©
Сайын ауылында вагонда тұрып жатқан қариялар жайлы өткен айда сайтымызда жазғанбыз. Ондағы ниетіміз – қарттардың өмірін аянышты етіп көрсету емес немесе олардың бұл жағдайы үшін біреуді кінәлау емес. Тек хабардар болған жомарт жандар ықпалымен қыс түспей баспанасына кіріп алса дегенбіз.
Араға ай салып, үлкен үмітпен Сайын ауылындағы қариялардың вагонына бас сұқтық. Айтарлықтай өзгеріс жоқ екен. Құрылысы аяқталмаған үй, қарашаның суығында әлі вагонды бас сауға еткен ата мен әже...
Аядай үйдің жыртығын жамауға қажетті біршама материалды үй маңынан байқадық. Қибат апаның айтуынша да қажетті заттардың біразы бар. Тек жұмыс күшінің болмауы қол байлап отыр дегенді айтты.
- Ең болмаса есігін салып алсақ, төсеніш төсеп отырар едім. Бірақ пеш салуға қалдырған орын ашық тұр. Оны бітемесе, жел саулайды. Кірпіш тас, есіктер, бәрі бар. Тек жасайтын адам болмай отыр. Имам (Сайын ауылдық мешітінің имамы) құрылыс жасайтын адамдарды әкелген. Бірақ олардың сұраған қаржысын беретін шама болмады, - дейді Қибат апа.
Желі арқылы хабардар болған азаматтар азық-түлік, тұрмыстық заттар әкеліп, шамаларынша көмек қолын созған. Сондай жандардың бірі – Баянды аулының тұрғыны үйдің құрылысына да көмектесті дейді.
- Мен де құр алақан отырғаным жоқ. Үйдің айналасына келген адамдарға құлаққағыс етіп, өтініш жасап жүремін. Бір бала келіп үйдің сыртының пенопластын қағып берді. Төбені де жасап беремін деген, бірақ оған қажетті материалдар болмады, - дейді Қибат апа.
Қарттарды түн жарымына дейін қосылып тұратын газ балоны суықтан қорғап отыр.
- Өткенде атаң қатты ауырып қалды. Оны Сайын ауылдық мешітінің наиб имамы Талғат деген бала облыстық ауруханаға апарып қаратты. Бір аптадай күнделікті қабылдайтын еміне көлік жалдап апарып отырды. Сау болсын! – деді алғысын жаудырып.
«Содан ол он шақты баланы алып келіп, еденіне битум құйдырып берді. Оның алдында құдықты аяқтап берген. Терезені, жарықты қондырды. Қолдан келген көмегін жасады»
Бұл уақытқа дейін көрсетілген азды-көпті көмекке Сайын ауылдық мешіті ұжымының үлесі мол болған. Дегенмен имамның сөзінен қанша жерден қолдауға ниетті болғанымен, мешітке жиылған қаражаттың күші толықтай жетпейтінін байқадық.
Қолда бар материалдармен жыртығын жамауға зейнеттегі қарттар қауқарсыз. Мұнда «көңілі қалағанда» (атаның айтуынша) бас сұғатын баласының да қолынан келетіні – тас қалау екен. Басқаларға икемі жоқ дейді.
Баспана бас қайғы болып отырғанда Қибат апа тағы бір үлкен мәселенің шетін шығарды. Өткен жолы қарттардың несие төлеп отырғанын да тілге тиек еткенбіз. Біз кетуге жиналғанда: - Мен өзім екі несие төлеп отырмын. Атаңның атында да бар. Оған көбірек төлейміз. Осыдан бір жыл бұрын 450 мың теңге алғанбыз, сөйтсек оны миллион жарым етіп қайтарады екенбіз. Басқа банкке бару дегенді де білмеппіз, ақшалы болсақ болды деп ала беріппіз ғой, - деді...
P.S. Қарияларға көмектесем деушілер редакциямызға немесе Қибат апаға (8777 015 3803, 8775 881 5595) хабарласуына болады.
Теңге БЕКМҰРЗАЕВА
Суреттерді түсірген Талант ҚҰСАЙЫН
[gallery td_select_gallery_slide="slide" ids="42744,38469,38463,38471"]