Мемлекет басшысының «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік коорпарациясы» коммерциялық емес акционерлік қоғамының Маңғыстау облысы бойынша филиалы «Жер кадастры және жылжымайтын мүлікті техникалық тексеру» департаменті қызметкерлері каратэ-додан кадеттер мен жасөспірімдер арасында Әлем чемпионы Еркінбек Байтөреев пен бапкері Ержан Қожаевпен кездесті. «Толқын» спорт мектебінің шәкірті Еркінбек Байтөреев биыл қазан айында Испанияда өткен Әлем емпионатында аймақ намысын абыроймен қорғап, алтын медальді қанжығалаған болатын.
Кездесуде Әлем чемпионы спорттағы жетістіктерінің құпиясымен бөлісіп, департамент қызметкерлерін спортпен айналысып, салауатты өмір салтын ұстануға шақырды.
- Өзім 9 жасымнан бері каратэмен айналысамын. Үлкен жарыстарға 2011 жылдан бастап қатыстым. Қатысқан жарыстарымның басым көпшілігінен олжалы оралып жүрмін. Биыл Испанияда өткен Әлем чемпионатында қарсыластарымның барлығы мықты болды. Алайда, мықты дайындықтың, қажырлы еңбектің арқасында алтыннан алқа тағып, Әлем чемпионы атандым. Жарысқа дайындаған бапкерлеріме, сенім артқан ата-анама алғыс айтамын. Адам алдына үлкен мақсат қоя білсе, қай салада да биік белестерді бағындыра алады. Сіздер де жұмыстан тыс уақытта спортпен шұғылданып, денсаулықтарыңызға көңіл бөлсеңіздер, елімізде салауатты өмір салтын ұстанатын жандардың қатарын көбейтесіздер. Рухы мықты, жігерлі, салауатты ұлт ғана дамыған елдердің қатарынан көріне алады деп есептеймін, - деді Еркінбек Байтөреев.
Департамент директоры Мұса Хайруллиевтың айтуынша, мұндай шаралар мекеме қызметкерлерін патриоттық рухта тәрбиелеп, үлкен мақсаттарға жетуіне жігерлендіреді. Сондықтан да мекемеде әр салада жетістікке жеткен тұлғалармен кездесулер ұдайы ұйымдастырылып тұрады.
Венера МИРЛАН