арман Нурмухаммад-улы Абай атындағы мәдени - демалыс кешенінің шығармашылық ұжымдарына шеберлік сабағын өткізіп, өлке өнерпаздарының білімдерін толықтырды.
- Талантты тұлға, талапты тəлімгер, «Жорғаның» жүрегі саналған Серік Сариевтің би мектебіне биыл-20 жыл! Мен сол «Жорғаның» алғашқы қарлығашымын. Би-ұлы өнер. Серік ұстаз мені сол би əлеміне жастайымнан баулыды. Маған оның қыр-сырын меңгертіп, сахнаның төрінен түсірмеді, әлемді аралатты. Талай жүлдені иелендік. Осылайша менің өмірім өнермен өрнектелді. Қазір мен ағайдың қолдауымен жеке би мектебін аштым... Ұжымды бүгінгі мерейтойымен құттықтаймын. Сүйікті ұжымыма шығармашылық шабыт, мол табыс тілеймін, - деп ізгі тілегін арнады Жұлдыз Тадженова.
Айта кету керек, «Жорғадан» қанат қаққан бишілер бүгінде еліміздің бас қалалары Алматы, Астана қалаларынан бөлек, әлемнің әр түкпірінде еңбек етіп, қазақ биін насихаттап жүр.
Венера МИРЛАН,
Суреттерді түсірген Талант ҚҰСАЙЫН
[gallery td_select_gallery_slide="slide" ids="42717,42722,42721,42719,42718,42723,42720"]